National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Жұмыс сапарлары

Елбасы «Жастар қуатты Қазақстан үшін» республикалық форумына қатысты

2015 жылғы 02 сәуір

 

Форумға студент, спортшы, шығармашыл және жұмысшы жастардың 2000-ға жуық өкілі келді. Сондай-ақ Атырау және Маңғыстау облыстарының жастары да тікелей эфир арқылы осы іс-шараға қатысты.

Мемлекет басшысы қатысушыларды форум жұмысының басталуымен құттықтап,  жастардың негізгі бастамаларды жүзеге асыруға белсене қатысып жүргеніне тоқталды.

– Қазақстан қатаң климат жағдайында жерімізді орманға айналдыру үшін күш салуда. «Жасыл Ел» бағдарламасы аясында 115 мың гектар аумақта 50 миллион ағаш отырғызылды. 200 мыңдық «Жасыл Ел» командасының бұл еңбегі ерлікке бара-бар. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 30 мың жас ауылға аттанды. Бұл жастардың елді және оның шалғай мекендерін дамытуға қатысуының көрсеткіші болып саналады. Қазақстан жастарға түрлі салаларда қамқорлық көрсетеді, соның ішінде оларды шетелдерде оқытады. Республикада білімді еңбек тәжірибесімен ұштастыратын дуальды оқыту жүйесін енгізу шаралары қабылдануда. Бүгінде белсенді әрі мақсатшыл жастар үшін елімізде барлық мүмкіндіктер бар, – деді Мемлекет басшысы. 

Қазақстан Президенті форумға ниеті бір, тілегі ортақ мыңдаған қазақстандық жас қатысып отырғанын айтты.

– Біз бірлесіп қуатты ел қалыптастырамыз. Осының бәрі сіздер үшін жасалуда. 4 жылда қаржыландыру көлемі білім беруде 2 есеге, ғылымда – 2,5 есеге, денсаулық сақтауда 1,5 есеге ұлғайды. Бүкіл ел бойынша біз жоғары оқу орындарында тегін оқу үшін жыл сайын 35 мың грант бөлеміз. Назарбаев университет, Зияткерлік мектептер жемісті жұмыс істеуде. Біз индустрияландырудың бірінші бесжылдығын табысты аяқтадық. Оның аясында 700 кәсіпорын салынып, 60 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Елге 200 миллиард доллар шетелдік тікелей инвестиция келді. Баршаның еңбегінің арқасында еліміз әлемнің мейлінше дамыған 50 мемлекетінің қатарына кірді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан өңірінің тұрақты экономикалық өсімін, әлеуметтік мәселелердің шешіліп жатқанын, отбасылардың әл-ауқаты артқанын атап өтті.

– Облыстарыңызда соңғы жылдары 260 миллиард теңгенің сомасына 34 кәсіпорын салынды және жаңғыртылды. Онда екі мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі небәрі 3 жылда 2 есе өсті. Қорғаныс кешені кәсіпорны табысты дамып келеді, соның арқасында біздің кеме жасайтын саламыз және өз теңіз флотымыз бар. Біз шағын кәсіпкерліктің дамуына қол ұшын созамыз. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша тек Батыс Қазақстан облысында былтыр 1,7 миллиард тенге бөлінді, 9,5 миллиард теңгеге 123 жоба жүзеге асырылды. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша облыста 12 мың жас жұмысқа орналасты, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасының негізгі бағыттарына және өңірдегі индустриялық жобалардың жүзеге асырылу барысына тоқталды.

– Біз жолдар, әлеуметтік нысандар мен жастар үшін баспана салып жатырмыз. Соңғы 2 жылда облыста 360 жас отбасы пәтер алды. Яғни, 1000-нан астам адам баспаналы болды. «Нұрлы жол» аясында облыстарыңызда Орал – Каменка тас жолы қайта жөнделеді. Қосымша инвестиция тарту үшін жаңа индустриялық аймақ құрылуда. Жалпы құны 44 миллиард теңгенің екі индустриялық нысанын іске қосу жоспарлануда. Құны 2,5 миллиард теңге тағы 3 жоба жүзеге асырылып жатыр, олар келер жылы іске қосылады. Алда үлкен жоспар және ауқымды жұмыс бар. Еңбекқор халық үшін бұл соңғы шек емес деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.  

Қазақстан Президенті форумға көптеген белгілі спортшылар қатысып отырғанына назар аударды.

– Біздің Илья Ильин, Геннадий Головкин, Денис Тен, Александр Винокуров және оларға қоса Лондон Олимпиадасында көпті тәнті еткен өзге де олимпиадашыларымыздың есімдері бүкіл әлемге танымал. Олар жаңа буын үшін лайықты үлгі болып саналады. Бүгінде спорт саласында 1500 спорт нысаны – стадиондар, бассейндер, хоккей және теннис корттары жұмыс істейді. Бүгінгі біздің форумның Қазақстан теннис федерациясының көмегімен салынған осы заманауи Теннис орталығында өтіп отыруы да бекер емес. Мұнда болашақ чемпиондар тәрбиеленеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы әлемнің озық 30 елінің қатарына кіру жолындағы жаңа кезеңнің басталғанын атап өтті.

– Біз басты мақсаты халықтың тұрмысын барлық жағынан жақсарту, сонымен қоса сапалы мемлекеттік басқару, соттық-құқықтық қорғау, индустрияны дамыту, халық бірлігін нығайту болып саналатын 5 институционалдық реформаны жүзеге асырудамыз. Бұл – алдағы көп жылдарға көзделген ауқымды даму жоспары, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жасалып жатқан жұмыстың бәрі ел болашағына, өскелең ұрпақтың ертеңіне бағытталып отырғанын айтты.

– Бүгінде сендердің алдарыңнан бүкіл әлемге жол ашық.  Сендер қызықты кезеңде өмір сүріп, болашаққа бағыт ұстаған елмен бірге өсіп келесіңдер. Осының барлығы бейбітшілік пен тұрақтылықтың, Қазақстан халқының достығының, туыстығының және өзара түсіністігінің арқасы, – деді Мемлекет басшысы. 

Форум барысында «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің мүшесі, Қазақстан-финляндия бизнес-хабының жетекшісі М.Манкеев, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті президенттік стипендия иегері Г.Қойланова, олимпиада чемпионы И.Ильин, Атырау және Маңғыстау облыстары жастарының өкілдері сөз сөйлеп, жастарға және олардың бастамаларына ұдайы қолдау көрсететін Мемлекет басшысына алғыстарын айтты, сондай-ақ «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыру ісіне белсене қатысуға әзір екендіктеріне сендірді.

Форум 4 корты, 300 орынға арналған трибуналары бар теннис орталығында өтті. Кешен дене шынықтыру және сауықтыру іс-шараларын өткізуге,  халықтың белсенді демалысына арналған.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің