Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

9 желтоқсан 2011
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Президентінің сапа саласындағы «Алтын сапа», бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі саласындағы «Парыз» байқаулары бойынша сыйлықтарының және Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсіміне қатысты.
01

Елордадағы «Велотрек-Сарыарқа» спорттық кешенінде өткен салтанатты рәсімге 4500-ден астам адам қатысты.

Марапаттау рәсімі барысында Қазақстанның индустриялық нысандарының тұсаукесері және оларды іске қосуға арналған жалпыұлттық телекөпір өтті. Мемлекет басшысы «онлайн» режимінде еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске асырылған өңірлік жобалар бойынша атқарылған жұмыс барысымен танысып шығып, жаңа өндірістерді іске қосты. Тұсаукесері өткізілген және жаңа өндірістер қатарында: Қостанай облысындағы «ССГПО» АҚ №17 технологиялық секциясы, Маңғыстау облысының ЕЭА аумағындағы «Caspiy Electronics» ЖШС «Аққу» компьютерлік планшетін, телевизорлар мен мониторлар шығаратын өндірісі, Ақтөбе облысындағы «Қазақойл» ЖШС «Әлібекмола» мен «Қожасай» кен орнындағы газды пайдаға асыру жөніндегі кешені, Жамбыл облысындағы «Супер Фарм» ЖШС медициналық мақсаттағы бұйымдар шығаратын зауыт, Қарағанды облысы «Сары Қазына» ЖШС катодтық мыс шығаратын зауыты, Қызылорда облысы «СКЗ-U» ЖШС күкірт қышқылы зауыты, Шығыс Қазақстан облысындағы «Семей тері-мехкомбинаты» ЖШС, Батыс Қазақстан облысының Қарашығанақ кен орнындағы көмірсутек шикізатын тазалау және тұрақтандыруды тереңдетететін қондырғы, Алматы облысындағы «Байсерке Агро» ЖШС ет өнімдерін өңдейтін кешені, Алматы қаласындағы метрополитен, Астана қаласындағы «Тұлпар-Тальго» жолаушылар вагондарын шығаратын зауыт, Павлодар облысындағы «Павлодарэнерго» АҚ ПТ-65/75-130/13 турбинасын монтаждау және ТЭЦ-3 №1 ст. БКЗ-420-140 қазандықагрегатын қайта жөндеу, Атырау облысындағы «Рауан Налко» ЖШС мұнайгаз және мұнай өңдейтін өнеркәсібі үшін химиялық реагнттер өндіретін зауыты, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Егін» ЖШС макарон-диірмен кешені, Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Шымкент-Кашемир» ЖШС дайын тоқыма бұйымдар өндірісі, Ақмола облысындағы «Астана-Нан Кемикалс» ЖШС өсімдіктерді қорғау үшін химиялық құралдар өндіретін зауыты бар.

Сондай-ақ телекөпір барысында Алматы облысындағы Шарын өзеніндегі Мойнақ ГЭС-і - халықтық құрылысы» нысаны мен «Жетіген-Қорғас» темір жол желісі, Маңғыстау облысындағы «Өзен – Түркменстанмен мемлекеттік шекара» темір жол желісі, Жамбыл облысындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасының тұсаукесері өтіп, іске қосылды.

Индустрияландырудың екі жылы ішінде Қазақстанда сомасы 1,8 трлн. теңгеден астам 389 өндіріс іске қосылып, 68 мың тұрақты жұмыс орны ашылған. Индустрияландыру картасында барлығы сомасы 9,6 трлн. теңгенің 609 жобасы есептелініп, 179 мың тұрақты жұмыс орнын құру көзделген.

Одан кейін Нұрсұлтан Назарбаев «Алтын сапа» мен «Парыз» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты.

«Алтын сапа» сыйлығы өнімдер немесе қызмет көрсету сапасы саласындағы жақсы нәтижеге қол жеткізгені, олардың қауіпсіздігігін қамтамасыз ету, сондай-ақ мекемелерге заманауи менеджмент жүйесін енгізгені үшін конкурстық негізде беріледі.

«Парыз» байқауын жыл сайын өткізудегі мақсат жалпы алғанда, өздерінің жұмысшылары мен қоғам үшін әлеуметтік мәселелерді шешетін жеке меншік кәсіпкерлік субъектілерін ынталандыру болып табылады.

2011 жылдан бастап «Үздік ұжымдық шарт», «Үздік әлеуметтік жыл жобасы» және «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» 3 аталымына қосымша «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымы енгізілді.

Биылғы жылы сапа саласындағы «Алтын сапа» Президент сыйлығы үшін жарияланған байқауға 232 компания қатысқан. Ал 610-нан астам кәсіпорын «Парыз» байқауының нагарадасын алу құқығынан үміткерлер қатарында болған.

Мемлекет басшысы өз сөзінде марапаттау рәсімі бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде жүргізіліп келе жатқанын атап өтті.  Елді индустриялық-инновациялық дамытуды жүзеге асырудың қорытындысы жылына екі рет шығарылып келеді. Бұл бүкілхалықтық іс. Қазақстан экономикасы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына үлкен жетістікпен келді. Британ сарапшыларының бағалаулары бойынша, Қазақстан экономика өсімі бойынша XXI ғасырдың бірінші онжылдығындағы көшбасшылар үштігіне енді. Тәуелсіздік жылдары өнеркәсіп өндірісі 9 есеге өсіп, 82 млрд. долларға жетті.

- Біз биылғы жылды экономиканың жалпы көлемін 180 миллиард доллармен аяқтаймыз, яғни әр тұрғынға 11000 АҚШ долларынан келеді. Бұл дамыған елдердің деңгейі. Біз оған барша қазақстандықтардың еңбегінің арқасында қол жеткіздік! – деді Президент.

Қазақстанның шикізат емес экспорты қазірдің өзінде 21 млрд. АҚШ долларын құрайды. Қазақстанға тартылған шетелдік инвестициялардың жыл сайынға көлемі артуда. Өткен жылдары ол 6 есеге өсіп, 2010 жылы 18 миллиардтан астам АҚШ долларын құраған. Тек соңғы екі жылда 369 нысан іске қосылып, миллиардтаған теңге игерілген. Бұл жобаларды іске асыру 180 мың тұрақты жұмыс орнын құруды қамтамасыз етеді. Экономиканы жаңғыртуда шағын және орта бизнес үлкен рөл атқарады. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы қабылданып, орындалуда. Жеңілдік шарттары жасалып, тексерістер қысқартылуда. Биылғы жылы әкімшілік кедергілер 30 пайызға қысқартылды.

Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстанда ірі нысандар салынып жатқанын атап көрсетті. Мысалы, Атырауда құны 6 миллиард доллар болатын газхимиялық кешені және құны 4,5 миллиард долларды құрайтын Балқаш ЖЭО.

- Мен бұл кәсіпорындардың айналасында кәсіпкерліктің жаңа толқыны пайда болады деп есептеймін. Бұл - шағын және орта бизнес, бұл - жаңа жұмыс орындарын құру. Ірі кәсіпорындардың айналасында бизнес дамуы керек. Сонда жаңа жұмыс орындары ашылатын болады, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент экономиканы кең көлемде әртараптандыру үшін инвестиция қажет екенін атап өтті. Қазақстанда 9 арнайы экономикалық аймақ құрылған. Инвесторлар мен бизнесмендер үшін айрықша жеңілдіктер жасалуда.

- Өз бизнестеріңді ашыңыздар, ақша табыңыздар. Сіздер сол арқылы елге, өз отбастарыңызға, өздеріңізге көмектесетін боласыздар. Біз экономиканы дамыту арқылы соған қол жеткізуді қалаймыз, - деді Мемлекет басшысы.

Ірі өнеркәсіп құрылыстарымен бірге Қазақстанда бұрын-соңды болмаған мүлде жаңа салалар қалыптасады. Елде бұған дейін тепловоздар, жолаушылар вагондарының өндірісі болған емес.

- Бәсекеге қабілеттілік аса маңызды мәселе. Әлем дағдарыстан әлі айыққан емес. Ендеше алда не күтіп тұрғанын ешкім де айта алмайды. Бірақ, біз барлық қатерлерге әзір болуымыз керек. Біз өткен дағдарыстан лайықты шықтық, енді кез келген дағдарыстан да солай шығуға тиіспіз. Бұған біздің еңбегіміз, біздің жұмысымыз, біздің бірлігіміз кепіл бола алады. Біз жұмыс мәселесін толық шеше аламыз. Еңбек еткен ұлт қана табысқа кенеледі. Біздің жастарымыз қазіргі әлемнен өз орнын тауып, өз Отанына қызмет етуі үшін білім алып, жұмыс істеулері керек. Біз зор жетістіктерге жетіп, көшбасшы болуымыз үшін күні-түні жұмыс істеуге тиіспіз, - деді Мемлекет басшысы.

Президент бүгінде, Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан уақытта, өнім сапасын арттыру мәселесі басымдыққа ие екенін атап өтті. «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты атану және «Қазақстанның үздік тауары» жоғары бағасына ие болу – үлкен абырой. 2006 жылмен салыстырғанда, үміткер кәсіпорындар саны үш жүзден мыңға дейін артқан. Сондай-ақ «Парыз» сыйлығы әлеуметтік даму мәселесінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті нығайтуға маңызды үлес қосты. Байқауға қатысушылардың саны екі есеге артты. Конкурсанттар 119 млрд. теңгені құрайтын  370 әлеуметтік жобаларды жүзеге асырды. Тәуелсіздіктің 20 жылдығында лауреат атанып, награда алу – зор құрмет. Барлық қазақстандық кәсіпорындар осы деңгейге жетуге ұмтылуы керек.

- Біз тауарларды Қазақстаннын тыс жерлерге сатуға тиіспіз. Егер тауарларымыз сапалы болмаса, өзгелермен бәсекелес бола алмаймыз, одан да бағасының төмен болғаны дұрыс. «Алтын сапа» сапасына жетуге ұмтылу өте маңызды. Бұл елдің бәсекелестігінің, Тәуелсіздікті нығайтудың, Отанымыздың қауіпсіздігінің мәселесі, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев байқауға қатысушылар мен жеңімпаздардың барлығын алда келе жатқан Қазақстанның Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

- Алдағы жыл өтіп бара жатқан жылдан да жақсы болсын. Қалған жылдар да өте жақсы болсын. Біз 2020 жылға қарай алға қойған мақсаттарға жетіп, экономикамызды 2 есеге, өнімділік көлемін 1,5 есеге жеткіземіз және де сол арқылы азаматтарымыздың тұрмысын жақсартамыз. Бұл - басты міндет. Тәуелсіздігіміздің келесі мерейтойында, 2030 жылы, біз Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясындағы мақсаттарға жетеміз. Жас барыс, оның қуаты мен күші, оның батылдығы  мен алға серпілісі - біздің ұлтқа, біздің халыққа керек қасиеттер. Мен барлығыңызға да осы жолда табыстар тілеймін, - деді Мемлекет басшысы.

2011 жылғы «Алтын сапа» сыйлығы «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымы бойынша биылғы жылы «Қайнар-АКБ» ЖШС (Алматы облысы) мен «Amitech Astana» ЖШС-не (Астана қаласы) берілді. «Халық үшін тауар өндіретін үздік кәсіпорын» аталымының лауреаты болып «Костанайский мелькомбинат» АҚ (Қостанай облысы) мен «Қазақстан Тексти Лайн» өндірістік-коммерциялық фирмасы» ЖШС (Алматы қаласы мен Алматы облысы) танылды. «Қазақстан халық жинақ банкі» АҚ (Алматы қаласы) мен «Эргономика» ғылыми-өндірістік фирмасы» ЖШС (Қарағанды облысы) «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» аталымы сыйлығымен марапатталды.

2011 жылғы «Парыз» байқауының Гран Приін «Теңізшевройл» ЖШС (Атырау облысы) алды. «Үздік әлеуметтік жыл жобасы» аталымында – «Қазатомпром» ҰАК» АҚ (Астана қаласы) мен «Қазақтүрікмұнай» ЖШС (Ақтөбе облысы), «Үздік ұжымдық шарт» аталымында – «Қазгермұнай» БК» ЖШС (Қызылорда облысы) мен «Крендель» ЖШС (Павлодар облысы), «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» аталымында – «Иволга-Холдинг» ЖШС (Қостанай облысы) мен «Азбал және Компания» толық серіктестігі (Қызылорда облысы), «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымында -  «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС (ОҚО) мен «Кублей ЖШС (БҚО) бірінші орын иеленді.

«Индустриялық серпіліс» аталымы бойынша «ҚазЦик» ЖШС, ал «Индустрияландыру көшбасшысы» аталымы бойынша «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Мемлекет басшысының арнаулы сыйлығының лауреаттары атанды.

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша – «Агромашхолдинг» АҚ (Қостанай облысы), «Сайман корпорациясы» ЖШС (Алматы қаласы), «Ast Etalon Crown» ЖШС (Қарағанды облысы), «Халық үшін үздік тауарлар» аталымы бойынша – «Брандо» ЖШС (Атырау облысы), «Ырыс Бақыт» ЖШС (Жамбыл облысы), «Ақсу Дэен» (Шығыс Қазақстан облысы), «Үздік өндірістік тауарлар» аталымы бойынша – «Масло-Дел» ЖШС (Алматы қаласы), «РубиКом» ЖШС (Павлодар облысы) және «РЗА» АҚ (Қызылорда облысы) 2011 жылғы «Қазақстанның үздік тауарлары» республикалық байқауының жеңімпаздары атанды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар