Жаңалықтар

20 наурыз 2015
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті

 

Мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық, транзиттік-көліктік ынтымақтастықтың басымдығы бар салаларын қарастырды.

Қазақстан мен Ресей Президенттері, сондай-ақ, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев өзара іс-қимылдың қазіргі аухалы мен екіжақты қарым-қатынастардың одан әрі даму жайын талқылау үшін бұл кездесудің маңыздылығын атап өтті.

– Алда алуан түрлі оқиғалар тұр, соның ең бастысы – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы. Сонымен қатар, біздің еліміз ТМД-ға төрағалық етеді, соған байланысты Астанада Достастық мемлекеттері басшыларының кездесуі өтетін болады. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығы форумын өткізу жоспарланған. Жалпы, екіжақты іс-қимылдың көптеген мәселелері тиісінше шешілуде, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті үш мемлекет басшысының кездесуі өңірде және әлемде болып жатқан оқиғалар жөнінде пікір алмасуға, сондай-ақ жаһандық экономикадағы дағдарыс көріністеріне қарсы тұру шараларын пысықтауға мүмкіндік беретінін айтты.

Владимир Путин үшжақты кездесу өткізу туралы бастамасы үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.

– Біз үшін жақын серіктес және одақтастың бірі болып саналатын Қазақстанға әрдайым зор ықыласпен келемін. Әлемдік экономикадағы ахуал оңай болып тұрған жоқ. Қазақстанда және бүкіл посткеңестік кеңістікте, соның ішінде Сіздің тікелей қатысуыңызбен құрылып жатқан экономика мен әлеуметтік сала жұмысының негіздері қиындықтарды еңсеруге септігін тигізеді деп сенемін. Әрине, біз мұны бұдан бұрынғы жылдардағыдай  бірлесіп атқарсақ, бүгінгі қалыптасқан қиын жағдайдан оңай шыға аламыз, – деді Ресей Президенті.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кездесулер мен қабылдаулар
Барлық кездесулер мен қабылдаулар