Жаңалықтар

5 наурыз 2010
Ақордада Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әйелдер қоғамдастығының өкілдерімен кездесті.
05.03.10

Кездесуге Премьер-Министр К.Мәсімов, ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы А.Мусин, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары М.Әшімбаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Г.Әбдіхалықова қатысты.
Қазақстандағы әйелдер қоғамдастығының өкілдеріне үн қата отырып, Президент 8 наурыз – бұл келіп жеткен көктем мерекесін білдіретін жарқын мереке екенін атап өтті.
– Сондықтан мен 8 наурыз қарсаңындағы сіздермен дәстүрлі кездесуімізді «Көктем шуағы» деп атауды ұсынамын. Мен үшін сіздерді тек құттықтап қана қою емес, сонымен қатар сіздермен әңгімелесіп, сіздерді тыңдаған маңызды, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы бүгінгі кездесудің мәні ерекше екенін атап өтті. Қазақстан бүгінде өз дамуының жаңа кезеңіне қадам басты. Жеделдетілген индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы іске асырыла бастады.
- Біз посткеңестік кезеңдегі көшбасшылардың бірі болып табыламыз. Бұл аздық етеді. Біз посткеңестік кеңістіктегі елдермен өзімізді салыстыруды қойып, дамыған мемлекеттермен иық тірестіре отырып, дамудың жаңа кезеңіне шығуға ұмтылуымыз қажет. Біздің иығымызда осындай үлкен міндет тұр. Бұл кезеңдегі міндеттер біздің еліміздің және ер азаматтардың сенімді тірегі - әйелдер үшін маңызды, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Кездесуде Қазақстанда халықтың, соның ішінде әйелдер мен балалардың материалдық әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалып отырғаны атап өтілді. Өткен жылы 350 мыңнан астам ана бала тууға байланысты біржолғы жәрдемақы алды. Ал бір жылға дейін бала күткені үшін жәрдемақы 140 мыңнан астам анаға төленді. Көп балалы отбасыларға ерекше назар аударылуда. Биылғы жылдан бастап төрт және одан көп баланы өмірге әкелгені үшін біржолғы жәрдемақы мөлшері артты, бір жасқа дейінгі бала күтімі үшін ай сайынғы жәрдемақы мөлшері өсті. Бұдан басқа, мүгедек баланы тәрбиелеген адамдарға жәрдемақы төлеудің жаңа жүйесі енгізілді.
- Осының барлығы тек әйелдерге ғана емес, еліміздің келешегі үшін жасап отырған мемлекеттің қамқорлығы. Себебі, кез келген елдің болашағы әйелдердің қоғамдағы орнына байланысты болады. Біз бұған үлкен мән береміз, - деді Н.Назарбаев.
Кездесу барысында қазақстандық әйелдердің саясатқа, бизнес пен әлеуметтік салаға қатысты рөліне байланысты мәселелер жөнінде пікір алмасылды.
Чехия Республикасы Үкіметі жанындағы тең мүмкіндіктер мәселелері жөніндегі кеңестің төрайымы – СПИД-ке (Чехия Республикасы) қарсы күрес жөніндегі ұлттық бағдарлама директоры Жәмила Стегликова Қазақстанның шетелдегі жағымды беделін көтеру үдерісі туралы әңгімеледі.
- Қазақстан дамудың кейбір бағыттары бойынша көптеген Еуропалық қоғамдастық мемлекеттерінен алға озып келеді, - деп атап өтті А.Стегликова.
М.В.Ломоносов атындағы ММУ-нің Азия және Африка елдері институты директорының орынбасары (Ресей), профессор Жібек Сыздықова 1994 жылы Мәскеу университетінің қабырғасында Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық одақ идеясын алғаш рет айтқанына назар аударды.
- Тарихшы ретінде мен жаңа күшті тәуелсіз мемлекетті құрып жатқан президенттердің қызметін қалай бағалау қажеттігі туралы көп ойладым. АҚШ қиын жағдайға тап болғанда оны көтерген Рузвельт, Маргарет Тэтчер, ұлы Ататүрік, Тұрғыт Өзал тәрізді тұлғалар да бар. Осы тұрғыда да қарастыруға болар еді. Осы ұлы әлемнің көшбасшылары қатарынан орын алатын Қазақстанның өз Президенті барын ерекше мақтанышпен айтқым келеді, - деді Ж.Сыздықова.
Отырыс барысында сондай-ақ жазушы З.Ахметова, «Зерде» «Ұлттық ақпараттық коммуникациялық холдингісі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары А.Шөжеева, «Аружан және Ко» продюсерлік орталығының директоры А.Саин, халық ақыны А.Тұрсынбаева, адам репродукциясы институтының директоры С.Байқошқарова, Ванкувердегі Олимпиадалық ойындардың күміс жүлдегері Е.Хрусталева, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының президенті Р.Сәрсенбаева сөз сөйледі.
Кездесуді аяқтай келе, Президент әйелдердің қоғамдағы, соның ішінде өскелең ұрпақты өз Отанын сүюге деген патриоттық сезімге тәрбиелеудегі рөлінің маңызына назар аударды.
- Патриотизм асқақ болуы тиіс, біз мемлекетімізді өркендетіп отырғанымызға, оны өзіміз үшін, біздің балаларымыз бен немерелеріміз үшін мықты мемлекет жасайтынымызға деген сенімдері берік болуы қажет. Осының бәрі аналардың қолдарында, - деді Н.Назарбаев.
Президент еліміздің барша әйелдер қауымын 8 наурыз мерекесімен құттықтады. Оларға бақыт, денсаулық және махаббат тіледі.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар