Жаңалықтар

19 мамыр 2011
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның даму бағдарламасының (БҰҰДБ) директоры Хелен Кларкті қабылдады.

Кездесу барысында тараптар екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту және дамыту мәселесін талқылады.

Қазақстан Президентімен өте сындарлы кездесу болып өтті. Біз Республика мен БҰҰДБ арасындағы екіжақты өзара қарым-қатынастар мәселесін талқыладық, сондай-ақ елдің қарқынды экономикалық дамуы мен Қазақстанның халықаралық аренадағы көшбасшылық рөл атқаратыны туралы мәселелер қозғалды. Осыған байланысты біз сондай-ақ Қазақстан әлемдік ядролық қарусыздану мәселесінде де көшбасшы болып табылатынын талқыладық. Менде Қазақстан қол жеткізіп отырған прогресс жөнінде өте күшті таңданыс пайда болды. Қазақстан жиырма жыл бұрын тәуелсіздік алды, және осы күрделі уақытта – ескі жүйе қирады, ал енді жаңасын тұрғызу қажет еді. Тәуелсіздік алғаннан кейін елдің ЖІӨ халықтың жан басына шаққанда 700 АҚШ долларын құрады, ал енді – 9000-10 000 АҚШ долларын құрайды. Қазақстанда экономиканың дамуы мен әртараптандыру жөнінде өте мықты, іскерлік көзқарас бар. Ондай көзқарас Қазақстанның елордасы Астананы дамыту бойынша да бар. Мен қаланы, оның астаналық сәулетін көріп таңданысымды жасыра алмадым. Сондай-ақ, Қазақстан халықаралық істерде өзінің сындарлы рөлімен барынша танымал. Қазақстанның өткен жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, биылғы жылғы ИКҰ-на төрағалығы сөзімізге дәлел, маңызды халықаралық іс-шараларды, ірі экономикалық форумдарды өткізуі әлем Қазақстанға өз жолын белсенді түрде ашып отырғанын көрсетеді. Қазақстан сондай-ақ көптарапты ынтымақтастықты алға жылжытуда БҰҰ-ның белсенді жақтаушысы болып табылады. Осы орайда, Қазақстан Парламенті Сенатының бұрынғы төрағасының қазіргі уақытта Ұйымның Бас хатшысының орынбасарларының бірі ретінде жоғары қызмет атқаратыны бәріне аян. Осындай барлық жетістіктерді тани отырып, әсіресе елдің аймақтағы рөлін ескеріп, БҰҰДБ Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеру ниетінде. Қазақстан қазіргі уақытта өз дамуында аз прогресс көрсетіп отырған елдермен өз тәжірибесі мен білімін бөлісіп, ондай елдерге қолдау көрсетіп келеді. Біз, БҰҰ-ның даму жөніндегі жетекші агенттігі ретінде әлемнің көптеген елдерімен жұмыс істейміз және осы бағытта Қазақстанмен өзара қарым-қатынастарға үлкен мән береміз, - деді журналистерге арналған брифинг барысында Х.Кларк.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар