Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

6 маусым 2012
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің Мемлекет басшылары кеңесінің отырысына қатысты.

Отырыста сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев 2013-2015 жылдарға арналған Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес жөніндегі ынтымақтастық бағдарламасын бекітудің маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің құзыретті органдары, ескертушілік-алдын алу шаралары бар кешендегі ШЫҰ-ның диалогы бойынша бақылаушылар мен серіктестер арасындағы лаңкестікке қарсы қызметті үйлестіруді күшейту қажеттігіне назар аударды.

Қазақстан Президенті қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты тереңдету мақсатында бірқатар нақты ұсыныстарды іске асыруға топтасуды ұсынды.  Атап айтқанда, сөз  ШҰЫ-ға мүше елдердің аумақтық және өңірлік жанжалдарын реттеу жөнінде Кеңес құру, ШЫҰ аясында интернет-басқыншылықтан қорғау міндетін орындайтын арнайы орган құруды ұйымдастыру, сондай-ақ ШЫҰ Болжаушылық орталығын құру туралы болып отыр. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте ынтымақтастықты дамытуды қолдайтынын атап өтті.

- Қазақстан ­- ШЫҰ аясында экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтудың дәйекті жақтаушысы. Экономика саласындағы өзара іс-қимыл Ұйымның таяу келешектегі басты міндеттерінің біріне айналатынына сенемін. Бұл арада Іскерлік кеңес пен Банкіаралық бірлестік тәрізді құрылымдар ерекше рөл атқаруға бейімді. ШЫҰ-ның Арнайы есеп-шоты мен ШЫҰ Даму банкінің жобалық қызметтерін қаржылық қамтамасыз ету тетіктерін құру жөніндегі жұмысты қолдаймыз. ШЫҰ-ның көлік-транзит әлеуетін іске асыру ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары болмақ. Бұл Ұйым аясында өзара тауар айналымын ұлғайтуға, Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік жүк тасқынын кеңейтуге мүмкіндік береді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Қазақстан транзиттік жүк тасқынын екі есе ұлғайту мақсатында көлік-логистикалық қызметті дамыту жөніндегі жобаны белсенді іске асыратынын атап өтті.

- Орталық Азиядағы су ресурстарының шектелуі жағдайында ШЫҰ аясында су және азық-түлік проблемасы жөнінде құрылым құру өзекті болып табылады. Бұл Ұйымға мүше мемлекеттердің мүдделерін ескеруге және дау-дамайдың туындауынан құтылуға мүмкіндік жасайды. ШЫҰ аясында инновациялық ынтымақтастықты дамыту бағдарламасын әзірлеуді және ғылым мен жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім жасағанды жөн деп санаймыз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы – 2001 жылы Қазақстан, Қырғыз, Қытай, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан көшбасшылары тарапынан құрылған өңірлік халықаралық ұйым. Ұйым 1996-1997 жылдары Қазақстан, Қырғыз, Қытай, Ресей және Тәжікстан арасындағы әскери саладағы сенімді нығайту туралы және шекара аумағында қарулы күштерді өзара қысқарту туралы келісімге қол қоюдың нәтижесіне негізделген «Шанхай бестігі» базасында құрылды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар