National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Боао азиялық форумының XII сессиясы жұмысына қатысты

2013 жылғы 07 сәуір

Форумға он мемлекет басшысы, үкімет басшылары, халықаралық ұйымдар жетекшілері, шет мемлекеттердің іскер, ғылыми және қоғамдық орта өкілдері қатысты. Әлемнің аса ірі коммуникативтік алаңы болып саналатын іс-шараға барлығы 1800-ге жуық делегат келсе, қатысушылардың жалпы саны үш мыңнан асты.    

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде Азия құрлығының ерекше мәнге ие болуына байланысты форумның өзектілігі артып келе жатқанына тоқталды.

– Алдымен бұл жерге басты өндірістік әлеует шоғырланды. Одан соң мұнда  әлемдік нарықтарға серпін беретін экономикалық белсенді орталық орын тепті. Келесі кезең Азияның негізгі даму идеялары мен модельдерінің қайнар көзіне айналуы болады деп сенемін. Бұл жерде тек экономикадағы ғана емес, өзге де көптеген салаларда халықаралық күн тәртібі түзілетін болады. Азия елдері арасындағы өзара сенімнің нығаюы жаһандық міндеттерді шешуде айтарлықтай ілгерілеудің кепілі болып саналады, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті табысқа жетудің ортақ стратегиясын қалыптастыру үшін Азияның барлық мемлекетінің тәжірибе алмасуы өте маңызды екенін атап айтты.  

– Қазақстандық модель әлемдік нарықтық үдерістер интеграциясы мен инновациялық типтегі қуатты экономиканың дамуына негізделген. Ішкі саясаттағы тұрақты ахуал мен дағдарысқа қарсы тиімді шаралар арқасында Қазақстан дамудың жоғары қарқыны мен жұмыссыздықтың төмен деңгейін сақтап қалды. Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 2012 жылдың қорытындылары бойынша шамамен 6 пайызға өсті. Ал жұмыссыздық бұл ретте 6 пайыздан асқан жоқ. Халықаралық жалпы резерв 90 миллиард долларға жуықтады. Қазақстан жаңғыртуды жоғары технология салаларын ынталандыра отырып жүргізуде. Бұл – «жасыл технология», баламалы энергетика және энергияны сақтау салаларындағы жобалар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы біздің елде мұнай-газ шикізатын толығымен өңдеу, тыңайтқыш өндіру, логистика және өзге де салаларға салынатын  инвестициялар үшін жол ашық екенін атап өтті.

– Заманауи көлік инфрақұрылымы жасалуда. Біз «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистральды көлік дәлізін сала отырып, «Жібек жолын» қайта жаңғыртып жатырмыз. Ол 2015 жылдың өзінде-ақ іске қосылатын болады. Қазақстанның елордасы – Астана «Болашақты энергиясы» ұранымен 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесі өтетін орын ретінде таңдап алынды. Қол жеткізгенімізбен тоқтап қалмай, біз жаңа межелерге көз тігіп отырмыз. «Қазақстан-2050» жаңа саяси бағытын жүзеге асыра бастадық. Ұзақ мерзімге арналған бұл стратегия мемлекет пен қоғамның дамуында инновациялық, экономикалық және әлеуметтік қағидаттарды алға қояды. Біз барлық мүдделі елдермен белсене ынтымақтасу ниетіндеміз, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев әрбір мемлекеттің табысы құрлықтың жалпы ахуалының жайлылығына үлес болып қосылатынын атап өтті. Өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру үшін бізге барлық мемлекеттің келісілген жүйелі әрекеті қажет. Олар қарым-қатынастардың кең ауқымын қамтуға тиіс.

Осы орайда, Мемлекет басшысы форумға қатысушылар назарын осы маңызды нәтижелерге қол жеткізу үшін жасалуы мүмкін бірқатар негізгі қадамдар мәселесіне аударды.

– Одан әрі даму жолдарын іздестіруде табысқа жету шешім қабылдау сипаты арқылы анықталады. Онда барлық мемлекеттің позициясы ескерілуге тиіс, өйткені ешкім де енді жаһандық, әсіресе жағымсыз құбылыстардан сырт қала алмайды. Бүгінде барынша ашық болу өте маңызды. Қазақстан 2012 мамырда G-Global алаңын қалыптастыру идеясын ұсынды. Бұл – жаһандық дағдарысты еңсеру жолдарын іздеуге арналған жүйелі диалогты қолдау жөніндегі біздің бастамамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті қазіргі қиындықтарды жеңу үшін әлемдік қоғамдастық дәлме-дәл және тиімді қаржы архитектурасына қарай біртіндеп қадам жасауы керектігін атап өтті.

– Халықаралық сауда мен инвестицияның дамуы бүкіл әлемде қаржы-несие саясатын қатаң үйлестіруді талап етеді. Бұл ықтимал қатерлерді барынша азайтуға, алдын алу режімінде жұмыс жүргізу үшін күш жұмылдыруға мүмкіндік береді. Көптеген сарапшылар халықаралық қаржы архитектурасын, атап айтқанда, әлемдік валюта жүйесін реформалау туралы идеяны қолдайды, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа сын-қатерлерге қарсы тұрудың тиімді жолы еуразиялық кеңістікте интеграциялық үрдістерді күшейту бола алар еді деген ойын жеткізді.

– Координаттардың әлемдік жүйесі ортасынан ойып тұрып орын алуға Еуразияның барлық мүмкіндігі бар. Еуразиялық континентте әлемдік өнімнің 50 пайыздан астамы өндіріледі. Мұнда Жер шары халқының үштен екісі өмір сүреді. Коммуникациялық инфрақұрылымды дамытып, сауда және өзара инвестицияны ынталандыру қажет. Сонымен қатар, энергетикалық серіктестік, инновациялық және білім алмасу маңызды бағыттар болып саналады. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан, Беларусь және Ресей Бірыңғай экономикалық кеңістік құрды. Ол Батыс пен Шығысты байланыстырады. Бес жүз миллиондық Еуропалық Одақ нарығы мен жарты миллиард Қытай арасындағы құрлықтағы табиғи көпір міндетін атқарады Бұл бірлестік бүкіл Еуразия құрлығының дамуына оң әсерін тигізетін болады, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы дамудың эволюциялық жолында ғылым және білім беруге аса жоғары талаптар қойылатынын айтты. Ғылыми, зерттеушілік және инновациялық салаларда өзара ықпалдастықты жандандыру қажет. Ол үшін Азияның инновациялық ынтымақтастықты дамыту саласындағы іс-қимыл бағдарламасын әзірлеген дұрыс. Ол Азиядағы қуатты технологиялық одақтарға негіз қалайды.  

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік экономика үшін Азия елдері арасындағы ықпалдастықты кеңейтуге, әсіресе көлік саласында, энергетика саласында, атап айтқанда, баламалы энергетика саласында, сондай-ақ аграрлық кооперация саласында бұрынды-соңды болып көрмеген зәрулік барына да тоқталды.

Қазақстан Президенті бір айдан соң біздің елордамызда Алтыншы Астана экономикалық форумы өтетінін айтты. Онда БҰҰ қолдауымен Дағдарысқа қарсы бүкіләлемдік конференция да өтпек.  

– Боао форумының он екінші сессиясының нәтижелері сол конференцияда шешімдер әзірлеуге септігін тигізеді деп сенемін. Олар біздің өңірде және бүкіл әлемде қауіпсіздікті, тұрақтылық пен өсіп-өркендеуді қамтамасыз ету ісіндегі ұзақ мерзімге арналған шешімдерге негіз болады, – деді Мемлекет басшысы.

Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев кездесуге қатысушыларға қазіргі заманғы проблемаларға деген Қазақстанның көзқарасына ықылас танытқаны үшін алғысын айтты.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің