Министр Елбасына денсаулық сақтау саласын реформалау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың 2005 жылғы қорытындылары және Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген тапсырмаларды жүзеге асыру жөніндегі жоспарлары туралы баяндап берді.
- Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясында денсаулық сақтау саласына қатысты төрт негізгі басымдық айқындалды. Бұл – денсаулық сақтау саласын дамыту мен реформалаудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жедел іске асыру, сондай-ақ елдің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі өлшемдеріне байланысты мәселелер; өмір сүру жасы, ана мен бала өлімі, туберкулез бен СПИД-ке шалдыққандардың санын азайту және елімізде жедел медициналық көмек көрсетуді дамыту. Сондай-ақ қазақстандықтарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын қамтамасыз ету мәселелеріне аса назар аударылды. Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында кестеге сәйкес жоспарланған барлық іс-шараларды толық көлемде және белгіленген уақытта жүзеге асыруға дайын, - деді Е.Досаев журналистерге арналған брифингте.