Жаңалықтар

26 мамыр 2012
Бүгін Алматы облысына жұмыс сапарының аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар көліктік-логистикалық және инфрақұрылымдық нысандарда болды.

Алматы облысына жұмыс сапарының аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Жетіген-Қорғас» жаңа теміржол учаскесіндегі «Алтынкөл» стансасына және «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнаулы-экономикалық аймағы мен «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық  орталығын  құру бағытында қызу жұмыс жүріп жатқан Қазақстан-Қытай шекаралық аймағына барды.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті А. Мамин Мемлекет басшысын Қазақстан Республикасындағы көлік-логистика жүйесін дамыту тұжырымдамасымен таныстырды және «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның базасында халықаралық деңгейдегі көліктік-логистикалық компания құру жөніндегі тапсырманы жүзеге асыру шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Deloitte компаниясының басқарушы серіктесі Даррелл Хэдэвей индустриялық-логистикалық «Қорғас – Шығыс» қақпасы хабын дамыту жобасымен таныстырды.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қорғас – Шығыс қақпасы» жобасын жүзеге асыруға тарихи маңыз беріліп отырғанын атап өтті. Бұл – Қазақстанның өткізу қабілетін арттыруға және арнаулы аймақтың Орталық Азиядағы негізгі көлік хабы, сонымен қатар Еуропа мен Азия арасындағы көпір ретіндегі қалыптасуы бағытында жасалған маңызды қадам.

«Алтынкөл» стансасында Мемлекет басшысы теміржолшылардың жаңа «Нұркент» кентіне барды, онда мектеп, балабақша және өзге де әлеуметтік нысандар тұрғызылып үлгерген. Нұрсұлтан Назарбаев кенттегі толық өңдеуден өтіп, дайын жиһазбен жабдықталған пәтерлердің бірінде болды.

– Қытай біздің ірі серіктесіміз және елдеріміз арасындағы тауар айналымы ұдайы өсумен келеді. Бұл жобаның іске қосылуын біз қытайлық әріптестерімізбен бірге ұзақ күттік. Ол Еуропа мен Азия арасындағы  маңызды көлік хабы болады. Тұтастай алғанда, «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы Қазақстанның игілігіне қызмет ететін болады. Біздің экономика мөлшерін артырумыз, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жетілдіруіміз мүмкін, алайда жүк тасымалынсыз ілгерілеу болмайды, – деді Мемлекет басшысы.

Салалық министрліктер мен ведомстволар, кеден және шекара қызметтері басшыларының, сонымен қатар пайдалану қызметтері өкілдерінің  қатысуымен өткен таныстырылымдар барысында «Жетіген – Қорғас» теміржол желісінің және «Алтынкөл» стансасының инфрақұрылымдық нысандарының дайындығына баға берілді.

«Жетіген – Қорғас» теміржолы құрылысы кезеңінде 5 мыңнан астам жұмыс орны пайда болды, ал оны пайдалануға берген соң 2 мыңнан астам қазақстандық тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Жобаны жүзеге асыруға кіріскен 2009 жылғы тамыздан бері 293 шақырым теміржол төсемі тартылды, 5 станса, 9 разъезд, 28 көпір және 2 құбыржол салынды. Болашақта «Қорғас халықаралық шекаралық ынтымақтастық  орталығы мен «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнаулы-экономикалық аймағы тек Алматы облысының ғана емес, бүкіл республиканың экономикалық өсім орталығына айналуға қауқарлы болады.

«Қорғас халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығының құрылуы Қазақстан мен Қытайдың мемлекет басшыларының  бастамасы бойынша жүзеге асырылуда және Қазақстан мен Қытай арасындағы шекаралық сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық ынтымақтастықты, сонымен қатар екі елдің транзиттік және көліктік әлеуетін дамытуға бағытталған.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар