Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

23 желтоқсан 2011
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменовты қабылдады

Ә. Байменов Президентке Агенттік пен оның аумақтық басқармаларының 2011 жылы атқарған жұмыс нәтижелері, Агенттіктің жұмысын жетілдіру жөнінде жоспарланған шаралар, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметке қатысты заңнамасына еңгізілетін өзгерістер мен толықтырулар және мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасын іске асыру шеңберіндегі басқа мәселелер, сондай-ақ Қазақстанда мемлекеттік қызметті одан әрі реформалау мәселесінде халықаралық ынтымақтастық туралы хабарлады.

Мемлекет басшысы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қызмет тиімділігін жетілдіру және мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасын іске асыру мәселелері жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.

- Тәуелсіздіктің 20 жылы аралығында Қазақстанда мемлекеттік қызмет моделі халықаралық танылған деңгейде қалыптасты. Бүкіләлемдік Банк Қазақстанда мемлекеттік қызмет саласында реформалар жүргізу жөніндегі өңірлік көшбасшы ретінде таныды. БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстанды ТМД елдері бойынша өңірлік хаб құруды және мемлекеттік қызметтің қазақстандық жүйесін модель ретінде пайдалануды ұсынды. Сондай-ақ бұл халықаралық ұйым Астанада 2013 жылы мемлекеттік қызметті жаңғырту жөнінде жаhандық конференция ұйымдастыруды ұсынып отыр. Сіз бекіткен мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасы мемлекеттік қызметті реформалаудың және жаңғыртудың жаңа кезеңінің басталуы болып табылады, - деді Ә. Байменов.

- Жаңа тұжырымдама толыққанды және дер кезінде енгізілуі қажет. Мемлекеттік қызметшілер халыққа жақын болулары тиіс. Мен кеше Маңғыстауда болдым. Кейбір мемлекеттік қызметшілердің адамдардың пікірлерін тыңдамауы салдарынан ол жерде сондай мәселе туындаған. Жергілікті атқарушы органдар деңгейінде де, облыстық әкімдіктер деңгейінде де мемлекеттік қызмет жүйесінде мониторинг жүргізу қажет. Қазақстандық мемлекеттік қызметшілер өз халқымыздың иглігі үшін жұмыс істеулері тиіс, - деп атап өтті Президент.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар