Жаңалықтар

20 қазан 2015
Елбасы Қызылорда облысына жұмыс сапарының қорытындысы жөнінде БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді
Қызылорда қаласы

 

Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанның барлық өңірлері сияқты Қызылорда облысының да өсіп-өркендеп жатқанына тоқталды.

Кейінгі жылдары облыс орталығы көркейді, саябақтары көбейді, тұрғындар үшін қажетті жағдайлар едәуір жақсарды. Қазір Сырдарияның сол жағалауын игеру және абаттандыру жұмыстары, соның ішінде көпір мен тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қалада балабақшалар, мектептер мен ауруханалар салынуда, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев өңірдің дамуы үшін қажетті жағдайдың бәрі бар екеніне назар аударды.

Облыс аумағымен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізі, теміржол магистральдары, газ құбырлары мен электр желілері өтеді. Мен өңірдегі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы мен баспана құрылысының барысымен таныстым, өндірістік нысандарды аралап көрдім. Индустрияландыру аясында облыста ірі кәсіпорындар іске қосылатын болады, соның ішінде бүкіл Қазақстанды өз өнімімен қамтамасыз ете алатын әйнек зауыты да бар. Жалпы, елдің барлық өңірінің ахуалы жақсарды, олардың бәрі елордаға қарап бой түзеуде, – деді Қазақстан Президенті.

Бұл ретте Мемлекет басшысы тұрмыстың бұдан әрі жақсаруы халықтың еңбексүйгіштігіне, өңірді дамыту және абаттандыру үшін жұмылдырған күш-жігеріне тікелей байланысты екенін атап өтті. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев қатаң табиғат жағдайына қарамастан қаланы көгалдандыру ісінде жеткен жетістіктерге назар аударды.

Мысалы, бұрын Астананың айналасында да орман өспейді деп айтатын. Ал қазір елорданы 70 мың гектар ағаш қоршап тұр, олар болашақта Щучинск-Бурабай аймағының орманымен түйісетін болады. Егер біздің жастар «Жасыл ел» бағдарламасы аясында ағаш отырғызып, күтімге алынса, бұл мұның үлесі зор болады, елді абаттандыруға, тұрмыс жағдайын жақсартуға ықпал етеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті сондай-ақ биыл рекордтық көлемде күріш жинаған жергілікті диқандарды құттықтады. 

Күріш Қызылорда облысының негізгі ауыл шаруашылығы дақылы болып саналады. Биыл әр гектардан 50 центнерден астам өнім алынды. Бұрын мұндай көрсеткіш болмаған, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев облыс халқына бақ-береке және игілік тіледі. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге жұмыс сапарлары
Барлық жұмыс сапарлары