Жаңалықтар

30 наурыз 2011
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар шетел мемлекеттерінің Қазақстан Республикасындағы жаңадан тағайындалған елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады.

Сенім грамоталарын Президентке Польша Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Яцек Ключковский, Үндістан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Ашок Кумар Шарма, Ауғанстан Ислам Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Сохраб Али Сафари, Латвия Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Юрис Маклаковс, сондай-ақ БҰҰ Даму бағдарламасының Тұрақты өкілі Стивен Тулл тапсырды.

Рәсімнің ашылуында сөйлеген сөзінде, Мемлекет басшысы «Сіздер Қазақстанға тарихымыздың маңызды және жауапты кезеңінде келіп отырсыздар. Алдағы жексенбіде елімізде Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы өтеді. Сайлауды байқауға 1 мыңнан астам шетелдік байқаушылар қатысады», деп атап өтті.

- Жаңа Қазақстан маңызды тарихи бетбұрыс кезеңінде тұр. Біз өз Тәуелсіздігіміздің жиырмасыншы жылына қадам бастық. Бұл жиырма жыл біздің қоғамға және барша қазақстандықтарға өзгерістер әкелді. Біз жаңарған заманауи мемлекетте өмір сүріп жатырмыз, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын үдейту, индустриалдық-инновациялық жоғары технологиялық экономиканы құру, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту ниетінде.

Биыл Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйымын басқарады. Ұйымға қазақстандық төрағалық барысында төзімділік, дискриминациялауға жол бермеу, мәдениетаралық және дінаралық диалог идеяларын дамыту мәселесіне басымдық берілетін болады. Бүгінде Қазақстан өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауға оң ықпал ететін Шанхай ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етуде. Қазақстан ШЫҰ-ның мерейтойлық саммитін өткізуге белсене дайындалуда.

- Осы және өзге де жауапты міндеттерді іске асыруда біз сіздер елшісі болып табылатын достас мемлекеттердің қолдауына сүйенеміз, - деп атап өтті Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев Ауғанстан Ислам Республикасымен қатынастарды дамыту Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыты саналатынына тоқталып өтті. Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың Ауғанстанды қалпына келтіру жолындағы күш-жігерін қолдайды. Алдағы уақытта да достас ауған халқына көмек көрсетуін жалғастырады. Президенттің бастамасы бойынша қазақстандық жоғары оқу орындарында ауған студенттерін оқыту үрдісі басталды.

- Үндістан Қазақстанның Азиядағы маңызды әріптесі болып табылады, сондықтан біз екі ел арасындағы ынтымақтастықты 2009 жылы қабылданған Стратегиялық әріптестік туралы бірлескен декларацияға сәйкес дамытуға мүдделіміз. Қазақстан мен Үндістан бүгінгі таңда халықаралық аренада, соның ішінде өңірдегі және жалпы Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау мәселесі бойынша белсенді әрекеттесуде. Біз Үндістанның АӨСШК үрдісі мен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшылары аясындағы дінаралық диалогқа көрсетіп жатқан қолдауын жоғары бағалаймыз. Биылғы жылдың сәуір айында Үндістан Премьер-Министрі М.Сингх Қазақстанға сапармен келеді. Бұл сапар қазақ-үнді қарым-қатынастарын, оның ішінде экономикалық саладағы қатынастарды одан әрі дамытуға жаңаша серпін беретініне сенемін, - деді Мемлекет басшысы.

Президент Латвия Қазақстанның Балтық өңіріндегі жетекші әріптесі болып табылатынын атап өтті. Елдер арасында түрлі деңгейде тұрақты және жемісті диалог орнатылған. Қазақстан мен Латвия парламенттерінде достық және ынтымақтастық топтары бар. Ауқымды шарт-құқық база қалыптасқан.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Польша арасында ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша жақсы байланыстар орнатылғанын, өзекті өңірлік және халықаралық түйткілдер бойынша жүйелі түрде пікір аламасулар болып тұратынын айтты. Қазақстандағы 50 мыңдық поляк диаспорасы екі елді жақындастырудың маңызды факторы болып табылады, бұл үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Қазақстандық поляктар арасында Отанымыздың гүлденуіне үлес қосып жүрген белгілі заңгерлер, ғалымдар мен іскер адамдар бар.

- Біз Біріккен Ұлттар Ұйымымен және оның құрылымдық бөлімшелерімен әрекеттестікке үлкен мән береміз. Осы орайда, БҰҰ Даму бағдарламасының менің Қазақстан халқына Жолдауымда атап өтілген салаларға - әлеуметтік салаға, денсаулық сақтау, еңбекпен қамту, кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне қолдау көрсететініне үміт артамыз, - деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысы Төтенше және Өкілетті елшілерді Астанадағы жауапты дипломатиялық қызметтерінің басталуымен құттықтады және олардың Қазақстанда атқаратын жұмыстарының барлық кезеңі өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту ісінде жаңа жетістіктермен ерекшеленіп, қол жеткізілген нақты нәтижелер елдеріміз арасындағы саяси және іскерлік әрекеттестігін анағұрлым жоғары деңгейге көтеретініне өз сенімін білдірді.

Өз кезегінде, жаңадан тағайындалған елшілер Нұрсұлтан Назарбаевқа ықыласқа толы сөзі үшін алғыстарын айтып, өз елдерінің Қазақстанмен ынтымақтастығын одан әрі дамыту үшін барлық күш-жігерлерін салатындықтарына сендірді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар