National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты

2019 жылғы 29 мамыр

Елбасы шағын құрамдағы басқосудан кейін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты. 

Жиында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев «Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті Төрағасы» атағын беру жөніндегі бастамасы үшін Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің барлық мүшелеріне Ресейдің осы ұсынысын қолдағаны үшін ризашылық білдірді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Еуразиялық экономикалық одақтың құрылу тарихына тоқталып, интеграциялық бірлестіктің Еуразия кеңістігінде қалыптасуының негізгі нәтижелерін атап өтті.  

Елбасы Еуразиялық экономикалық одақ Жер шарының 184 миллион тұрғыны бар орасан зор бөлігінің өмірлік маңызы бар сауда-экономикалық дәлізі саналатынын атап өтті.

– Біз бес мемлекеттің күш-жігерін жұмылдырып, орасан зор аумақта бірегей экономикалық одақ құрдық. Біздің бизнес қауымдастықтарымыз тығыз ынтымақтасып, Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндіктерін пайдалануда. Қазақстанда Одақ елдерімен бірлесе құрған кәсіпорындардың саны 11 мыңға жетті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті Төрағасы әлем елдерінің 40-қа жуығы Одақтың жұмысына қызығушылық танытып отырғанын айтты.

Сондай-ақ, Қазақстанның Тұңғыш Президенті тең әріптестік пен бір-бірінің нарығына еркін кіруге қатысты Одақтың реттелмеген мәселелеріне тоқталды.

– Елдеріміздің ортақ ғылыми-өдірістік әлеуетін оңтайлы іске асыруды қамтамасыз ететін өнеркәсіптік кооперация әзірге интеграцияның өзегіне айналмады. Одақ алғашқы бес жылдықтағы қарқынды даму сатысынан кейін ілгерілеудің күрделі әрі баяу кезеңіне қадам басты, – деді Елбасы.

Әлемде қалыптасқан жағдайға және өңірлік үрдістерге байланысты, Нұрсұлтан Назарбав интеграциялық үдерісті одан әрі дамытуға қатысты өз ойын ортаға салды.  

– Еуразиялық экономикалық одақтың стратегиялық аясын кеңейтіп, интеграция идеясын ілгерілету қажет. Біз Еуразиялық экономикалық одақ, Еуропа одағы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Оңтүстік Шығыс Азия елдері ассоциациясы арасында жан-жақты экономикалық ынтымақтастық орнатуымыз керек. Еуразиялық экономикалық кеңістіктің мәнісі тұйықталуда емес, керісінше, оны жаһандық өзара іс-қимыл үшін барынша ашық етуде, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

Елбасы бірлескен ірі инфрақұрылымдық жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстарды жандандыру қажеттігін айтты.

– «Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы инфрақұрылым мен логистикаға қатысты бөлігінде Еуразиялық экономикалық одақ әлеуетінің жалғасы ретінде қарастырылуға тиіс. Бұл бастама бәріміз үшін ұтымды болады. Оның экономикалық ықпалы орасан зор болып, бірлестіктің ішкі және сыртқы мақсаттарына қол жеткізуге септігін тигізеді, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев мүше-мемлекеттердің ішкі өндірісін дамытуға бағытталған «ақылды интеграцияны» жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.

– Сауда теке-тіресі жағдайында нарықтарды жаулау үшін жаңа стратегия қажет. Мысалы, АҚШ пен Қытайдың бір-біріне санкция енгізуіне байланысты өндіріс тізбегінде белгілі бір тапшылық болады. Осы тұста босаған нарықты толтыру үшін өз тауарымызды неге ұсынбасқа? Біз бұл жағдайды ұтымды пайдалана аламыз. Осы және басқа да бастамаларды ескеріп, 2025 жылға дейінгі жол картасын әзірлеуді ұсынамын, – деді Елбасы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев халықтарымыздың игілігі үшін интеграциялық бірлестікті одан әрі дәйекті дамытудың маңыздылығын атап өтті.

– Бұл орайда экономикалық мақсаттарға беріктік және міндеттерді тек экономикалық қажеттілік тұрғысынан жүзеге асыру ниеті институттарымыздың жұмысындағы негізгі басымдық болуға тиіс. Баршаңызға толағай табыс тілеймін, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Баспасөз қызметі


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің