Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

12 қараша 2010
Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті мәжілісі болып өтті.

Отырыста аграрлық сектор мен құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар талқыланды. Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев пен Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин баяндама жасады.

Қ. Саудабаев ауыл шаруашылығы саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және отандастарымыздың әл-ауқатын арттырудың маңызды факторы болып табылатынын атап өтті. Сондықтан аграрлық сектор мен ауылдарды дамыту  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басты басым бағыты болып табылады. Президенттің тапсырмасы бойынша осы мақсаттарға бюджеттен қажетті қаржылар бөлінуде. Аталған салаға салынған әрбір теңге ауылдың қайта жандануына, елімізде молшылықтың болуына қызмет етуі керек.

- Әлемдік қаржы дағдарысын еңсеруге байланысты Қазақстанның құрылыс индустриясындағы таяудағы қаржы дағдарысының зардаптары бәріміздің есімізде. Осы кезде Президент бұл мақсаттарға бұрын-соңды болмаған мөлшерде қаражат бөле отырып, экономикамыздың осы секторына барлық қажетті қолдауын көрсетті. Сол себептен бұл арада сыбайлас жемқорлыққа жол берілген жоқ. Барлық құрылыс нысандары сапалы, уақтылы және үнемді салынуы керек, - деп атап өтті Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі.

Отырыстың қорытындысы бойынша, Комиссия тарапынан мемлекеттік органдарға агроөнеркәсіп кешені саласында сыбайлас жемқорлықты жою, тиісті кадр саясатын жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік органдардың- әкімшілердің инвестициялық жобалар бағдарламаларын іске асыруы үшін құрылыс нысанының құнына, сапасына және мерзіміне бақылауды  күшейту жөнінде қажетті шараларды қабылдау ұсынылды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар