Жаңалықтар

12 қазан 2011
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Қарағанды, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарының Мәдениет күндеріне арналған іс-шараларға қатысты.

10

11

12

Президент Қарағанды, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарының жетістіктер көрмесімен танысты. Мемлекет басшысына экономикалық, әлеуметтік және мәдениет, білімді дамыту бағдарламасы, денсаулық сақтау, туризм мен бизнес салаларындағы жетістіктер таныстырылды.

Қарағанды облысының әкімі С. Ахметов Президентке өңірдің экономикалық жағдайы мен әлеуметтік саладағы дамуы туралы баяндады. 20 жыл ішінде облыстағы жалпы өңірлік өнім 2 млрд. теңгеден 2 трлн. теңгеге дейін ұлғайған. Бүгінде облыс жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша 3 орын алады. Соңғы 10 жылда өнеркәсіп өндірісі нақты түрде 3,8 есеге өсті.

Тәуелсіздік жылдарында өңірде 4 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй, 38 білім беру мекемесі пайдалануға берілді. Тек соңғы бірнеше жылда ғана 18 жаңа аурухана, емхана, дәрігерлік амбулатория, бірегей қан орталығы салынды. Биылғы жылы ең заманауи стандарттармен жарақтандырылған облыстық кардиохиругиялық орталықтың хирургиялық корпусы мен Қарағандыда емхана ашылатын болады.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Индустрияландыру картасына Қарағанды облысынан жалпы сомасы 272,8 млрд. теңгені құрайтын, 5 мыңнан астам жұмыс орны ашылатын, 42 инвестициялық жоба енгізілді. Бүгінгі күннің өзінде 18 жоба іске асырылды.

Жетістіктер көрмесі кезінде Маңғыстау облысының әкімі Қ. Көшербаев Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы хабарлады. Облыста жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім ең жоғарғы көрсеткіштің бірі. Ол 2010 жылдың қорытындысы бойынша 19 мыңнан астам долларды құрады.

Егер 1993 жылы өңір республиканың өнеркәсіп өндірісінің 4,5 пайызын қамтамасыз етсе, ал бүгінде Маңғыстау облысының үлесіне 16,5 пайызы тиесілі. Облыс жан басына шаққанда инвестиция тарту көлемі бойынша елімізде екінші орынға ие.

Соңғы 10 жылда тұрғын үй қоры 3 миллион шаршы метрге ұлғайды. 20 мыңнан астам отбасы жаңа пәтерлерде тұрып жатыр. Облыстың әр ауылында газ, су, жарық, байланыс, Интернет және телевидение бар. 20 жылда Маңғыстауда 160 балабақша мен жалпы білім беретін мектеп, соның ішінде «100 мектеп, 100 аурухана» және «Балапан» бағдарламалары аясында ашылды. Аурухана мен емхана саны екі есеге артты.

Көлік инфрақұрылымы дамуда. Республикадағы алғашқы концессиондық жоба -  Ақтау халықаралақ әуежайы ашылды. Өңірді сумен жабдықтауды едәуір жақсартатын «Астрахань-Маңғышлақ» су таратқышының құрылысы басталды.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі С. Біләлов Президентті өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижелерімен таныстырды. Солтүстік Қазақстан облысында республикалық көлемдегі ауыл шаруашылық өнімдерінің 12 пайызы өндіріледі. Биылғы жылы солтүстікқазақстандық диқандар түсімділігі гектарына 21 центнерден келетін, 8 млн. тоннадан астам астық жинады.

Мал шаруашылығы серпінді дамуда. Соңғы бес жылда өнімділік пен сапаны арттыру үшін 4 млрд.-тан астам теңге, асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау үшін – 854,4 млн. теңге бөлінді.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына Солтүстік Қазақстан облысынан сомасы 28,5 млрд. теңге болатын 15 инновациялық жоба енгізілді.

Өңірде 103 мың адам еңбек ететін, 21 мыңнан астам белсенді шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді. Жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын құру картасы әзірленген.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бейбітшілік және келісім сарайының Опера залына келіп, үш облыстың Мәдениет күндерінің Гала-концертін тамашалады. Халық және еңбек сіңрген артистер, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары, халық аспаптар оркестрлері мен би ансамбльдері өз өнерлерін көрсетті.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар