Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

26 қыркүйек 2006
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Америка Құрама Штаттарына келді

Бұл Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың АҚШ-қа алтыншы сапары, бірінші сапары 1992 жылдың мамыр айында болған еді. Бірінші сапарының шеңберінде АҚШ Президенті Дж.Бушпен, Мемлекеттік хатшы Дж.Бейкермен кездесулер болып, «Шеврон» компаниясымен бірлескен «Теңізшевройл» кәсіпорнын құру туралы шартқа және бірқатар басқа да құжаттарға қол қойылған болатын. 1994 жылы болған екінші сапардың нәтижесінде негізгі құжатқа – Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы Демократиялық әріптестік туралы хартияға қол қойылды. Елбасының Вашингтонға 1997 жылғы үшінші ресми сапары кезінде Н.Назарбаевтың АҚШ Президенті Б.Клинтонмен, Вице-Президент А.Гормен, Президент Әкімшілігінің қызметкерлерімен кездесуі болып өтті. Сапардың қорытындысы бойынша Каспий жағалауы мұнай-газ кен орындарын пайдалану жөніндегі Келісімге, Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Шттаттары арасындағы экономикалық әріптестік жөніндегі іс-қимыл бағдарламасына, сондай-ақ бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Сапар барысында Б.Клинтон Қазақстанды «АҚШ-тың Орталық Азиядағы стратегиялық әріптесі» деп атады. ҚР Президентінің АҚШ-қа келесі ресми сапары 1999 жылы болып өтті, онда Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Америка Құрама Штаттары Үкіметінің арасындағы Консульдық мәселелер жөніндегі ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандумға және басқа да бірқатар құжаттарға қол қойылды. Осы сапар барысында Н.Назарбаевқа Сайлау жүйелері халықаралық қорының «Демократияны алға бастырудағы зор үлесі үшін» дипломы табыс етілді. 2001 жылғы желтоқсанда Н.Назарбаевтың АҚШ-қа жұмыс сапары болды. Елбасы АҚШ Президенті Дж.Бушпен кездесті. Екі ел Президенттері онда ұзақ мерзімдік стратегиялық әріптестікті нығайту ниеті туралы айтылатын ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

 
Америка Құрама Штаттары – алғашқылардың бірі болып Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін таныған және біздің мемлекетіміздің «табыстары тарихында» маңызды роль атқарған ел. АҚШ сондай-ақ қазақстандық экономиканың ең ірі инвесторы және негізгі сауда-саттық әріптестерінің бірі болып табылады. Қазақстан экономикасына салынған американ инвестицияларының жалпы көлемі 12 миллиард доллардан асып түсті, бұл барлық шетелдік инвестициялардың үштен бір бөлігіне жуығын құрайды. Американ компаниялары инвестициялармен бірге Қазақстанға жаңа білім, инновациялар мен технологиялар әкелді. Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымының көлемі 2005 жылы 2004 жылғымен салыстырғанда екі еседен астам артты, сөйтіп екі миллиардқа (1,87 млрд.долларға) жуықтады. 2005 жылы АҚШ Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі табысты дамудың моделі ретінде таныды. Вашингтон Қазақстанды өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздіктің шешуші факторы ретінде бағалайды. Бүгінгі күні қазақстан-американ қатынастары жаңа сапаға ие болып отыр. АҚШ Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі болашағы зор, стратегиялық әріптес деп біледі.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар