Жаңалықтар

2 желтоқсан 2014
Қазақстан мен Түрікменстан Президентері келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен брифинг өткізді
Ашғабат қ, Түрікменстан

 

Нұрсұлтан Назарбаев қол жеткен уағдаластықтардың ерекше маңыздылығын атай келіп, кең ауқымдағы мәселелер жөнінде жүргізілген келіссөздердің нәтижесіне жоғары баға берді.

– Бүгінгі сапар қарым-қатынастарымызды нығайтуға деген ортақ ықыласты көрсетеді. Ынтымақтастықты дамыту жөнінде пікір алмасылды.  Сондай-ақ бізге сөзсіз әсері тиетін өңірлік және жаһандық қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Біз елдеріміз арасындағы ықпалдастықты күшейтуге  бағытталған бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойдық, – деді Қазақстан Президенті .

Мемлекет басшысы екі елдің шекаралас аумақтары арасындағы тікелей байланысты дамытудың маңыздылығына назар аударды. 

– Маңғыстау облысының әкімдігі мен  Балқан уәлаяты хякимлигі арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Ол шекаралас облыстардың өзара ықпалдастығын тереңдетуге елеулі серпін беретін болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті келіссөздер барысында өсім үшін жақсы әлеуетке ие сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне зор көңіл бөлінгенін айтты.

– Елдеріміз арасындағы тауар айналымы биылғы 9 айда 23%-ға ұлғайды. Әлемде дағдарыс құбылыстары болып, экспорт азайып жатқан кезде біздің елдеріміз арасындағы сауда өсу үстінде, оның мөлшері 500 миллион долларға таяды. Бірақ бұл қарқын да біздің өзара ықпалдастығымыздың бүкіл әлеуетін толық ашпайды. Таяу уақытта Тауар айналымын ұлғайту жөніндегі бірлескен жұмыс тобының бірінші отырысын өткізу жоспарлануда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Мемлекет басшысы Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Түрікменстанның өнеркәсіпшілер және кәсіпкерлер одағы арасында құрылған Іскерлік кеңес екі елдің бизнес-қоғамдастықтарының өкілдері арасындағы пайдалы экономикалық байланыстарды жолға қоюға септігін тигізетінін айтты.

 Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» халықаралық теміржол магистралінің Қазақстан-Түрікменстан учаскесінің іске қосылуы арқасында қол жеткен айтарлықтай экономикалық тиімділікке назар аударды.

– Оның іске қосылуы арқылы биылдың өзінде, 8 айдың қорытындысы бойынша, жүк ағыны 40%-ға жуық ұлғайды, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті түрікмен-иран учаскесін іске қосу да өңір елдері үшін зор маңызға ие болатынына тоқталды.

– «Өзень – Берекет – Гөрган» теміржолы біздің елдерімізге солтүстік және оңтүстік бағыттарда жүк тасымалын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Біз елдеріміздің географиялық қонысын Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік көпір ретінде бұдан әрі де барынша тиімді пайдалануға уағдаластық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан аумағындағы жаңа бағыттар Түрікменстанға Қытай және одан әрі Тынық мұхитына қарай жүк тасымалдау мүмкіндігін ашатынына тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев елдеріміз халықаралық салада өзара қолдау көрсетіп, ынтымақтастықты әрі қарай дамытатынын айтты.

– БҰҰ, ИЫҰ, ТМД, Түркі кеңесі және басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы бастамаларды жүзеге асыруға белсене қатысатын боламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті сапар қорытындысы қазақ-түрікмен қатынастарын  ықпалдастықтың барынша сапалы деңгейіне шығаратынына сенім білдірді.

Түрікменстан Президенті өз сөзінде екі елдің арасындағы дәстүрлі достық пен ашықтық ауанында өткен келіссөздердің жемісті болғанын атап өтті.

– Біз барлық бағыттар бойынша екіжақты диалогтың қазіргі деңгейін жоғары бағаладық. Біздің Қазақстанмен байланыстарымыз теңқұқылық және өзара тиімділік қағидатымен қарқынды әрі жүйелі дамып келеді, – деді  Г.Бердымыхамедов.

Ол сондай-ақ екі елдің ынтымақтастығы Орталық Азия мен Каспий өңірі кеңістігіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздіктің стратегиялық факторы болып  отырғанын айтты.

Сонымен қатар, Г.Бердымұхамедов келіссөздер барысында экономика және сауда, соның ішінде тауар айналымын әртараптандыру, инвестициялық саясатты жандандыру, өнеркәсіпте, аграрлық кешенде және көлік саласында  ірі жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне айрықша назар аударылғанын мәлімдеді. Соңында Түрікменстан Президенті Қазақстан халқына татулық пен бақ-береке тілейтіндігін жеткізді.

Брифинг барысында сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан мен Түрікменстанның арасындағы тату көршілік және достық қарым-қатынастарды нығайту ісіне қосқан зор үлесі үшін «Түрікменнің Ел ағасы» құрметті атағын тапсыру рәсімі өтті.

***

 Мемлекет басшыларының келіссөздер қорытындысы бойынша төмендегідей құжаттарға қол қойылды.:

 – Халықаралық Түркі академиясы мен Түрікменстан ғылым академиясының арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

– Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Түрікменстанның өнеркәсіпшілер және кәсіпкерлер одағының арасында Іскерлік кеңес құру туралы келісімге;

– Қазақстан Республикасы Маңғыстау облысының әкімдігі мен Түрікменстанның Балқан уәлаятының хякимлигі арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісім;

– Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасында Қазақстан – Түрікменстан – Иран халықаралық транзиттік телекоммуникациялық бағытын құру туралы меморандум

– Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметінің арасында теңіз көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

– Қазақстан Республикасы Президенті мен Түрікменстан Президентінің бірлескен мәлімдемесі.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де шетелдерге сапарлар
Барлық шетелдерге сапарлар