Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

24 желтоқсан 2014
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықованың төрағалағымен Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті

 

Кеңес жұмысына Мемлекеттік комиссия мүшелері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, республикалық этномәдени бірлестіктердің басшылары, ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Комиссия төрағасының орынбасары Б.Сапарбаев, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы, Комиссия төрағасының орынбасары И.Рогов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі, Комиссия төрағасының орынбасары Е.Тоғжанов, Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің басшысы Е.Бабақұмаров баяндама жасады.

Отырыс барысында 2015 жылға арналған мерейтойлық іс-шараларды өткізу, Қазақстан халқы Ассамблеясы  жылын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі ұлттық іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына арналған іс-шараларды ұйымдастыруға дайындық барысы туралы мәселелер қаралды.

Мемлекеттік комиссия мүшелері ұйымдастырушылық-әдістемелік бірізділікті қамтамасыз етуге және барлық іс-шараларды үйлестіруге бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын өткізу тұжырымдамасын бекітті.

Оған қоса, Мемлекеттік комиссия Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының эмблемасының (логотипінің) және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған мерейтойлық медаль эскиздерінің үлгілерін бекітті.

Сонымен қатар, ҚР Конституциясының 20 жылдығын, Қазақ хандығының құрылғанының 550 жылдығын, Жеңістің 70 жылдығын қоса қамтитын 2015 жылға арналған мерейтойлық іс-шаралар жоспарын іске асыру жөніндегі мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру, өзара іс-қимылын ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Отырыстың қорытындысы бойынша Мемлекеттік хатшы жұмысты ұйымдастыруға қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар