Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

15 маусым 2011
Бүгін Тәуелсіздік сарайында ШЫҰ-ның 10 жылдығына арналған Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойлық саммитінің қорытындысы бойынша мемлекет басшыларының қатысуларымен баспасөз мәслихаты болып өтті.
02

Мемлекет басшыларының атынан саммит жұмысын Нұрсұлтан Назарбаев қорытындылады.

Қазақстан Президенті атап өткендей, мемлекет басшылары кеңесінің отырысы сенім мен өзара түсіністік дәстүріне сай өтті. Негізгі халықаралық және аймақтық мәселелер бойынша толыққанды және ашық пікірлер алмасылды. Ұйымның он жылдағы ауқымды жұмысы қорытындыланып, алдағы даму белестері айқындалды.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзінің он жылдық мерейтойын қарқынды дамып келе жатқан, беделді халықаралық ұйым ретінде қарсы алды.

Өз қызметінің үш құрамдас бөлігі - қауіпсіздік саласы, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық салаларын берік ұстануы оның мықты бағыты болып табылады.

- Отырысқа қатысушылар өз сөздерінде ШЫҰ-ның аймақтық және жаһандық саясаттағы орны мен рөлін одан әрі арттыру және диалог бойынша бақылаушы және әріптес мемлекеттермен ынтымақтастықтың аясын кеңейту туралы айтты, - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

Отырыстың қорытындысы бойынша мынадай құжаттар қабылданды:

- Ұйым қызметінің өткен кезеңдегі қызметінің қорытындысы шығарылып, таяу келешектегі дамуының бағыттары айқындалған Шанхай ынтымақтастық ұйымы онжылдығының Астана декларациясы.

- есірткі және психотроптық заттардың заңсыз өндірісіне, дайындауға, айналымы мен тасымалдауға қарсы күрес мәселелері жөніндегі өзара іс-қимылды белсенді жүргізуге мүмкіндік туғызатын 2011 – 2016 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясы және оны орындау бағдарламасы.

- ШЫҰ-ға кіруге үміткер мемлекеттер үшін халықаралық шарттарға қосылу рәсімдерін, қаржылық қырларының өлшемдерін анықтайтын және өзге мәселелер туралы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің мәртебе алуы мақсатындағы ұсыным беруші мемлекеттің міндеттемелері туралы Меморандум.

- денсаулық сақтау саласында қарқынды байланыстар мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін Сыртқы істер министрлері қол қойған денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы Келісім.

Қол жеткізілген келісімдер мен қабылданған құжаттар ШЫҰ-ға саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық өлшемдерде аймақтық ынтымақтастықтың тиімді тетігі және халықаралық қауіпсіздік жүйесінде маңызды элемент ретінде жүйелі және үдемелі нығайтуға мүмкіндіктер туғызады.

Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, қазақстандық төрағалық ШЫҰ қызметінің барлық бағыттары бойынша айтарлықтай серпіліс болуын қамтамасыз етті.

ШЫҰ қолданатын ережеге сәйкес Қазақстан төрағалығын мемлекет басшылары кеңесінің келесі отырысы өтетін ел ретінде Қытай Халық Республикасына тапсырды.

- Біздің қытайлық әріптестерімізге Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметін одан әрі нығайту және дамыту ісінде табыстар тілеймін, - деп қорытындылады сөзін Президент.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар