National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Қазақстан Президенті Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті

2016 жылғы 16 тамыз

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин G20, ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесі және Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында өтетін алдағы кездесулерге дайындық барысын қарастырды.

Мемлекет басшысы Сочи қаласына шақырғаны үшін В.Путинге алғыс айтып, оның Ресей өңірлерін дамыту жолындағы қажырлы еңбегін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты ынтымақтастықтың қарқынына ризашылығын білдіріп, оны Қазақстанның ілгерілете түсуге ниетті екенін айтты.

– Біздің қарым-қатынасымыз саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да үлгі етуге лайық деп санаймын. Осы жылдары Қазақстан мен Ресейдің 6 мың бірлескен кәсіпорны құрылып, интеграциямыздың өмірде нақты іске асқанын көрсетті. Алдағы Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына үлкен үміт артамын. Оның экономикалық тұрғыдан маңызды кездесу екенін білемін, осыған орай көптеген жобалар әзірленуде. Қазіргі мәселелер біздің үкіметтеріміз арқылы шешімін табуда. Елдеріміздің міндеті – осындай қиын жағдайда әрдайым бірге болу және бір-бірімізге көмектесу. Достық, ынтымақтастық пен өзара көмек туралы шартқа және ХХІ ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы шартқа негізделген Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы тұрақты болып қала береді. Қазақстан мен Ресей сенімді көрші әрі әріптес болып саналады және барлық мәселелерді өркениетті елдердегі үлгі бойынша шешеді. Ресейдің Түркиямен қарым-қатынасы жақсарып келе жатқанына қуаныштымын, – деді Қазақстан Президенті.

В.Путин Қазақстан Президентінің Ресей-Түркия қарым-қатынасын қалыпқа келтіру жолындағы қайрат-жігері үшін алғыс айтып, жағдайды реттеудегі бітімгерлік миссиясын атап өтті.

– Көріп отырғанымыздай, бұл қадам жемісті болды. Біз көптеген жылдар бойы бірегей ынтымақтастық қарым-қатынасымыз бен өзара іс-қимылымыз орныққан достас Түркиямен толық форматтағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге риясыз ұмтылыс жасап отырмыз. Түркия Президенті Р.Ердоғанның Ресейге соңғы сапары екіжақты байланыстарды қалыпқа келтіру ғана емес, оны дамыту жөнінде де біздің толыққанды жұмыс жүргізуге ниетті екенімізді дәлелдеп берді. Сол үшін Сізге көп рахмет, – деді Ресей Президенті.

Бұдан бөлек, В.Путин Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің барлық бағыт бойынша табысты дамып келе жатқанына назар аударды.

– Әрине, біз экономикада қиындықтарға да кезігіп тұрамыз, әсіресе әлемдік шикізат нарығындағы тұрақсыздық пен валюталық ауытқу жағдайында төмендеу байқалуда. Бұл ретте нақты көлемі жөнінен ол соншалықты көп емес – небәрі 7%. Қазіргі ынтымақтастық тетіктері бізге оны еңсеруге мүмкіндік береді. Ал бізде мұндай тетіктер тиімді жұмыс істеуде, – деді Ресей Президенті.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің