Жаңалықтар

6 наурыз 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Грузия Президенті Михаил Саакашвилимен кездесті.

Келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықты дамытудың негізгі бағыттары мен болашағы талқыланды. Тараптар саяси диалог пен сауда-экономикалық байланыстар дейгейіне ризашылықтарын білдірді.


Мемлекет басшылары екі елдің арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамытудың дәйекті сипатына ризашылық білдірді және Грузия экономикасының басымды салаларына Қазақстаннан инвестиция тартудың маңыздылығын атап өтті.


Келіссөздер барысында энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне айрықша көңіл бөлінді және Қазақстанның Баку-Тбилиси-Джейхан жобасына қосылуының маңыздылығы аталып өтті.


Президенттер қазақстан-грузин қарым-қатынасын одан әрі тереңдетуге мүдделілік танытып, жоғары деңгейдегі саяси диалогты жалғастыра беруге ынталы екендіктерін білдірді.


Келіссөздер қорытындысы бойынша Бірлескен коммюнике қабылданды. Коммюникенің мәтінін мына жерден қараңыз.


Кездесу аяқталған соң Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Грузия Президенті Михаил Саакашвили бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді.


- Грузия Президентімен өткен келіссөздер әдеттегідей, сауда, саясат салаларындағы және басқа да бағыттар бойынша біздің мемлекеттеріміздің ынтымақтастығын дамытуға деген өзара мүдделілігімізбен ерекшеленеді. Өзара сапарлармен алмасқаннан кейінгі тауар айналымының өткен жылғы өсімі 90 пайызды құрап отыр, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.


- Біздің мұнда келуіміз әрқашан әсерлілігімен әрі таң қаларлық өзгерістермен есте қалады. Себебі, осында әр келген сайын біз жаңа әрі ерекше әсерлі Астананың куәсі боламыз. Осы жолы мен өзіммен бірге тек Тбилиси мэрін ғана емес, сондай-ақ Астананың қалай бой көтеріп жатқанын көрсін, көп нәрсені үйренсін деген ниетпен қаланың бас сәулетшісін ертіп келдім. Біз әрдайым қарым-қатынасымыздың серпінін қанағаттанарлық сезіммен айқындаймыз. Біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар – ТМД-дағы қарым-қатынастардың үлгісі іспеттес деп ойлаймын. Тәуелсіздіктің, еркіндік пен достықтың жаңа жағдайындағы қарым-қатынастардың жаңа түрі нақ осындай негізде құрылуы керек, - деді Грузия Президенті.


Баспасөз мәслихатының стенограммасын мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар