Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

29 тамыз 2013
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясының, жаңа Қылмыстық-іс жүргізу кодексі мен Қылмыстық-атқару кодексі жаңа редакциясының жобаларын қарауға арналған кеңес өткізді

Өз сөзінде Қазақстан Президенті соңғы үш жылда еліміздің құқық қорғау органдары жүйесіне елеулі реформа жүргізілгенін атап өтті.

Өз сөзінде Қазақстан Президенті соңғы үш жылда еліміздің құқық қорғау органдары жүйесіне елеулі реформа жүргізілгенін атап өтті.

– Қазақстан халқына былтырғы Жолдауымда құқық қорғау жүйесіне реформа жүргізу, сондай-ақ Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясының, жаңа Қылмыстық-іс жүргізу кодексі мен Қылмыстық-атқару кодексінің жаңа редакциясының жобаларын әзірлеу туралы тапсырма берген едім. Жыл бойы тиісті жұмыс жүргізілді. Енді біз әзірленген жобаларды қарап шығып, оларды Парламентке енгізу жөнінде тапсырма беруіміз қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кеңес барысында Қылмыстық және Қылмыстық-іс жүргізу кодекстерінің жобалары бойынша жасаған баяндамасында Бас прокурор Асхат Дауылбаев жобаларда қылмыстың барлық жаңа түріне қарсы тиімді күрес жүргізу үшін негіз қаланғанын, балалар мен жеткіншектердің құқықтары мен бостандықтарына кез келген озбырлық көрсетушіліктің қатаң жазаланатынын атап өтті.

Бас прокурор адам өліміне байланысты емес орташа және орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін негізгі жаза ретінде көлемі ұлғайтылған айыппұл белгіленгенін атап өтті.

–Қылмыстық кодекс жобасында түзету жұмыстарын атқару тәртібі мен мазмұны  өзгеріп, айыппұлға жақын балама ретінде белгіленді және бюджетке төленуі тиіс нақты сома көлемінде есептелді, – деді А.Дауылбаев.

Бұған қоса, Бас прокурор Қылмыстық кодекстің жобасы 467 баптан – 98-і Жалпы және 369-ы Ерекше бөлімнен тұратынын, сонымен бірге «ілеспелі» заңжоба ретінде 12 кодекс пен 47 заңға түзетулер енгізуді қарастыратынын мәлім етті.

Өз кезегінде ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Қылмыстық-атқару кодексі жобасының негізгі ережелері мен жаңа енгізілімі туралы хабардар етті.

Қ.Қасымов кодекс жобаларында, ең алдымен, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындау механизмі жетілдірілетініне тоқталды.

Ішкі істер министрі Қылмыстық кодексте қылмыстық әрекеттер құрамдары алғаш рет енгізілгендіктен, Қылмыстық-атқару кодексінің жобасында тұтқындау, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларды ел аумағынан шығару тәрізді жазаларды орындау тәртібі регламенттелетінін де мәлімдеді.

Сонымен қатар, Қ.Қасымов халықаралық тәжірибеге сәйкес, алғаш рет Кодекс жобасында бұған дейін Түзету мекемелерінің ішкі тәртібі қағидаты түріндегі ведомстволық нормативтік актілерде белгіленген сотталғандардың құқығы мен міндеті көрсетілгенін атап өтті.  

Кеңес барысында сөз сөйлегендер жобаны әзірлеушілердің әлемнің дамыған елдерінің озық тәжірибелерін зерделегенін және назарға алғанын, бұл құжаттың сапалы дайындалғандығы туралы айтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. 

Нұрсұлтан Назарбаев қарастырылып отырған кодекстер Негізгі заң ережелері мен Құқықтық реформа тұжырымдамасын дамыту үшін, сондай-ақ Қазақстан халқына былтырғы Жолдауды орындау аясында  қабылданатынына тоқталды.

Қазақстан Президенті жаңа кодекстер жобалары азаматтарымыздың өміріне тікелей ықпал ететін, олардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін маңызды құжаттар екенін атап көрсетті.

– Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясының, жаңа Қылмыстық-іс жүргізу кодексінің және Қылмыстық-атқару кодексінің жаңа редакциясының қаралған жобалары жақсы әзірленген және Парламент Мәжілісінің қарауына енгізуге болады. Жалпы, оларды қолданысқа енгізу мерзімін шамамен 2015 жылдың 1 қаңтарына белгілей отырып, ұсынылған кодекстердің негізгі параметрлерін мақұлдауға болады деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.  

Нұрсұлтан Назарбаев кодекстерді қабылдау салдарын кешенді талдаудың және ел тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығына назар аударды.

Қазақстан Президенті соттардың рөлін арттыру және елдегі құқық тәртібі жүйесін нығайту жұмыстарын одан әрі күшейту қажеттігіне де тоқталды.

Соңында Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтады.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кеңестер мен отырыстар
Барлық кеңестер мен отырыстар