Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

12 қараша 2010
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы Шарт Ұйымының бас хатшысы Николай Бордюжаны қабылдады.
011

Н.Бордюжа Президентке биылғы жылғы 10 желтоқсанда Мәскеуде өтетін ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік Кеңесінің отырысына әзірлік барысы туралы айтты.

Кездесу барысында Н.Бордюжа Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына жоғары баға берді.

-  Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы ортақ таңданысты тудырады, - деді Н.Бордюжа.

Кездесуден кейін журналистерге арналған брифингте Н.Бордюжа биылғы жыл ЕҚЫҰ үшін серпінді жыл болғанын атап өтті.

- Бұл Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы аясында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты өте маңызды іс-шараларды көптеп өткізуіне байланысты болды. Сонымен қатар, бұл осы төрағалық аясында өте өткір мәселелер қозғалғанына және олардың шешілуінде қарқын барлығына байланысты болып отыр. Алайда, ең басты көрсеткіш – ол алдағы уақытта 11 жылғы үзілістен кейін өтетін ЕҚЫҰ-ның саммиті. Оның үстіне, бұл саммит ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің көптеген мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін болады. Бұл – серпіліс, - деді ҰҚШҰ-ның бас хатшысы.

Сондай-ақ Н.Бордюжа Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің кеңістігіндегі қауіпсіздік жүйесіне тиісінше ықпал ететініне тоқталып өтті.

- Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезеңінде Қырғыз Республикасындағы оқиғалар болып өтті және Қазақстанның төрағалығымен Қырғызстандағы проблемалар шешімін тапты. Мұның маңыздылығы сонда, ЕҚЫҰ өз жұмысы аясында алғаш рет өз қызметін ҰҚШҰ-мен және өзге де халықаралық құрылымдармен үйлестіре алды. Біздің өкілдеріміз Қырғызстандағы қайғылы оқиғалар барысында қырғыз халқына көмек көрсету үшін тұрақты түрде кездесулер өткізді, өздерінің сараптамалары бойынша ақпараттар алмасты, ең тиімді шараларды талқылады. Бұл өте маңызды әрі нәтижелі болды, - деді Н.Бордюжа.

ҰҚШҰ-ның бас хатшысы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезеңінде бес халықаралық ұйымдардың – БҰҰ, ЕҚЫҰ, НАТО, ҰҚШҰ және ТМД-ның жоғары лауазымды тұлғаларының кездесулері бірінші рет өткізілгенін атап көрсетті.

- ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммиті аясында осы бес ұйымның лауазымды тұлғаларының екінші кездесуі өткізілмекші. Ал, бұл қауіпсіздік мәселелеріне мамандандырылған халықаралық ұйымдардың қызметін үйлестіру оңалып келе жатқандығын көрсетеді, - деді өз сөзінде Н.Бордюжа.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар