Жаңалықтар

20 мамыр 2011
Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Еуропалық қайта құру және даму банкі Басқарушылар кеңесінің жылсайынғы отырысының алғашқы пленарлық сессиясына қатысты.

02

03

01

Пленарлық сессия Тәуелсіздік сарайында өтті. «Нарықты қолдау – Азия мен Еуропа кездесуі» атты Инвестициялық форум мен Іскерлік форум аясында өткен ЕҚДБ Басқарушылар кеңесінің жылсайынғы 20-сыншы отырысы барысындағы іс-шараға 2500-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында әлемге белгілі экономистер, ірі халықаралық компаниялардың, орталық банктердің, қаржы институттарының өкілдері, ЕҚДБ-не мүше елдердегі мемлекеттік ведомстволардың ресми өкілдері, сондай-ақ Еуропа мен Азиядағы жетекші елдердің өкілдері бар.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Банк осы жылдар ішінде Қазақстан экономикасына 5 млрд. АҚШ долларынан астам инвестиция салып, 140-тан астам жобаны іске асыруға мүмкіндік жасағанын атап өтті. Қазақстан мен ЕҚДБ арасындағы ынтымақтастық жыл сайын дамып келеді. Тек өткен жылы ғана ЕҚДБ елімізге 1 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салып, 21 жобаны қаржыландырды. ЕҚДБ әріптестерімен бөлінген қосымша қорды есептегенде, Қазақстанға тартылған жалпы қаржы көлемі 14 млрд. АҚШ долларынан асты.

- Бүгінде бәрі жаһанданған әлемде бір елдегі оқиғалар екінші бір елдің дамуына ықпал етпей қоймайтынын түсінді. Әлемдік қаржылық дағдарыстың ауқымы бізге осыны көрсетіп берді. Қазақстанда бірінші кезекте банктік және құрылыс секторларға қауіп-қатер төнді. Дағдарыс әсерлерінің салдарлары экономиканың өзге де салаларына ықпал етті. Дегенмен, дағдарысқа қарсы шараларды дер кезінде қабылдағандықтан біз жағымсыз салдарларды табысты еңсердік, - деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысы бұған бүгінде 70 миллиардтан астам доллар жинақталған елімізде құрылған Ұлттық қоры көмектескенін атап көрсетті. Шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы, құрылыс секторына үлкен көмек көрсетілді. Мемлекет тұрғын үй құрылысының үлескерлеріне қаржылай көмек көрсетті. Бұл дәл осындай қиын кез үшін сирек кездесетін жәйт.

- Менің осы уақытқа дейін айтып жүргенімдей, жаһандық, қаржы-экономикалық дағдарыс әлемдік қаржы жүйесі мен әлемдік валютаның жетілмегендігін көрсетті. Мен Банктің мүшелерінде барлық сараптамалық бағалау бар деп білемін. Бұл тақырыпта пікірталас болады деп ойлаймын, - деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылы ІЖӨ Қазақстанда 146 млрд. АҚШ долларынан астам қаржыны құрап, нақты мәнде 7 пайыздан астам көрсеткішке өскеніне тоқталды. Осы өсімнің нәтижесінде экономиканың барлық салаларында өсім байқалды. Сонымен бірге, еліміздің алдына биік мақсаттар қойылып отыр. Атап айтқанда, 2016 жылға қарай жан басына шаққандағы ІЖӨ-ні 15 мың АҚШ долларына арттырып, жоғары табысы бар елдердің тобына кіру мақсаты белгіленген. Егер сатып алу қабілетінің паритетін ескерсек, бұл 20 мың доллардан асады.

Осы ауқымды жоспарды іске асырудың басты тетігі 2020 жылға дейінгі мерзімге әзірленген Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы болып табылады. Бағдарламаның бірінші жылы өткен жылы жүзеге асырылды. Бұл бағдарлама қазақстандық экономиканың мығым болуына жәрдемдеседі және шикізаттық ресурстарға тәуелділіктен бас тарту шараларын қамтамасыз етеді.

Президент бүгінде бағдарлама нақты нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы құны 800 млрд. теңге болатын 152 жаңа индустриалдық нысан іске қосылды. Сондай-ақ, 23 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Жалпы, 2015 жылға дейін 12 трлн. теңгеге жуық қаржыға 500-ге жуық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде 200 мың тұрақты жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

- Бұл бағдарлама еліміздің өңірлері және қаржы ресурстары бойынша толықтай есептелген. Біз бұл бағдарламаны уақытынан бұрын іске асыратынымызға сенімдіміз, - деді Мемлекет басшысы.

Президент белгіленген жоспарларды іске асыру экспортқа негізделген шикізаттық емес секторды дамыту есебінен экономикадағы күрделі құрылымдық өзгерістерге мүмкіндік беретінін айтып өтті.

Қазақстан экономикасын жаңғырту – еліміз үшін ауқымы бойынша үлкен жоба. Осы орайда, ЕҚДБ инфрақұрылым мен шикізаттық емес секторда ірі инвестор ретінде ерекше рөл атқарады.

- Банкінің қатысуымен Қазақстан аумағы арқылы 2700 шақырымға созылатын «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізін дамыту тәрізді ірі жоба іске асырылуда. Біз оның құрылысын, электр желілерін жаңғыртуды 2013 жылға таман аяқтауды жоспарлап отырмыз. Соңғы 10 жылда Банк жеке қаражатын бөліп қана қоймай, айтарлықтай көлемде шетел инвестициясын тарта отырып, Еуразиялық аймақтағы ірі инвестордың орнын әділетті иеленіп отыр. Осынау беделді мінберді пайдалана отырып, аймақта анағұрлым қолайлы инвестициялық климат құру үшін Қазақстан барлық шараны қабылдайтынын атап өткім келеді. Үкімет мүшелері сіздердің алдарыңызда тиісті шаралар туралы баяндап өткен болар деп ойлаймын, - деді Мемлекет басшысы.

Бүкіләлемдік банктің баяндамасына сәйкес 2010 жылы Қазақстан бизнестің мүддесі үшін реформалар жүргізу жөнінде көшбасшы болып танылды. Еліміз әлемдік рейтинге анағұрлым бизнеске қолайлы климат жасаушы ел ретінде әлемнің 183 елінің арасынан 59 орынға ие болды. Қазақстан бұл көрсеткішті едәуір жақсартуға ұмтылады.

Президент еліміз аймақтағы нарыққа шығуға тілек білдіруші көптеген трансұлттық компаниялар үшін алаң қызметін атқаратынына тоқталып өтті. Бұған соңғы 15 жылда Орталық Азия келіп түскен барлық тіке инвестицияның 80 пайызы Қазақстанға тиесілі екендігі айқын дәлел. Небәрі 19 жылдың ішінде қазақстандық экономикаға 130 миллиард доллардан астам тіке шетел инвестициясы тартылған.

Кеден одағының жұмыс істей бастауымен және Қазақстан, Ресей және Беларусь арасындағы Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құрылуымен Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы едәуір арта түсуде.

- Біздің елдерге келген инвестор халқының саны 170 миллион болатын және ІЖӨ жиынтығы 2 триллион доллардан астам, орасан нарыққа қолжетімділікке ие болады. Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап біз ішкі кедендік шекараны алып тастап, тек Кеден одағының сыртқы шекарасын қалдырамыз, - деді Президент.

ЕҚДБ-нің Қазақстандағы қызметінің ауқымдылығы Қазақстанның орасан экономикалық әлеуетке ие екендігін көрсетеді.

- Сондықтан мен Банкінің Басқарушылары Кеңесін шикізатты өңдеуді тереңдетуге және экономиканы әртараптандыруға бағытталған қазақстандық инвестициялық жобалар бойынша ұсыныстарды қарауға шақырамын. Біздің экономикамыздың технологиялық дамуына ерекше назар аудару қажеттігін атап өткім келеді. Бізді дамушы елдерден ақша емес, шикізат емес, ал технологиялық біліктілік ерекшелеп тұрады. Сондықтан экономиканы ғылыми-инженерлік базада дамытушы жобаларды басымдық ретінде қарастыруды сұраймын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ келешекте ЕҚДБ-нің қызмет аясын Қазақстанның өңірлерінде кеңейту жөнінде ұсыныс білдірді. Муниципалдық дамуға қатысу жергілікті инфрақұрылымдар проблемасын шешуге және елдің өңірлердегі экономикасын дамытуды үйлестіруге көмектесетін болады.

ЕҚДБ-нің қазақстандық банктермен, зейнетақы қорларымен және өзге де ішкі инвесторлармен бірлесіп жобаларды қосымша қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруы Қазақстан үшін өте маңызды болып табылады.

- Назарларыңызды ұлттық валютада кредиттік нарықты дамытуға аударғым келеді. Ұзақ мерзімге алып қарағанда, мұндай қадам Қазақстан үшін де, Банк үшін де тиімді. Сондай-ақ, Қазақстан ЕҚДБ-мен бірлесіп шет елдер жобаларына қатысуға қызығушылық танытады. Біз осы аймақтағы елдер экономикасын одан әрі нығайту жөнінде бірлескен операциялар жүргізуге әзірміз, - деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысы оларға ЕҚДБ-мен бірлесіп қазақстандық инвестицияның қатысуы интеграциялық үрдерістерді жақсартып, аймақта нарықтың дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Қазақстан Орталық Азия елдерінің экономикалық одағын құруды үнемі ұсынып келеді.

Президент ортақ күш-жігерді жұмсай отырып табысқа жету үшін халықаралық қаржылық ұйымдардың үйлестірілген қадамы үлкен мәнге ие екендігін атап өтті. Бүгінде бірде-бір ел ақшаны реттеу, борыш ауыртпалығы мен азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін өз бетінше шеше алмайтыны әбден белгілі болды.

Қазақстан орасан энергетикалық ресурстары бар, сұранысқа ие шикі мұнайдың 20 пайызын Еуропаға тасымалдаушы, ірі азықтық бидайдың ірі экспортері болып табылатын ел, ЕҚДБ-нің атсалысуымен мемлекеттің игілігі үшін осы саланы дамытуға ұмтылуда.

- Мен таяуда өткен Астана экономикалық форумында және өзге кездесулерде еларалық үйлестіру дағдарысқа қарсы шаралардың негізгі құралы болып табылатынын бірнеше рет мәлімдедім, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент бұл үдерісте халықаралық даму институттары маңызды рөл атқаратынын атап өтті. ЕҚДБ-нің әлемдік экономикалық жүйеге қосқан үлесі нарықтық қатынастарды дамытудағы және Еуропа мен Азияның 30 еліндегі демократиялық жағдайдың нәтижелермен бірнеше мәрте дәлелденген.

- Осы отырыста бізге дағдарыстың біздің елімізге ықпалының деңгейіне талдау жасау және Азия мен Еуропа нарықтарындағы даму мәселесін талқылау мүмкіндігі беріліп отыр. Оны Инвестициялық және Іскерлік форумдар аясында өткізу елде және аймақта кәсіпорындарды жаңғырту және жаңалау саласындағы перспективаны бағалауға, ірі шетеллдік инвесторлар капиталын тартуға көмектесуге мүмкіндіктер береді. Пайдалы пікір алмасулар тиімді шешім табуға мүмкіндік жасайтынына сенемін, - деді Президент.

Мемлекет басшысы бұл іс-шараның күн тәртібіне енгізілген ұлттық валюта мен капитал нарығы, азық-түлік қауіпсіздігі, энергия тиімділігі проблемасы, аймақтың экономикасын дамытуды қамтамасыз етудегі мемлекеттің рөлі тәрізді маңызды мәселелер әлемдік экономика үшін өте өзекті болып табылатынын атап өтті.

- Мен Астанада өткен бұл отырыс ынтымақтастық пен диалогтің кеңеюіне жаңа серпін беріп қана қоймай, біздің аймақтың экономикасының одан әрі өркендеуіне және ортақ дамуын қамтамасыз етуге бағытталған іс-қимылды қабылдауға мүмкіндік туғызатынына сенімдімін. Біз сіздерді соңғы он жылда тұрғызылған жаңа елордамыз Астанада ықыласпен қарсы аламыз. Біз сіздерді күттік. Сіздер Қазақстаннан жақсы әсер алып, Астанада жайлы орналасып, жұмыстарыңыз табысты жүру үшін дайындалдық. Қолдан келгенді аянып қалмадық, - деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев отырысқа қатысушыларға табысты да жемісті еңбек тіледі.

Сонымен қатар, пленарлық отырыста ЕҚДБ Басқарушылар Кеңесінің төрағасы – Корей Республикасының Стратегия және қаржы министрі Юн Жюн-Хюн және ЕҚҚД-нің президенті Томас Миров сөз сөйледі.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар