Жаңалықтар

15 желтоқсан 2014
Мемлекеттік наградалар мен әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлықтарды тапсыру рәсімі өтті

Салтанатты шараны ашқан Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік жылдары Қазақстан өз азаматтарының еңбегі арқасында мемлекет құру, экономиканы нығайту, әлеуметтік даму, елдегі достық пен тұрақтылықты сақтау ісінде зор табысқа жеткенін атап өтті.

 

Салтанатты шараны ашқан Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік жылдары Қазақстан өз азаматтарының еңбегі арқасында мемлекет құру, экономиканы нығайту, әлеуметтік даму, елдегі достық пен тұрақтылықты сақтау ісінде зор табысқа жеткенін атап өтті.  

– Жыл өткен сайын жетістіктеріміз еселеп артып келеді. Бұл да экономика, саясат және мәдениеттің барлық саласындағы еңбектің нәтижесі. Бүгін біз құрмет көрсетіп отырған жандардың бәрі кәсіпқойлығы арқасында өз ұжымдарында үлкен сый-құрметке және даусыз беделге ие болды. Мемлекеттік марапаттар олардың өлшеусіз үлестерін көрсетеді, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев өз еңбегімен, табыстарымен көзге түскен азаматтарды мемлекеттің лайықты бағалап отырғанына тоқталды.

– «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы өз өнері арқылы елімізді дүние жүзіне танытып келе жатқан Айман Мұсақожаеваға берілді. Ол өнерді шебер меңгеріп қана қоймай, қайраткерлігімен де көзге түсті. Бүгінде өзі басқаратын Ұлттық өнер университетін еліміздің маңдай алды музыкалық оқу орнына айналдырды. Ол жаңа елордада консерватория ашу ісіне алғашқылардың бірі болып  үн қатты. «Әлем әртісі» атағына ие бола отырып, ол барлық халықаралық конкурстарға белсене қатысып келеді. Болашақта оны әсіресе өскелең ұрпақ тәрбиелеуге байланысты көп жұмыс күтіп тұр, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті «Отан» орденімен марапатталған Г.Прокоптың қырық жылдан астам уақыт аграрлық салада еңбек еткенін, оның отыз жылға жуығын бір ғана кәсіпорынға арнағанын айтты.

– Үздік өндірістік көрсеткіштерімен қатар, ол басқаратын шаруашылық ауыл халқына әлеуметтік қолдау көрсету жағынан да үлгі етуге лайық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы II дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған Сейітхан Жошыбаев құрған кардиохирургия орталығы талай адамның өмірін сақтап қалғанын атап өтті.

Өнердегі ерен еңбегі үшін А.Әшімов I дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды

– Асанәлі Әшімовтей тұлғаларды жас буынға ұлт зиялысы ретінде үлгі етуіміз керек, – деді  Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті «Құрмет» орденіне ие болған Ш.Умаров бірден төрт тілде білім беру ісіне негіз салған гимназияны отыз жылдан астам уақыттан бері басқарып келе жатқанын еске салды.

Мемлекет басшысы наградалармен тек өз қызметтік міндеттерін адал атқарғандар ғана емес, күш-жігері мен денсаулығын аямастан одан да үлкен іс тындырған жандар марапатталып отырғанын айтты.

– Өрт сөндіру бөлімшесінің командирі Рүстем Мусин отқа оранған үйден екі бірдей бүлдіршінді көтеріп алып шықты және тағы бір адамды құтқарып қалды. Оның жанқияр ісі «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік наградалармен түрлі қызмет саласының өкілдері марапатталғанын айтты. 

– Бүгін жоғары наградалар ғалымдарға, мемлекет қайраткерлеріне, бизнес, қоғамдық ұйымдар өкілдеріне, мәдениет пен өнер, білім беру және денсаулық сақтау саласы қайраткерлеріне, өндірісшілерге, әскерилерге, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне беріледі. Олардың әрқайсысының Қазақстанның игілігі жолындағы адал жұмыс тәжірибесі, шын мәнінде мақтан етуге тұратын еңбегі бар, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті бүгінде мемлекет отандық мәдениет мен өнерге жан-жақты қолдау көрсетіп отырғанына тоқталды.

– Бұл саланың рөлі аса маңызды. Экономикада қиындық болған жылдары біз өнер мән мәдениетімізге іс жүзінде ешқандай көмек көрсете алған жоқпыз. Қазір жағдай өзгерді. Тұрмыс жақсарды, тиісінше халықтың рухани сұранысы да артты. Нағыз тұлғаны нақ осы әдебиет пен өнер тәрбиелейді. Көркем шығарма қазіргі қоғамда өмір сүретін жаңа адамды қалыптастырады, –деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Мемлекеттік сыйлық Тәуелсіздігіміздің негізіне айналған ұлттық қозғалысқа арналған «Тар кезең» тарихи романы үшін жазушы Қ.Мұханбетқалиұлына берілгенін айтты.

– Бұл сыйлық «Кешіріңдер келгенімді өмірге» өлеңдер жинағы үшін ақын Г.Салықбаеваға, «Реквием» вокалды-симфониялық шығармасы үшін композитор Балнұр Қыдырбекке беріледі. Мемлекеттік сыйлыққа  «Песня – душа моя» жеке концерті үшін әнші Пантелей Кесоглу лайық деп танылды. Сондай-ақ авторлар ұжымы – Асқар Мырзахметов, Бақытжан Әшірбаев, Насир Рустамов, Әмірхан Шүменов, Нұрлыжан Бөкебаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Шымкенттегі тарихи-монументалдық саябақ кешені үшін осы сыйлықпен атап өтілді, – деді Қазақстан Президенті. 

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев барлық марапат иелерін құттықтай отырып, сыйлықтар мен наградалар атқарған қызметке, қазіргі нәтижелерге және болашақ жоспарларға деген мемлекеттің алғысының көрінісі болып саналатынын атап айтты.

 

***

«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры А.Қ.Мұсақожаеваға берілді.

«Отан» орденімен «Қазақстан Халық Банкі» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы А.С.Павлов, Қарағанды облысының «Шахтерское» ЖШС директоры Г.Г.Прокоп, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қ.К.Тоқаев;

І дәрежелі «Барыс» орденімен «Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы» ЗТБ төрағасы Т.А.Құлыбаев;

ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен – Маңғыстау облысының әкімі А.С.Айдарбаев, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы А.А.Бисембаев, «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы» ЖШС директоры С.Жошыбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қ.С.Сұлтанов;        

ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Экономика институтының бас ғылыми қызметкері А.Қошанов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғ.Мұтанов;  

«Парасат» орденімен «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек, Алматы облысының әкімі А.Баталов, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, композитор К.Дүйсекеев, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Б.Көмеков;

І дәрежелі «Достық» орденімен М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі А.Әшімов;

ІІ дәрежелі «Достық» орденімен Қазақстан теннис федерациясының президенті Б.Өтемұратов марапатталды.

Бір топ азаматтардың еңбегі «Құрмет» орденімен атап өтілді, олардың қатарында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Солтүстік Қазақстан облысындағы «Жаңа Есіл жол дистанциясы» филиалының жол шебері К.Ахметов, Ақмола облысы «Хлебороб» ЖШС бригадирі С.Әбдікарімов, Ақтөбе облысының әкімі А.Б.Мұхамбетов, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыка және драма театрының актері Р.Омарханова, А.Розыбақиев атындағы № 153 мектеп-гимназиясының директоры  Ш.Омаров, ҚР Жоғарғы сотының судьясы  К.Шаухаров бар.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен ақын, «Простор» журналының бас редакторы В.Михайлов;

І дәрежелі «Даңқ» орденімен Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Қ.Қасымов, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-кимыл агенттігінің төрағасы Қ.Қожамжаров;

II дәрежелі «Даңқ» орденімен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрайымы С.Айтпаева, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы М.Бектанов марапатталды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Тұңғыш Президент – Елбасының қауіпсіздігі қызметінің бастығы А.Әшімбекұлы, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі аралас авиациялық эскадрильясының командирі В.Лобачев ІІ дәрежелі «Айбын» орденін кеудесіне тақты.

«Ерлігі үшін» медаліне Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті № 1 өрт бөлімі бөлімшесінің командирі Р.Мусин;

«Жауынгерлік ерлігі үшін» медаліне Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі 97617 әскери бөлімі байланыс торабының сержант-нұсқаушысы Р.Суханов ие болды.

Әдебиет пен өнер саласындағы 2014 жылғы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы жазушы Қ.Мұханбетқалиұлына «Тар кезең» тарихи романы үшін; ақын Г. Салықбаеваға «Кешіріңдер келгенімді өмірге» өлеңдер жинағы үшін;  әнші П.Кесоглуге «Песня – душа моя» жеке концерті үшін; композитор Б.Қыдырбекке «Реквием» вокалды-симфониялық шығармасы үшін, авторлар ұжымы – Асқар Исабекұлы Мырзахметовке, Бақытжан Құдайбергенұлы Әшірбаевқа, Насир Ачилович Рустамовқа, Әмірхан Бекжанұлы Шүменовке, Нұрлыжан Маратбекұлы Бөкебаевқа Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған тарихи-монументалдық саябақ кешені үшін берілді.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар