Жаңалықтар

26 желтоқсан 2011
Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің, «Нұр Отан» ХДП басшылығымен кеңес болып өтті.
01

Кеңес жұмысына Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Кеңесті ашқан Мемлекет басшысы бүгінде 2011 жылы атқарылған жұмыстардың алдын ала қорытындысы шығарылып жатқанын атап өтті. Биылғы жыл өте маңызды, ерекше және табысты болды. Қазақстан ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын жақсы көрсетіштермен аяқтайды. Жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі жылдың қорытындысы бойынша 7,3 пайызды құрайды, халықтың жан басына шаққандағы қайта есеп 11 мың АҚШ долларына жетеді. Халықаралық резервтер жиынтығы 75 миллиард АҚШ долларынан асады. Жыл ауыл шаруашылығы үшін табысты болды - өнімнің өсімінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 25,5 пайызды, ал құрылыс саласында – 3 пайызға дерлік, өнеркәсіпте – 4 пайызға жуық көрсеткішті құрады, ал сауда мен көлік салаларында да өсім бар.

Президент қазіргі уақытта Индустрияландыру картасына 9,6 триллион теңгені құрайтын 609 жоба енгізілгенін атап көрсетті. Екі жылдың ішінде нысандарды іске қосудың есебінен 90 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Мыңдаған адамдар тиісінше табыс пен жоғары білікті жұмысқа ие болды. Бұрын Қазақстанда ешқашан өнім шғарып көрмеген 106 өндіріс игерілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрғын үй құрылысы бағдарламасы іске асырыла бастады. 389 нысан бойынша 53 мың үлескерлердің проблемасы шешімін тапты. Бұл зор мәні бар мемлекеттік шешім болды. 2010 жылдан бастап «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру барысында жалпы сомасы 240 миллиард теңге болатын 750 жоба мақұлданды. Бұл тағы жаңа жұмыс орындарының ашуылуы, экономиканың жандануы.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ әлеуметтік салада оң нәтижелерге қол жеткізілгенін атап өтті. Жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайызға дейін төмендеді. 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Бұл бағдарламада ана мен бала өлімін, ауру деңгейін төмендету жөнінде нақты индикаторлар қамтылған.

Президент мерейтойлық жыл экономиканың одан әрі жылдам өсімі мен халықтың өмір сүру деңгейінің арту жылы болғанын атап өтті. Қазақстандықтар 2012 жылды қанағаттанушылық және борышының орындалғандық сезімімен қарсы алуы мүмкін.

- Дегенмен, біз шешілмеген мәселелер барын айтуға тиіспіз. Маңғыстау облысындағы оқиға күллі Қазақстан үшін айтарлықтай сынақ болды. Мерейтойлық жылы бізге қатер төнді. Мақсаты біздің қоғамда әлеуметтік, ұлтаралық, дінаралық және басқа да алауыздықты тудыру болды. Қазір тек оның шығу себептерін ғана емес, сондай-ақ осы оқиғаларды ұйымдастырушыларды табу үшін тергеу жүргізілуде. Біздің алдын ала білуімізше, мұның артында ұйымдасқан қылмыстық топтар тұрған, олар ақшаны бөліскен, оларға өздерінің «іздерін» жасыру қажет болған, соған байланысты өрт қойылған. Біз мұның барлығын жан-жақты анықтаймыз. Біз мұның артында кім тұрғанын, ол «із» шетелден келгенін, елдің ішінде қандай бүлдіру әрекеттерін жүргізгенін білеміз. Барлық осы фактілер бойынша Бас прокуратура тиісті органдармен бірігіп, барынша егжей-тегжейлі тергеу жүргізуі тиіс. Басты себеп, үкіметтік шенеуніктер, «Самұрық-Қазына» басшылығы және осы еңбек кикілжіңін тікелей шешуге қатысы барлар жауапсыздық көрсетті, іс жүзінде нақты адасушылыққа жол берді. Сондықтан қазір барлығы осы оқиғалардан сабақ алулары тиіс. Бас прокуратура назарын қылмыстық істерді ашық, адал жүргізуді және осы тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар мен арандаушылардың барлығын қатал заң бойынша жауапкершілікке тартуды қамтамасыз ету қажеттігіне тағы да аударамын. Сонымен қатар осы оқиғалар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөніндегі жауапкершілікті Президент Әкімшілігі мен Мемлекеттік хатшыға тапсырамын және жүктеймін, - деді Президент.

Мемлекет басшысы жергілікті жерлердегі әкімдердің әлеуметтік маңызды мәні бар проблемалық мәселелерді жедел шешу қажеттігіне тоқталды. Мереке келе жатыр, бірақ жергілікті жерлердегі шенеуніктер босаңсымай, жұмыс жүргізулері қажет. Жұмыста ешқандай да ұсақ-түйектік болмауы тиіс. Осы кезеңде барлық деңгейдегі әкімдіктер алдында тұрғын үйлерді жылумен, сумен, газбен үздіксіз қамтамасыз ету, әлеуметтік мәні бар бағыттар бойынша басқа да мәселелерді шешу міндеті тұр. Қыс биыл суық болады. Сондай жағдайда барлық облыста, қалалар мен ауылдарда барлық коммуналдық қызметтердің мінсіз жұмысы қамтамасыз етілуі тиіс. Жылыту маусымында бұл мәселе әкімдердің қатаң бақылауында болуы керек. Көлік қызметі, сауда-саттық нақты қамтамасыз етілуі тиіс. Әрбір әкім ешқандай да әуре-сарсаң болмауы үшін азаматтардың шағымына назар аударып, олардың өтініштері бойынша барлық мәселені жедел шешуі қажет. Жергілікті БАҚ проблемалар туралы және оларды шешу жөнінде атқарылған жұмыстар бойынша ақпараттарды көптеп беру қажет.

Президент келесі жылы бәрі де әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың жаңа толқынының басталуын күтіп отырғанын атап өтті. Қазақстан бұған бұрыннан дайындалуда. Алайда, егер дағдарыс басталып кетсе, онда бұл жәйт ешкім үшін де, орталық деңгейде де, жергілікті деңгейде де, аңдаусызда үстінен түскендей болмауы тиіс. Үкімет әлемдік экономикадағы жағдайдың даму үрдістеріне мониторинг жасау жөніндегі жұмыстарды айтарлықтай күшейтуі қажет. Бұл сондай-ақ Президент Әкімшілігі мен өзге де органдарға қатысты. Дағдарыс және оны еңсерудің әртүрлі сцеранийлерін пысықтау қажет.

- Дағдарыс жағдайында бізге ерекше ыждағатты болу керек, ең алдымен, бұл мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың шығысына қатысты. Олар қымбат тұратын дулы іс-шараларды, таныстырылымдарды, халықаралық конференцияларды өткізуден бас тартулары тиіс.  Ондайдың барлығын тоқтату қажет, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент қаңтардан бастап Қазақстан Ресей мен Беларусьтің қатысуымен Бірыңғай экономикалық кеңістік (БЭК) аясында жұмыс істей бастайтынын атап өтті. Ол қазақстандық кәсіпорындар алдында жаңа мүмкіндіктер туғызып, өнім өткізуде жаңа рыноктар ашады. Сонымен бірге, отандық кәсіпорындар біздің серіктестерімізбен бірге жаңа бәсекелестік алаңға енеді. Қазақстандық өндірушілер мұндай бәсекелестікке дайын болып, одан мықты әрі нығайып шығып, Дүниежүзілік сауда ұйымы аумағындағы бәсекелестікке даяр болулары тиіс. Үкімет БЭК жұмысындағы ережелер, барлық артықшылықтар мен тәуекелдер жайлы нақты түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруы қажет. Ешқандай бүгіп қалушылық болмауы керек. Еліміз үшін пайдасы бар мәселенің мәнін түсінбей сынаушылық жөн емес. Бұл жұмыс әсіресе шағын және орта бизнес өкілдеріне бағытталуы керек. Үкімет, Президент Әкімшілігі және ведомстволар осы бойынша жұмыс жүргізуге тиіс.

Президент индустрияландыру бағдарламасы қазір қолға алып отырғандай, басты назарда бола беретінін атап өтті. Барлық жерде, Үкіметте де, жергілікті атқарушы органдарда да, жылына екі рет баяндама жүзеге асырылатын болады. Мұны негізгі міндет деп санау қажет.

Мемлекет басшысы әрбір министр осы кезеңде өз саласының жай-күйі мен жұмысы үшін дербес жауапкершілікте болатынын атап көрсетті. Авиарейтер, пойыздардың тоқтап қалуы Көлік және коммуникациялар министрінен сұралады. Жылу жүйесіндегі апат үшін әкімдік жауапты болады.

Президент Премьер-Министрге әр министрлік пен ведомствоның барлық жұмысын жеке бақылауына алуды тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің, министрліктер мен ведомстволардың барлық басшы қызметкерлері, барлық әкімдіктер үшін жаңа жылдық және өзге де мемлекеттік мерекелерде демалысқа шетелдік сапарға шығуға тыйым салды.

- Мерекені елде, өз халқыңмен атап өту керек. Бұл алдағы жаңа жылға ғана емес, сондай-ақ барлық ұлттық және мемлекеттік мерекелерге де қатысты, - деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысы сайлауалды кезеңде әкімдер Орталық сайлау комиссиясымен бірге ашық, әділ және таза сайлау өткізу үшін барлық жағдайды жасау керек екенін атап өтті. Олар сайлау комиссияларының мінсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етулері тиіс. Қазақстан азаматтары парламенттік сайлаудың және оған өздерінің қатысуларының мән-мағынасын түсінулері керек. Қазақстандықтарды сайлау учаскесіне келіп, өздерінің азаматтақ парыздарын орындауға шақыру өте маңызды.

- Халықтың игілігі жолындағы біздің барлық бағдарламамыздың одан әрі жүзеге асуы және тыныштығымыз біздің қандай Парламентті таңдайтынымызға байланысты болады. Дағдарыс пен тұрақсыздықтың болуы мүмкін жағдайында, біз өз халқымыздың бірлігін сақтап, одан әрі нығайтуымыз қажет. Бұл тақырып ұдайы көңіл аударуды және белсенді жұмыс жүргізуді талап етеді, - деді Президент.

Мемлекет басшысы сайлауалды кезеңде ұлттық және діни картаны ойнағысы келетіндер әрдайым табылып қалатынын атап өтті. Мұндай әрекетке батыл тойтарыс беру қажет. Бұл біздің принциптерге қарама-қайшы келетінін, тұрақтылыққа, мемлекеттің дамуына, біздің Тәуелсіздігімізге қарама-қайшы келетінін ұғындыру қажет. Күллі еліміз бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының активі жігерлі жұмыс жүргізулері тиіс.

- Сайлау қоғамды біздің басты құндылығымыз – тұрақтылық, бірлік, келісімнің айналасына топтастыру факторы болуы тиіс. Тек соның нәтижесінде ғане біз алға жылжимыз. Мен бұл туралы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орай жасаған баяндамамда толық айттым. Қазір адамдарға, олардың мүддесіне жақын болу үшін, халқымыз мерекені жақсы атап өтуі және біз сайлауалды кезеңнен жақсы өтуіміз үшін, әр күнгі, елдің тыныс-тіршілігі жұмысымыз үзіліп қалмуы үшін жұмыла жұмыс істеуіміз қажет, - деді Президент.

Кеңестің қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар