National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Мемлекет басшысы «Atameken business city» көрме кешеніне барды

2018 жылғы 10 мамыр

Қазақстан Президенті көрме кешеніне барып, оның жұмысымен танысты. Көрме кешенінде «оpen space» форматында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы, бизнес-форумдар мен кездесулер өткізуге арналған алаң, сондай-ақ жас кәсіпкерлерге идеяларының пайда болуынан коммерциялануына дейін қолдау көрсететін бизнес-инкубатор жұмыс істейді.

Амандық Баталов Нұрсұлтан Назарбаевқа «Цифрлық Қазақстан», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» Алматы облысында жүзеге асырылу барысы жөнінде баяндады.

Елбасы бизнес қоғамдастығы өкілдерімен кездесу барысында тәуелсіздігіміздің 26 жылы ішінде Қазақстанда шағын және орта бизнесті тиімді дамыту үшін қажетті жағдай жасалғанын атап өтті.

– «Бес әлеуметтік бастама» да бизнесті дамытуға мүмкіндік береді. Тұрғын үй құрылысы және осы салаға қатысы бар шыны, кірпіш, сондай-ақ басқа да құрылыс материалдарын өндіру ісі бизнес жүргізудің ресурстары саналады. Жол, мектеп, аурухана, инфрақұрылым салу – бәрі де бизнеске тиесілі. Кәсіпкерлер осы мүмкіндіктерді пайдалануы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Алматы облысының артықшылықтарына тоқталып, туристік кластерді дамыту үшін табиғи-климаттық жағдайы қолайлы әрі географиялық тұрғыдан ұтымды орналасқанын және әлеуетінің зор екенін атап өтті.  

– Сіздерді Алакөлде жұмыс істеуге шақырамын. Мен кеше сол жерде болдым. Онда жақсы мүмкіндіктер бар. Бұрын ол жерде 400 мың адам демалса, өткен жылы демалушылар саны екі есе өскен. Ал, биыл олардың саны миллионнан асады деп жоспарланып отыр. Жол да, инфрақұрылым да бар. Тек құрылыс жүргізу керек. Алакөлде қазірдің өзінде бес жұлдызды қонақ үйлер мен жақсы туристік кешендер салынып жатыр. Мұнда барлық қазақстандықтар демалуға келетіндей керемет жағдай жасауға болады, – деді Мемлекет басшысы.

Кездесу соңында Қазақстан Президенті Алматы облысында, ең алдымен, дәстүрлі түрде өсірілген ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіру ісін дамытуды тапсырды.

– Бүгінде жаңа қант зауыттары іске қосылып, қант өндірісі арта түсті. Қазірдің өзінде 60 мың тонна қант өндірілді, оны көбейту үшін мүмкіндік бар.  Қазір Үшарал ауданында соя, арпа өсірілуде. Жарма зауыты және Алматы апортын өндірістік ауқымда өсірумен айналысатын жеміс шаруашылығы бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Салтанат сарайының жаңа ғимаратына барып, оның жұмысымен танысты. Сондай-ақ, Елбасыға әлеуметтік-мәдени мақсаттағы нысандардың, соның ішінде 570 адамға лайықталған бассейннің, жабық жеңіл атлетика манежінің, дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің, музыкалық және жалпы білім беру мектептері мен драма театрының құрылысы жөнінде баяндалды. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің