Жаңалықтар

2 қыркүйек 2013
Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Индонезия Республикасының Президенті Сусило Юдойономен кездесу өткізді

Мемлекет басшылары ынтымақтастықтың барлық саласы бойынша екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың негізгі аспектілерін қарастырды, сондай-ақ оның құқықтық-шарттық базасын кеңейту мәселесін талқылады.

Мемлекет басшылары ынтымақтастықтың барлық саласы бойынша екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың негізгі аспектілерін қарастырды, сондай-ақ оның құқықтық-шарттық базасын кеңейту мәселесін талқылады.

Келіссөздер барысында Нұрсұлтан Назарбаев С.Юдойонаға ыстық ықылас білдіріп, Индонезия халқын елдің өткен Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Қазақстан Президенті республикамыздың Азиядағы ірі елдердің бірі болып табылатын Индонезиямен қарым-қатынасының одан әрі дамуына мүдделі екенін атап өтті.

– Индонезия Президентінің сапары маңызды оқиға болып саналады. Біз оның елдеріміз арасындағы одан арғы өзара іс-қимылға қуатты серпін беретініне сенімдіміз. Екіжақты  да, көпжақты да негіздегі жан-жақты ынтымақтастықты жандандыру маңызды. Индонезия – Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі мемлекет. Біздің еліміз де өңірлік қауіпсіздікті нығайтуда елеулі рөл атқарады. Сауда-экономикалық, көліктік өзара іс-қимылды дамыту, мәдени-гуманитарлық алмасулар үшін біздерде ешқандай кедергі жоқ. Бұл үшін барлық жағдай жасалған, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы бұл сапардың екіжақты қарым-қатынастар орнағанына 20 жыл толған жылы өтіп отырғанына және Астанада Индонезия, Джакартада Қазақстан елшіліктерінің ашылуы ынтымақтастықты жандандырудағы маңызды сәт болып саналатынына назар аударды.

Индонезия Президенті екіжақты қарым-қатынастардың сапалы жаңа деңгейде дами беретініне сенім білдірді.

– Менің Қазақстанға сапарым ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға бағытталған. Біздің елдеріміздің экономикасы қарқынды дамуда. Бұл екіжақты серіктестікті тереңдету үшін жақсы негіз болып табылады. Біз инвестициялар, қауіпсіздік, энергетика, білім мен мәдениет салаларындағы өзара іс-қимыл мәселесін одан ары талқылауға дайынбыз, – деді С.Юдойоно. 

Нұрсұлтан Назарбаев пен Сусило Юдойоно Қазақстан Президентінің 2012 жылы Индонезияға мемлекеттік сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысын да талқылады.

Экономикалық өзара іс-қимылдың электр энергетика, тау-кен өнеркәсібі, мұнай-газ секторы, телекоммуникациялар, машина жасау, туризм және өзге де салаларындағы перспективалы бағыттар бөлек атап өтілді.

Бұған қоса, мемлекет көшбасшылары екі елдің халықаралық құрылымдар қызметіне қатысуының өзекті мәселелерін қозғап, халықаралық күн тәртібі жөнінде пікір алмасты. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кездесулер мен қабылдаулар
Барлық кездесулер мен қабылдаулар