Жаңалықтар

19 наурыз 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті.

Кездесу барысында екі ел басшылары екіжақты стратегиялық әріптестіктің кең ауқымды мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, энергетикалық ынтымақтастықты кеңейту, уран кен орындарын бірлесіп игеру, әскери-техникалық ынтымақтастық, ғарыш кеңістігін игеру саласындағы жобаларды жүзеге асыру және энергиялық ресурстарды тасымалдау мәселелері қаралды. Тараптар жаһандық және аймақтық саясаттың негізгі мәселелері бойынша өз ұстанымдарының жақындығын атап өтті.


Келіссөздерден кейін Қазақстан мен Ресей президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин бірлескен брифинг өткізді.


- Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының зор болашағы ғылыми-техникалық кооперацияда, бірінші кезекте, «Байқоңыр» кешенін аса тиімді пайдалануда, Каспий ресурстарын игеруде айқын көрініс табады. Біздің атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастығымыз да жаңа сапалы деңгейге жетіп отыр, - деді Ресей Президенті журналистерге арналған брифингте.


- Мәңгі достық пен одақтастық туралы келісімге сәйкес, Қазақстан мен Ресей экономикада, саясатта, әскери-саяси мәселелерде ең жақын және тең құқықты көршілер болып табылады және солай қала береді. Қазақстан мен Ресей бай энергетикалық қорларға ие болғанымен, бәсекелес емес, әріптес елдер болып табылады. Оған Қазақстанның тек өткен жылдың өзінде ғана Ресей арқылы 43 миллион тонна мұнай тасымалдағаны айқын дәлел бола алады, - деп атап өтті Қазақстан Президенті.


Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинді осы жылы Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар