Жаңалықтар

30 наурыз 2011
Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пәтерлері жаңа 2011-2014 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасында қарастырылған ереже бойынша берілетін «Жағалау-3» тұрғын үй кешенінде болды.
01

Мемлекет басшысы Астана қаласы әкімдігінің, құрылыс компаниялары мен банктер жетекшілерінің мемлекеттік тұрғын үй саясатын іске асыру барысы туралы есептерін тыңдады. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен жаңа бағдарламада тұрғын үй құрылысын мемлекеттік қолдаудың үш негізгі бағыты қарастырылған. Атап айтқанда, тұрғын үй салу үшін тұрғынүйқұрылысжинақтау жүйесін пайдалану, құрылысты қаржыландыру үшін екінші деңгейдегі банктерді қорландыру, сондай-ақ инженерлік коммуникация құрылысы.

Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Мемлекет басшысына Бағдарламаның бірінші бағыты – жергілікті атқарушы органдар тарапынан тұрғынүйқұрылысжинақтау жүйесі арқылы насиелік тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі Астана қаласы әкімдігінің жоспары туралы баяндады. Таяу бір жарым-екі жыл ішінде Астананың оң жағалауына орналасқан екі тұрғын үй кешенінен пәтер кілттерін беру жоспарланғаны атап өтілді.

Тұрғынүйқұрылысжинақтау жүйесі арқылы тұрғын үй құрылысын жүргізу ісі еліміздің барлық өңірінде басталды. Қазірдің өзінде республикалық бюджеттен          2011 – 2013 жылдарға арналып, 48,8 млрд. теңге, оның ішінде пилоттық жобаларды іске асыру үшін 2011 жылы – 28,8 млрд. теңге бөлу қарастырылған. Аталған схема бойынша тұрғын үй құрылысына 2012 жылы тағы 32 млрд. теңге бөлу қосымша көзделінген. Бұл 2012 жылы елімізде 300 мың шаршы метр несиелік тұрғын үйді пайдалануға беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызады.

Бағдарламаның екінші бағытына сәйкес – тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін екінші деңгейдегі банктерді қорландыруда, мемлекет тұрғын үй құрылысын бастауға және құрылыс кезеңіне екінші деңгейдегі банктерде мақсатты депозиттер орналастыру ниетінде. 2011 жылы 57 млрд. теңге бөлінген болса, 2012 жылы тағы 13 млрд. теңгені қосымша бөлу қарастырылған. Аталған схеманы іске асырудың нәтижесінде 2012 жылы 1,7 млн. шаршы метр коммерциялық тұрғын үйді пайдалануға беру күтіліп отыр.

Инженерлік коммуникация құрылысы жөніндегі бағыт аясында бюджеттік қаржы есебінен тұрғын үй құрылысы жүргізілетін аудандарда, оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы жанынан инженерлік желілер құрылысы жалғасын табатын болады. 2011 – 2012 жылдары аралығында бұл мақсатқа 40 млрд. теңгені қосымша бөлу көзделген, оның 10 млрд. теңгесі 2011 жылға бөлініп қойылған. Бұл жылына 1,2 млн.-ге жуық шаршы метр жеке тұрғын үй құрылысын қосымша тұрғызуға мүмкіндік береді және мемлекеттік және коммерциялық тұрғын үйді белгіленген мерзімінде пайдалануға беруді қамтамасыз етеді.

Қосымша қаржыны есептегенде 2011 – 2014 жылдарға арналған жаңа Бағдарлама аясында тұрғын үй құрылысын қолдау үшін барлығы 359,2 млрд. теңге бағытталатын болады.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар