Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

21 ақпан 2020
Мемлекет басшысы бірқатар кездесу өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық «EcoJer» өңірлік экологиялық бастамалар қауымдастығы кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанованы, Kaspi.kz компаниясының негізін қалаушылар Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзені қабылдады.

Ләззат Рамазанова Мемлекет басшысына «EcoJer» қауымдастығының жұмысы, өнеркәсіп орындарының ауа сапасын ластауын төмендетуге бағытталған технологияларды әзірлеу және енгізу жайында айтты.

Кездесу барысында жаңа Экологиялық кодекс жобасының негізгі ережелері талқыланды. Оны дайындауға қоғамдық бірлестіктер белсене атсалысты.

Мемлекет басшысы экологиялық заңнаманы алдыңғы қатарлы халықаралық стандарттарға сәйкестендіру қажеттігіне тоқталды.

Kaspi.kz Директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким мен Басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе Президентке цифрлық қызмет көрсету сервисінің және тиісті экожүйенің даму стратегиясы, сондай-ақ, Қазақстандағы электронды коммерцияның өсу перспективалары туралы баяндады. Әсіресе компанияның шағын және орта бизнеске қолдау көрсету жөніндегі жоспарына ерекше мән берілді.

Мемлекет басшысына Kaspi.kz компаниясының акцияларын алдағы уақытта Лондон қор биржасы мен Астана халықаралық қаржы орталығының алаңдарына ашық түрде орналастыруға дайындық жайы айтылды. 

Президент қазақстандық компанияның одан әрі дамуына техникалық инновациялардың оң тәжірибелерін енгізудің маңызды екенін атап өтті.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кездесулер мен қабылдаулар
Барлық кездесулер мен қабылдаулар