Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

22 наурыз 2012
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады.

01

02

03

04

05

Салтанатты іс-шара Президенттің қатысуымен Астанадағы «Қазақ елі» алаңында өтті.

Елорда тұрғындары мен қонақтары алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы көктем мен ізгілік мерекесі ретінде Наурыздың Қазақстанның барлық азаматтарының достығы мен келісімінің жалпыұлттық салтанатына айналғанын атап өтті.

- Бүгін ғасырлар қойнауынан бастау алған ерекше, ұлық мерекеміз келіп жетті. Наурыз – жақсылықтың жаршысы, жаратылыстың шынайы жыл басы. Қазақстанда оны еліміздің барлық этнос өкілдері атап өтеді. Бұл – күн мен түн теңесетін, достық пен бірліктің мерекесі. Шығыстың Жаңа жылының басы болғандықтан, біз бұл күні барлық жақсылықты, ізгілікті  күтеміз. Мен барша қазақстандықтарды осы мәртебелі мерекемен құттықтаймын! Бұл күндері еліміз тұрғындары өз ауласын, үй ішін тазалап, ағаш отырғызып, бұлақтың көзін ашып, бір-біріне жақсылық тілейді. Ренжіскен ағайын бір-бірімен қауышып, көріседі, бір-бірінен кешірім сұрайды, жетім-жесірлерге көмектеседі. Туыс-туғандар мен дос-жарандар бір-бірімен кездеседі, тамаша көктем мерекесін қарсы алуға дайындалады. Одан жақсылық күтеді. Сондықтан, Наурыз – ерекше мереке, - деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев Наурыздың бірлік пен игіліктің, өзара түсіністік пен қоғамдық тұрақтылықтың символына айналғанын атап көрсетті.

- Біз ел Тәуелсіздігінің үшінші онжылдығындағы алғашқы Наурызды атап өтейік деп отырмыз. Наурыз мерекесінің халқымыздың бірлігіне, Қазақстанның болашағына, еліміздің дамуына ықпалы зор. Бұл мереке ұлт пен ұлысты тілі бойынша да, діні бойынша да бөлмейді. Біз бір ел ретінде өмір сүріп келеміз. Қолға алған істеріміздің барлығы ел азаматтарының өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған. Ол – жұмыс орындарын ашу, қолжетімді тұрғын үй, мектептер, ауруханалар. Осының барлығы - біздің Тәуелсіздігіміздің жетістігі, осының бәрі де өз халқымыздың әл-ауқатының артуы үшін жасалып жатыр, - деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев әр отбасына бақыт, амандық-саулық және береке-бірлік тіледі.

«Қазақ елі» алаңындағы мереке театрландырылған көрсетілім мен концертке ұласты.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар