Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

25 наурыз 2009
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Финляндияға мемлекеттік сапары аясында осы елдің бизнес-элитасы өкілдерімен кездесті.
big-01site.jpg

Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне арнайы ұйымдастырылған таңғы асқа финляндиялық ірі компанияларының басшылары, соның ішінде «Rautaruukki Corporation» компаниясының басқарма төрағасы Сакари Тамминен, «Nokian Tyres Plc» компаниясының президенті және бас директоры Ким Грант, «Outotec Oyj» компаниясының бас директоры Тапани Ярвинен, «Warstila Corporation» корпорациясының вице-президенті Торе Бьёркман және басқалар қатысты.


Кездесуге қатысушылар әлемдік экономикада қалыптасқан қиын жағдайды талқылап, жаһандық экономикалық дағдарыстан шығу жолдарына қатысты өз ойларын ортаға салды. Мемлекет басшысы Финляндия Қазақстанның сенімді сауда және инвестициялық серіктесі бола алатынын атап өтті. Ол фин компанияларын Қазақстан нарығына жаңа жобалармен шығуға шақырды.


Н.Назарбаев Қазақстан Финляндияның кәсіпкерлеріне өңдеуші кешенді, машина жасау саласын, энергетика, көлік транзиті және коммуникациялық инфрақұрылым, құрылыс, фармацевтика салаларындағы жобаларды ұсынуға дайын екенін атап көрсетті. Сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешенін дамыту ынтымақтастықтың маңызды бағыты болып табылады. Қазақстан бидай мен ұн өндірісі бойынша әлемде жетекші орынға ие. Сонымен қатар, мал шаруашылығы мен ет-сүт өнімдері өндірісінің мүмкіндіктері зор.


- Қазақстан Финляндияны Еуропалық Одақтағы перспективалық сауда-экономикалық серіктес ретінде қарастырады. Біздің өзара күш-жігеріміздің нәтижесінде Финляндия кәсіпкерлерінің Қазақстандағы бизнеске қатысуын кеңейтуге, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды арттыруға қол жеткізіледі деп үміттенемін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Сол күні Мемлекет басшысы «Отаниеми» технологиялық хабін аралап көрді.


«Отаниеми» Скандинавиядағы жетекші ғылыми орталық болып табылады, оның құрамында жоғары білікті зерттеу ұйымдары, жоғары технологиялар саласындағы академиялық және білім беру институттары мен кәсіпорындар бар.


Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ технологиялық хаб құрамына кіретін финдік «Иннополи» технопаркінде болды.


«Отаниемиде» салалық зерттеу институттарымен қатар Финдік ғылым орталығы, Финляндияның геологиялық ведомствосы, Хельсинки қаласының сараптама орталығы, Метрология және сертификаттау орталығы орналасқан.


Еуропалық Одақ «Отаниеми» орталығына Еуропаның ең инновациялық өңірі атағын екі мәрте берген. Оны сондай-ақ Финляндияның силикондық алабы деп те атайды.


Мемлекеттік сапар аясында «Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы» АҚ («Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры) мен «TEKEL» финдік технологиялық парктер қауымдастығы және «INNO PRAXIS» финдік консалтингтік компаниясы арасында «Қазақстан Республикасындағы инновациялық инфрақұрылымды құруға, нығайтуға және дамытуға финдік мамандарды тарту туралы» меморандумға қол қойылды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар