Жаңалықтар

2 желтоқсан 2010
2010 жылғы 2 желтоқсанда Астанада жоғары деңгейдегі ЕҚЫҰ-ның Саммиті жұмысын аяқтады.
01

Саммит жұмысына 56 елдің мемлекет, үкімет және сыртқы саяси ведомстволарының басшылары қатысты. Кездесуге қатысушылар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына, Саммитті ұйымдастыру деңгейіне және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемде тұрақтылық пен мәдениаралық диалогты нығайтудағы рөліне жоғары баға берді.

Италияның Премьер-Министрі Сильвио Берлускони:

- Біз осынау әдемі қала Астанадан, төзімділік пен бейбітшілік қаласынан біздің барлық халқымызды бірігуге және ынтымақтастыққа шақыру үшін өзгеше түрде жолдау жасауымыз керек. Маған саммитке қатысушылардың атынан Президент Назарбаевқа біздің кездесуімізді әзірлегені және өте  жоғары деңгейде өткізгені үшін алғыс айтуыма рұқсат етіңіздер. Және басқаша болуы мүмкін емес. Өйткені Қазақстан және Астана символдық көзқарас тұрғысынан алғанда өте маңызды. Сол себепті де біздің ұйым атқаратын жұмыстың рухына толық жауап береді. Біз бүгін осында ерекше қонақжайжайлықты көріп, Астана деп аталатын қаланың ғажайыптарына таңқалудамыз. Дала төсінде он жылға жуық уақытта осындай астана бой көтерген. Мен жоқ жерден қала салудың қаншалықты қиын екенін жақсы білемін. Астана – бұл батыл әрі дана идеяның арқасында салынған қала. Қымбатты Президент мырза, Сіздің идеяыңыз тәуекелге толы болды, алайда Сіз батылдық танытып, орасан табысқа қол жеткіздіңіз. ЕҚЫҰ-ға мүше елдер біздің ұйымның даму үдерісінде прогреске жетуі үшін осы рухпен – Астана мен Қазақстанның рухымен тыныстауы қажет. Бұл республикада 130-дан астам ұлт өкілдері мен түрлі діни конфессиялар тұрады. Олар осында бейбітшілік және келісім аясында өмір сүруде. Бұл, шын мәнінде, ЕҚЫҰ үшін маңызды болып табылатын төзімділік пен өзара сыйластықтың үлгісі. Біз сондай-ақ Назарбаев мырза көрсетіп берген үлгіні пайдалануға тиіспіз. Ол әлемдегі төртінші ядролық қарудан өз еркімен бас тартты және осылайша ядролық қарусызданудың бастамашысына айналды. Бүгінде Қазақстан халықаралық аренада басты ойыншының біріне айналып келеді. Бұл еңбекпен жеткен бедел. Бұл мәртебеге Қазақстан іргелі істерінің нәтижесінде қол жеткізді. Бүгінде Астана өз халқының шынайы сүйіспеншілігіне бөленген саяси көшбасшының даналығының жемісі ретінде мойындалып отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы, бұл зор жетістік.

Словения Президенті Данило Тюрк:

- Мен ЕҚЫҰ-дағы Қазақстанның және жеке дара Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше рөлін атап өткім келеді. Бұл ел барлығына төрағалық тек өана басымдықтар есебі еместігін, сондай-ақ ұйымның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету екендігін көрсетіп берді. Осының арқасында ЕҚЫҰ-ның күн тәртібін кеңейтудің мүмкіндігі туды. Біз осы ұйымдағы Қазақстанда алғашқы күннен бастап қолдап келдік.

Албания Президеті Бамир Топи:

- Президент мырза, Сіз ұйымдастырған Саммит ерекше мәнге ие. Мен ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Қазақстанның табыстарын, консенсусты қамтамасыз ету ісіндегі орасан жұмысы мен сіздердің республиканың кемеліне келген дипломатиясын атап өткім келеді. Әңгіме сенімнің қайта жандануы жайлы, ұйымның жаңаруы туралы болып отыр.

Армения Президенті Серж Саргсян:

- Бұл өте сирек оқиға. Өйткені, бұл XXI ғасырдағы ЕҚЫҰ-ның алғашқы саммиті және посткеңестік кеңістік аумағындағы жоғары деңгейдегі алғашқы кездесу. Мен Қазақстанды және Нұрсұлтан Назарбаевтың өзін белсенді төрағалығымен және саммитті тамаша ұйымдастыруымен құттықтағым келеді.

Люксембург вице-премьері Жан Ассельборн:

- Биыл жыл бойына Қазақстан біздің бәріміздің күткенімізден де асып түсіп, лайықты және үлгі боларлық жұмыстарды жүргізді.

Түркия Президенті Абдулла Гүл:

- Мен Президент Назарбаевтың рөлін және ЕҚЫҰ-ның төрағасы қызметіндегі оның бастамаларын атап өткім келеді. Саммит бетбұрыс кезеңі болуы қажет. Қазақ төрағалығы – бұл Орталық Азияның біздің ұйымның болашағын айқындауда анағұрлым белсенді рөл атқаруға дайындығының тағы бір мысалы. Мен Нұрсұлтан Назарбаевқа оның көшбасшылығы үшін алғыс айтқым келеді.

Хорватия Президенті Иво Йосипович:

- Мені арамыздағы едәуір қашықтықтарға қарамастан, Хорватиямен достық және серіктестік қарым-қатынастағы Қазақстанда өтіп жатқан бұл кездесу өте қуантады. Мен бұл саммит тарихи оқиға болып табылатынына сенемін. Сондықтан мен Президент Назарбаевтың қосқан үлесін, оның көзқарасын, табандылығын және дипломатиялық талантын ерекше атап өткім келеді.

***

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында ЕҚЫҰ-ның VII Саммиті жұмысын аяқтады.

Саммит жұмысына ЕҚЫҰ-ға мүше және серіктес елдерден, сондай-ақ ірі халықаралық және аймақтық ұйымдар – БҰҰ, ЕО, ТМД, ЕурАзЭС, ШЫҰ, ҰҚШҰ және т.б. 73 ресми делегация қатысты.

Бұл беделді Ұйымның Орталық Азиядағы алғашқы Саммиті, аймақтағы маңызды мәселелерді, соның ішінде лаңкестік пен адам саудасы тәрізді трансұлттық қауіп-қатерлерді, сондай-ақ Қырғызстандағы таяудағы оқиғалар мен Ауғанстандағы ахуалды талқылауға мүмкіндік туғызды.

Астана Саммитіне қатысушылар өз сөздерінде адам құқығы мен бостандығын құрметтеу еуро-атлантикалық және еуразиялық аймақтағы орнықты қауіпсіздік тұжырымдамасының негізін құрауы қажеттігін атап өтті.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің қорытынды сөзінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше-елдер ЕҚЫҰ-ны Еуразияның орасан кеңістігіндегі қауіпсіздік қоғамдастығы ретінде дамыту ниетінде екеніне тоқталды.

- Мемлекеттер арасындағы сенім мен өзара түсіністік оның іргетасы болып табылады. Біз ортақ мақсатымыз – қауіпсіздік, бейбітшілік пен гүлденуге қарай қарқынды қадам бастық. Бүгінде ЕҚЫҰ-да географиялық болсын, саяси аспектіде болсын ішкі топтасу нығайтылуда. Болашақты елестетудің ең дұрыс тәсілі – бұл оны бүгіннен қолға алғанымыз. Біз трансұлттық қауіп-қатерден сенімді қорғана отырып, болашақ ұрпаққа баға жеткізгісіз мұраны - қауіпсіз және гүлденген қоғамдастықты қалдыратынымызға сенемін, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Астанада Ұйым тарихы күрделі кезеңге тап келгенін атап өтті. «Хельсинки рухы» жаңа тарихи жағдайда қайта жанданды.

Қазақстан Президенті еуразиялық вектор ЕҚЫҰ-ның дамуына жаңаша серпін беретінін, әлемдік құрылыстың негізгі мәселесін түсінуде Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жақындата түсетініне сенім білдірді.

- Мен бұдан «Астана рухының» квинтэссенциясын көремін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент ЕҚЫҰ-ның төрағалығын Қазақстанға өткізіп берген Грек Республикасына атқарған жұмысы үшін, ал Ұйымның келесі төрағасы – Литва Республикасына табысты да жемісті жұмыс тіледі.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Саммитке қатысушылардың барлығына алғыс айтып, барлық елге келе жатқан Жаңа жылда гүлдену мен амандық-саулық тіледі.

***

«Шабыт» өнер университетінің ғимаратында ЕҚЫҰ-ның VII Астана Саммитінің қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз конференциясы болып өтті.

Қазақстан Президенті баспасөз конференциясын аша отырып, екі күнге созылған Саммит өте әсерлі де мазмұнды өткеніне тоқталды. Ұйымға мүше-елдердің басшылары ЕҚЫҰ-ның құндылықтарын ұстанатындықтарын тағы да айқындап берді.

Президент Астана Саммиті тарихи оқиға екенін атап өтіп, тек Ұйымның өзі үшін ғана емес, сол сияқты «мұхиттан мұхитқа дейінгі» орасан геосаяси кеңістік үшін – барлық Еуразиялық құрлық үшін кезеңдік оқиғаға айналғанына сенім білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев келешекте Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жақындата түстетін, Ұйымды дамытуда «еуразиялық векторды» қалыптастыруда ЕҚЫҰ-ның қазақстандық төрағалығының еңбегі мол деп есептейтінін атап көрсетті. Мемлекет басшысы ЕҚЫҰ-ға мүше елдер болашақ ұрпақ үшін қауіпсіздік пен гүлденудің жаңа кеңістігін құрайтынына сенім білдірді.

Одан кейін Елбасы БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

«Рейтер» агенттігінің Қазақстанның Ауғанстанға экономикалық көмек көрсеткені туралы сауалына жауап бере отырып, Нұрсұлтан Назарбаев тек әскери операциялар арқылы бұл проблеманы шешудің мүмкін еместігін айтты. Ауғандық есірткі тарату Еуразиялық құрлықтың, соның ішінде Еуропа елдерінің қауіпсіздігіне қатер төндіріп отыр. Сондықтан әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін экономиканы, бәрінен бұрын бейбіт өмірді қалпына келтіруге бағыттау қажет.

Өткен жылы Қазақстан Ауғанстанға мектеп, аурухана және жолдар салу үшін 4 миллион доллар көлемінде қаражат бөлді. Сондай-ақ біздің еліміз Ауғанстанға гуманитарлық көмек ретінде астық және өзге де азық-түлік өнімдерін жіберді. Қазақстан сонымен қатар ауғандық бір мың студентті агроном, дәрігер, мұғалім, инженер-құрылысшы және басқа да мамандықтарға оқыту үшін 50 миллион доллар бөлді. Бұл Қазақстанның Ауғанстанды қалпына келтіруге қосқан нақты үлесі.

Ресейлік БАҚ өкілдері Қазақстанның көршілес Қырғызстанға келешекте көрсететін көмегіне қатысты сауал қойды.

Президент Қырғызстандағы дағдарыс кімге болсын едәуір сынақ болғанына тоқталды. Сонымен қатар, бұл бүгінде ЕҚЫҰ-да кездесетін, қауіпсіздікке төнетін көптеген қауіп-қатердің көрсеткішіне айналған.

- Президенттер Д.Медведев және Б.Обамамен бәріміздің уақтылы және үйлестірілген іс-қимылдарымыздың, БҰҰ, ЕО және өзге де халықаралық ұйымдар тарапынан болған тиімді қолдаудың арқасында бұл елдің азамат соғысына кіріп кетуінің алдын алудың сәті түсті, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Қырғызстанға экономикалық және гуманитарлық көмек көрсету, сонымен қатар құқық тәртібі мен ұлтаралық кикілжіңдердің алдын алу мәселелері едәуір басымдық болып табылатынын атап өтті. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығын аяқтағанмен, Қырғызстандағы ахуалды назардан тыс қалдыруға жол бермейді. Келесі жылдың басында Алматы қаласында Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке бастамасы бойынша арнайы халықаралық донорлық конференция өткізу жоспарлануда.

Баспасөз конференциясы барысында Президент БАҚ өкілдерінің халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелерге қатысты көптеген сауалдарына жауап берді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар