Жаңалықтар

23 тамыз 2008
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет пен Президент Әкімшілігінің басшылығымен кеңес өткізді

Кеңес жұмысына Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Қайрат Келімбетов, Премьер-Министрдің орынбасарлары Өмірзақ Шөкеев пен Ербол Орынбаев, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов қатысты.


Кеңесте жаңа Салық және Бюджеттік кодекстердің және 2009-2011 жылдарға арналған үш жылдық бюджет жобалары талқыланды. Аталған құжаттарды Үкімет Президенттің ағымдағы жылдың ақпан айында жасаған Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларға сәйкес дайындады.


Мемлекет басшысы өзінің берген тапсырмаларына, сондай-ақ «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыру жөніндегі міндеттерге сәйкес 2009-2011 жылдарға арналған үш жылдық бюджетте әлеуметтік салаға қосымша қаражат бөлу жоспарланғандығын атап өтті.


- Біз осы бюджетте зейнетақыларды орта есеппен 25 пайызға, әлеуметтік жәрдемақыны 9 пайызға, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын орта есеппен 25 пайызға өсіруді қарастыруымыз керек. Бұл біздің экономикамыздың тұрақтылығы мен беріктігін сипаттайды. Осылайша, біз бұған дейін өзімізге алған әлеуметтік міндеттемелерді орындайтын боламыз. Осы шаралардың барлығы «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасында қарастырылған, - деп атап өтті Н.Назарбаев.


Кеңесте атап өтілгендей, жаңа Салық кодексінің жобасы экономиканың шикізаттық емес секторлары үшін жалпы салық ауыртпалықтарын барынша төмендетуді қарстырады. Атап айтқанда, шикізаттық емес секторларда салық ауыртпалықтарын төмендету үшін корпоративтік табыс салығының ставкасы 2009 жылы 20 пайыздан, 2010 жылы 17,5 пайызға, ал 2011 жылы 15 пайызға дейін кезең-кезеңмен төмендетіледі деп күтілуде.


Үкіметтің занңнамалық бастамалар топтамасында 2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет маңызды орын алады. Жаңа Бюджеттік кодекстің жобасында үш жылдық бюджетті енгізу қарастырылған.


Кеңес барысында Премьер-Министр К.Мәсімов, Премьер-Министрдің орынбасары Е.Орынбаев, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Б.Сұлтанов сөз сөйледі.


Кеңестің қорытындысы бойынша, Мемлекет басшысы қаралған мәселелерге қатысты нақты тапсырмалар берді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар