Жаңалықтар

7 тамыз 2008
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бейжіңде Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтаомен кездесті
big-01Eg.jpg

Нұрсұлтан Назарбаев Қытай басшысын 29-шы жазғы Олимпиада ойындарының ашылуымен құттықтады. Мемлекет басшысы Қытай астанасына біздің еліміздің Бейжің Олимпиадасына қолдауын көрсету, сондай-ақ қазақстандық спортшыларға жанкүйер болу үшін келгенін атап айтты.


Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Олимпия ойындарын саясаттандыруға оның кез келген түрінде және көріністерінде қарсы екенін мәлімдеді, сондай-ақ Олимпиада-2008 спорт тарихында ең бір әсем де ұмытылмас оқиға болатынына сенім білдірді.


ҚХР Төрағасы өзінің қазақстандық әріптесіне ізгі тілектестігі үшін, сондай-ақ Алматыда олимпиадалық алау эстафетасын өткізудің жоғары деңгейі үшін алғыс айтты.


– Біз Сізді қытай халқының үлкен досы ретінде білеміз, – деді Қытай лидері. – Және де біз Қазақстан спортшыларына сәттілік тілейміз.


Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық атлеттер қонақжай қытай жерінде жоғары нәтижелерге қол жеткізетініне сенім білдірді.


Қазақстандықтар спорттың 22 түрі бойынша 132 олимпиадалық лицензияға ие болды. Алғаш рет Олимпиада ойындарына спорттың ойын түрлерінен қазақстандық құрамалар қатысады – бұлар қол добы мен волейболдан әйелдер командалары.


Тараптар сондай-ақ сауда-экономика, саяси және гуманитарлық салаларда екі жақты қатынастардың жай-күйін және даму перспективаларын талқылады.


– Бұдан үш жыл бұрын біз Сізбен бірге Қытай мен Қазақстанның стратегиялық әріптестігі туралы жария еттік, – деді Ху Цзиньтао. – Бұл біздің сыртқы саясаттағы басымдықтарымыздың бірі болып табылады. Біздің елдеріміз қазір стратегиялық өзара ықпалдастықты тереңдете алады. Мен Сізді Қытайға келесі жылы ресми сапармен келуге шақырамын.


Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қытай басшысының былтырғы жылғы Астанаға сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтар ойдағыдай іске асырылып жатқанын атап өтті. Бұл минералдық ресурстар саласындағы жобалар секілді шикізаттық емес салалардағы ынтымақтастықтың бірлескен бағдарламасына да қатысты.


Үстіміздегі жылдың алғашқы бес айының қорытындылары бойынша өзара сауда көлемі 6,4 млрд. долларға жетті, бұл 2007 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,4%-ға көп. Қазіргі бар оң үрдістерді сақтаған жағдайда Қазақстан мен Қытайдың арасындағы тауар айналымы 2008 жылдың өзінде-ақ айрықша белеске – 15 млрд. долларға жетеді екен.


Екі мемлекеттің басшылары Қазақстан мен Қытайдың өзекті әлемдік және өңірлік проблемалар бойынша ұстанымдарының ұқсастығын, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында халықаралық ұйымдардағы, ең алдымен Біріккен Ұлттар Ұйымы және Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы тиімді өзара ықпалдастыққа ұмтылысты қуаттады.


Кездесуді аяқтай келе ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао Нұрсұлтан Назарбаевты және қазақстандық делегацияны Қазақстан Президентінің құрметіне берілетін ресми кешкі қонақасыға шақырды және бұл ретте былай деп атап көрсетті:

Олимпия ойындарының ашылуына 80-нен астам мемлекеттер мен үкіметтер басшылары келеді. Бірақ та мен жеке қабылдауды үш мейманға ғана – президент Дж.Бушқа, премьер В.Путинге және Сізге ғана жасаймын.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар