Жаңалықтар

12 наурыз 2011
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен телефон арқылы сөйлесті.

Әңгіме барысында Мемлекет басшысы БҰҰ басшысымен халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, оның ішінде Магриб елдеріндегі, Таяу Шығыс пен Орталық Азиядағы жағдайды талқылады.

Пан Ги Мун Қазақстанның белсенді және сындарлы сыртқы саяси қызметі үшін ризашылығын білдірді. Атап айтқанда, БҰҰ Бас хатшысы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалығын және осы ұйымның саммитін Астанада жоғары деңгейде өткізгенін атап өтті.

Пан Ги Мун Қазақстан Президентінің Қасым-Жомарт Тоқаевты БҰҰ жүйесіндегі басшылық қызметке ұсыну туралы ұсынысы БҰҰ тарапынан мұқият қаралғанын хабарлады. Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті, ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуға қосқан айтулы үлесін, елдің әлеуметтік экономикалық дамудағы және сыртқы саясаттағы табыстарын ескере отырып, БҰҰ Бас хатшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің Бас директоры қызметіне тағайындау туралы шешім қабылдады.

Өз кезегінде, Мемлекет басшысы Пан Ги Мунның 2010 жылы Қазақстанға жасаған екі сапарының маңыздылығын атап өтіп, БҰҰ Бас хатшысына 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялау туралы Қазақстанның бастамасына қолдау көрсеткені үшін алғысын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Пан Ги Мунды Семей сынақ полигонының жабылғанының 20 жылдығына арналған халықаралық конференцияға қатысуға шақырды. БҰҰ Бас хатшысы бұл шақыру үшін алғыс айтып, ұсынысты зейін салып қарауға уәде етті.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар