Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

23 қараша 2010
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңадан тағайындалған Қазақстан Республикасындағы елшілерден сенім грамоталарын қабылдады.

Президентке сенім грамоталарын Төтенше және өкілетті елшілер: Сауд Арабиясы Корольдігінен - Абдульмажид Хаким, Жапониядан – Юдзо Харада, Иордания Хашимиттік Корольдігінен – Слайман Абдельфат Слайман Арабиат, Литва Республикасынан – Рокас Бернотас, Венгрия Республикасынан – Имре Ласлоцки тапсырды.

Сенім грамоталарын тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде, Нұрсұлтан Назарбаев жаңадан тағайындалған елшілер өз қызметтеріне Астанада өтетін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммиті қарсаңында ресми түрде кірісіп отырғанын атап өтті. «Беделді Ұйымның тарихына елеулі оқиға ретінде енетін форум – Қазақстанның жыл бойғы жұмысының қорытындысы болады. Осыдан 11 жыл бұрын Стамбұлда өткен жоғары деңгейдегі келелі басқосу жаңа ғасырда тұңғыш рет Қазақстан елордасында өткізіледі. Алқалы жиында Еуропа, Азия және Америкадағы 56 мемлекеттің басшылары мен 50-ден астам халықаралық ұйымның жетекшілері бас қосады», деп Елбасы өз сөзінде.

Ал 2011 жылы Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық жасайтын болады.

Осы орайда, Президент «Мұсылман әлемімен қатынастарды жандандыру – Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым міндеттерінің бірі. Соның бір айғағы ретінде, соңғы жылдары біздің Иорданиямен өзара  ынтымақтастығымыз қарқынды дамуда», деді.

Қазақстан араб және мұсылман әлемінде маңызды рөл атқаратын Сауд Арабиясымен ынтымақтастықты жандандыруға жіті көңіл бөледі. Президент орайлы сәтті пайдаланып, осы елдің жаңадан тағайындалған елшісіне Король Абдалла бен Әбділ Әзізге қолайлы уақытта ресми сапармен Қазақстанға келіп қайту жөніндегі шақыруын жеткізуді сұрады.

Мемлекет басшысы «Жапония – Қазақстанның Азиядағы маңызды әріптестерінің бірі. Біз Токионың «Орталық Азия + Жапония» диалогын қалыптастыру жөніндегі бастамасын жоғары бағалаймыз», деп тоқталып өтті. Инвестициялық және технологиялық салалар, ядролық энергияны бейбіт мақсаттарда пайдалану және экология саласы - Қазақстан-Жапония ынтымақтастығының негізгі бағыттары болып табылады.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Литва Республикасымен қарым-қатынастарды дамытуға мүдделі екенін айтты. Қазіргі уақытта екі ел арасында әртүрлі деңгейдегі екі жақты диалог орныққан. Екі елдің парламенттерінде достық және ынтымақтастық топтары құрылған.

Президент сондай-ақ Қазақстан Венгрия Республикасымен жан-жақты өзара ынтымақтастықты алдағы уақытта да дамытуға дайын екенін жеткізді.

Журналистерге арналған брифингте жаңадан тағайындалған елшілер өз елдерінің Қазақстанмен сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту үшін барлық күш-жігерін салатындығын атап көрсетті.

Сауд Арабиясы Корольдігінің елшісі Абдульмажид Хаким Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына жоғары баға берді.

- Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы – бұл осындай жас ел үшін үлкен жетістік, әрине, біз Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитінің отырысына қатысамыз. Сондай-ақ Сауд Арабиясы Корольдігі Қазақстанға оның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығы кезінде қолдау көрсететін болады, өйткені Қазақстан осы Ұйымның ең маңызды мүшесінің бірі болып табылады, - деді Абдульмажид Хаким.

Жапония елшісі де Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына жоғары баға бере отырып, бұл төрағалық – Қазақстанның халықаралық аренадағы зор беделінің куәсі екеніне тоқталды.

- Жапония Қазақстанмен екі жақты қарым-қатынастарды дамытуға үлкен мән береді, - деді Ю.Харада.

Иордания Хашимиттік Корольдігінің елшісі екі елдің арасында тығыз және достық екі жақты қарым-қатынастар ораныққанын айтты. Оған жоғары деңгейдегі қарқынды диалогтар дәлел бола алады. Соңғы үш жыл ішінде Иордания Королі Қазақстанға үш рет ресми сапармен келді. Қазақстан Президенті Иордания Хашимиттік Корольдігіне екі рет ресми сапар жасады.

- Бүгін мен тарихи тұлға, аса мәртебелі Назарбаев мырзаға, сенім грамотасын тапсырдым. Маған ерекше миссия жүктелді, біздің сыртқы істер министрі маған елшілікті Алматыдан елордаға көшіруді тапсырды. Біріншіден, біз ЕҚЫҰ аясында белсенді жұмыс істейміз, Литва Қазақстаннан төрағалық тізгінін қабылдап алады әрі келесі жылы осы Ұйымның төрағасы болады. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде ЕҚЫҰ-ға мүше елдер күткеннен де үлкен істер атқарды. Ауғанстандағы күрделі мәселені қоса алғанда, Орта Азияның проблемалары мен мүмкіндіктеріне назар аударылды. Әсіресе, Қырғызстандағы ахуалды реттеуге Қазақстанның үлкен үлес қосқанын ерекше атап өтпекпін, - деді Литва Республикасының елшісі Рокас Бернотас.

Венгрия Республикасының елшісі Имре Ласлоцки Венгрия Қазақстанды Орталық Азиядағы экономикасы ең мықты және саяси жағынан тұрақты ел санайтынын атап өтті. Ол сондай-ақ Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына жоғары баға берді.

- 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап Венгрия Еуропалық Одаққа төраға болады. Мен біздің еліміз Қазақстан мен ЕО арасын байланыстыратын звено болуы үшін күш-жігерімді салатын боламын, - деді И.Ласлоцки.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар