Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

2 маусым 2016
Елбасы IV халықаралық «KADEX-2016» қару-жарақ және әскери-техникалық мүліктер көрмесінің ашылу рәсіміне қатысты
Астана қ., ҚР Қарулы Күштерінің Авиациялық базасы

 

Мемлекет басшысы іс-шара басталар алдында қару-жарақ, отандық және шетелдік өндірушілердің әскери техникалары назарға ұсынылған бірқатар павильондарды көріп шықты.

Қазақстан Президенті ашылуына қатысқан көрме барысында ТМД-дағы бірден-бір таулы-егерь полкінің, ҚР Қарулы Күштерінің 36-шы десант-шабуыл бригадасының әскери қызметшілері, каскадерлер тобы мен ұрыс көріністерін қоятын мектеп оқушылары өз шеберліктерін көрсетті.

Нұрсұлтан Назарбаев бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифинг барысында тәуелсіздік жылдары мемлекет өз Қарулы күштерін дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарғанын, қазақстандық әскери қызметшілерді Қорғаныс министрлігінің оқу орындарында оқытуға зор көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан армиясын материалдық тұрғыдан жабдықтау жүйесін бұдан әрі дамыта түсудің маңыздылығына тоқталды.

– Негізінен, біз өзімізде бар және кеңестік әскери-өнеркәсіптік кешенмен байланысты әскери техниканы қолданамыз. Сонымен бірге, өзге елдермен ықпалдастықтың, атап айтқанда, ҰҚШҰ аясындағы техникалық ынтымақтастықтың кешенді шаралары жүзеге асырылып жатыр. Ресей Федерациясымен қару-жарақ шығару және кейбір кәсіпорындарды Қазақстанға көшіру үшін бірлесіп жұмыс жүргізу жөнінде келісім бар. Еуропаның көптеген елдерімен де уағдаластыққа қол жеткізілген. Біз Қазақстанда ең тәуір құрал-жабдықтарды қолдана отырып, өзіміздің қорғаныс-өнеркәсіптік кешенімізді дамытудамыз. Бір жағынан, бұл айтарлықтай шығын әкеледі. Екінші жағынан, әскери өнеркәсіп елді индустрияландырудың ішкі жалпы өнім өсіміне үлес қосатын бір саласы болып саналады. Жалпы, бұл көрме бізге әлемнің ең заманауи қару-жарақтарын көруге мүмкіндік тудырады. Біздің әскерилеріміз үшін, жалпы Қазақстан үшін бұ іс-шараның маңызы зор деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті.

***

Көрменің жалпы ауданы 90 мың шаршы метрден астам аумақты алып жатыр. Оған 350-дей қазақстандық және шетелдік компания, 40-тан астам ел, 3,5 мың адам қатысып, 50 мың адам келіп көретін болады.

«KADEX-2016» көрмесі мынадай 7 тақырыптық бағытта өткізілуде: авиация техникасы, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары мен ғарыштық технологиялар; Құрлық әскерінің және Әскери-теңіз күштерінің қару-жарағы мен әскери техникасы; Әуе қорғаныс күштері жүйелері мен құралдары; әскерді тылдық және техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету мүліктері; IT-технологиялар, байланыс жүйелері мен құралдары; әскери саладағы роботты техника; әскери салада қолданылуы ықтимал энергияның баламалы көздері.


Барлық жаңалықтар
 
Другие события рубрики Астана – Казахстан
Все события рубрики Астана – Казахстан