Жаңалықтар

24 қараша 2012
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Германия саяси және іскер топтарының белгілі өкілдерінен Астананың «ЕХРО-2017» көрмесінің өтетін орны ретінде таңдалуына орай құттықтаулар келіп түсуде

 

Өз хаттарында авторлар Халықаралық көрмелер бюросының «ЕХРО-2017» мамандандырылған көрмесін Қазақстанда өткізу туралы шешіміне ырзашылық білдіреді.

Германия Бундестагының депутаты, ГФР-дың бұрынғы экономика және технология федералды министрі Михаэль Глос өз құттықтауында «ЕХРО-2017» көрмесін өткізу құқығын Қазақстанға тапсыру біздің еліміздің зор әлеуетінің айғағы болып есептелетінін жеткізеді.

«Сізге және Қазақстан халқына көрмені өткізуде толайым табыстар тілегім келеді. 2017 жылы Астанаға арнайы бару мүмкіндігі туғанына қуаныштымын» деп жазады автор.

Бундестаг депутаты Манфренд Грунд «ЕХРО-2017» бүкіләлемдік көрмесі Орталық Азияда және ТМД елдерінде тұңғыш рет өтетінін атап өткен. «Халықаралық көрмелер бюросының шешімі Қазақстанның экономикалық ілгерілеуінің дәлелі болды, ал көрме тақырыбының «Болашақтың энергиясы» деп таңдалуы көрегендік пен болашақ даму үшін елдің жауапкершілігін айқын танытты» деп жазады Грунд.

Германия экономикасының Шығыс комитетінің төрағасы Экхард Кордес «ЕХРО-2017» көрмесін Астанада өткізу әлем және Қазақстан экономикасының табыстарын көрсететін алаң болатынына сенім білдіреді.

«ЕХРО-2017» көрмесіне дайындық аясында Сіздің еліңіз бен неміс экономикасы арасында бірлескен шаралар ұйымдастыруға үміттенетінімді жеткізгім келеді» дейді Э.Кордес.

Хат авторлары «ЕХРО-2017» көрмесін табысты жоспарлау мен өткізу үшін Астанаға және бүкіл елге үлкен тілеулестігін білдіреді. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге жеделхаттар мен хаттар
Барлық жеделхаттар мен хаттар