Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

3 шілде 2012
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Индустрияландыру күніне арналған телекөпір жұмысына қатысып, Үкіметтің 2012 жылғы бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындысын шығарды

Қазақстан Президенті Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі бағдарламаға қатысушы кәсіпорындардың индустриялық көрмесімен танысты.

Қазақстан Президенті Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі бағдарламаға қатысушы кәсіпорындардың индустриялық көрмесімен танысты.

Мемлекет басшысы жаңа медиа-орталықта кездесуді аша отырып, индустрияландыру ­– жаhандық дамыған әлемде Қазақстанның бәсекеге қабілеттілік мәселесі екенін атап өтті.

- Біз бүгін еліміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы жөніндегі бағдарламаның орындалу барысы туралы дәстүрлі есеп беру отырысын өткізіп отырмыз. Біздің кездесуіміз жоғары технология қолданыла отырып, соңғы техника бойынша жабдықталған, мүлде жаңа инновациялық ғимаратта өтуде. Бүгінгі Қазақстан инновацияны сенімді түрде енгізіп, заманауи кәсіпорындарды ашуда. Қазіргі уақытта біз автомобильдер мен ұшақтарды шығаруды қолға ала бастадық. Мысалы, мен жақында инновациялық өндіріс болып табылатын тікұшақтар шығаратын зауытта болдым. Біз сондай-ақ «Фермер» ұшағын шығара бастадық, келесі кезекте азаматтық авиация ұшақтарын шығармақпыз, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Отырыста Экономикалық даму және сауда министрі Б.Сағынтаев пен Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев есеп берді. Көлік және коммуникация министрі А.Жұмағалиев телерадиохабар тарататын жаңа сандық желінің мүмкіндіктері туралы баяндады.

Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің есепті ақпаратына сәйкес, жалпы, қазіргі уақытта Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін толықанды негіз қаланған, 50-ден астам заңға өзгерістер енгізіліп, қабылданған, 23 салалық және функционалдық бағдарлама, сондай-ақ аумақты дамыту бағдарламасы бекітілген. Бағдарламаны іске асыруда екі жарым жыл ішінде жалпы сомасы 1,8 трлн. теңгені құрайтын 443 жоба іске қосылған.

Іс-шара барысында Индустрияландыру картасының инвестициялық нысандарын пайдалануға беру жөнінде жалпыұлттық телекөпір өткізілді. Оның барысында Телерадиохабарларын таратудың ұлттық сандық желісі мен Қазақстанның «24.kz» жаңа телеарнасын іске қосу рәсімі өтті. Телерадиохабарларын тарататын ұлттық спутниктік желінің жұмысы бұған дейін мемлекеттік телеарналар қамти алмай келген, 600 шалғай ауылды қоса алғанда, еліміздің барлық ауылының тұрғындарының Қазақстанның телеарналарына қол жетімділігін қамтасыз етеді. Мемлекет басшысы «24.kz» - тек отандық өндірістің телеөнімдерін көрсететін республикадағы алғашқы телеарна екенін атап көрсетті. Телеарна ұжымы әлемнің жетекші телерадиокорпорациялары пайдаланатын озық телевизиялық жүйе бойынша арнайы дайындықтан өткен.

Одан кейін телекөпірге республиканың барлық өңірлері тікелей қосылып, өздерінің инвестициялық жобаларын көрсетті.

Мемлекет басшысы форумды қорытындылай келе, жалпы, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі бағдарлама іске асырылып жатқанын, белгілі бір нәтиже бар екенін атап өтті.

- Мен елдің және мемлекеттік органдардың алдында тұрған үш басты міндетке тоқталып өтпекпін. Бұл индустрияландыру, өңірлердің үйлесімді дамуы және әлеуметтік жаңғыру. Біз бүгін бағдарламаның табыстары туралы естіп білдік. Алайда, 2010 жылы және 2011 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосылған 225 жобаның тек жартысынан 60 пайыздан астамы ғана жұмыс істеп тұр. Осыған жол берген өңірлердің әкімдері салалы министрліктермен бірге пәрменді шаралар қабылдаулары керек, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті әкімдер Индустрияландыру картасын жеңіл түсінбеуі тиіс екеніне тоқталды. Ашылып жатқан барлық нысан жаhандық нарықта бәсекеге қабілетті болуы тиіс.

- Біз Индустрияландыру картасының мәртебесін көтеруге тиіспіз. Картаға нақты негізі бар, жоғары технологиялық өнім шығаратын, біз үшін басым бағыттағы жобалар енгізілуі керек. Мемлекеттік органдар, ең алдымен, барлық әкімдіктер жобаларды іске асыруға, олардың жобалық қуаты толық іске қосылғанша, жан-жақты көмек көрсетуге тиісті, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы форум аяқталғаннан кейін Индустрияландыру картасына енгізілген компаниялардың өнімдерімен танысып шығып, «Қазақстандық өнімді сатып ал» атты сауда-саттық жәрмеңкесін аралап көрді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа нысандарда болу
Өзге іс-шараларға қатысу