National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Елбасы «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысты

2017 жылғы 03 қараша

Жиынға Саяси кеңес мүшелері – Үкіметтің, Парламенттің, Президент Әкімшілігінің басшылығы, Мемлекеттік хатшы, «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясының депутаттары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Отырыста еліміздің саяси, экономикалық және рухани жаңғыру үдерістері аясында партияның атқарған жұмысы қорытындыланып, оның қызметін әрі қарай жетілдіру мәселелері қаралды.

– Бүгін біз «Нұр Отан» партиясын жаңғыртуға қатысты маңызды мәселені талқылаймыз. Өткен жылдар ішінде партия еліміздегі жағдайды тұрақтандыруға, Қазақстанды дамыту мен халқымыздың әл-ауқатын жақсарту жолындағы міндеттерді орындауға зор үлес қосты. Партия бірнеше парламенттік сайлаудан лайықты өтіп, еліміздің басты партиялық-саяси күшіне айналды, – деді Саяси кеңес отырысын ашқан Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті партияның еліміздегі стратегиялық реформаларды іске асыру жолындағы жетістіктері мен атқарған жұмысына тоқталып, күрделі әрі жүйелі шешімдер қабылдау қажеттігі және оларды дәйекті іске асырудың маңыздылығы жөнінде айтты.

– Жаңғыру ешқашан оңай жүзеге аса қоймайды. Ол кедергіге де тап болуы мүмкін. Осы ретте, «Нұр Отан» партиясы, ең алдымен, жаңғыру бағытына саяси қолдау көрсету тетіктерін қалыптастыруға тиіс. Билік тармақтары арасындағы бірқатар өкілеттіктерді қайта бөлуге қатысты конституциялық реформа мәселелеріне келетін болсақ, бұл – еліміздің саяси жүйесін демократияландыру мақсатында жасалған маңызды қадам, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын «Нұр Отан» партиясының қазіргі идеологиялық жұмысының платформасы деп атады.

– Партия қызметін жаңғырту жөнінде айтқан кезде, біз жаңғырудың 2017 жылы жарияланған үш бағдарламасын іске асыру барысында «Нұр Отан» партиясының рөлін айқын әрі анық түсінуіміз керек. Осы бағдарламаларды жүзеге асыруға лайықты атсалысу үшін партия өз жұмысын өзгертудің нақты жолдарын табуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті партия қызметін одан әрі жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеудің маңыздылығына назар аударып, Партия Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің есебін тыңдады.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің