Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

11 маусым 2009
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қостанай облысына келді.
big-55.jpg

Қостанайда Елбасы «Наурыз» жаңа ықшамауданының құрылысы барысымен танысып, онда орналасқан балабақшаны аралап көрді.


Мектепке дейінгі тәрбие беретін мекеме 140 балаға есептелген, интерактивті тақтамен және 10 ноутбугі бар лингафондық мультимедиалық кешенмен жабдықталған. Маңайы толық көгалдандырылып, ойын алаңымен жарақталған балабақшада бүлдіршіндердің таза ауада серуендеп, түрлі ойындар ойнауына барлық мүмкіндіктер жасалған.


Осыдан кейін Н.Назарбаев Рудный қаласына барды. Мұнда ол «Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі» акционерлік қоғамының салынып жатқан металл қақтамалары зауытын аралап көрді және кәсіпорынға қарасты Жылу-электр орталығының жаңа энергоблогын іске қосу рәсіміне қатысты.


Салтанатты рәсімге қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы баяндады.


Ел Үкіметінің алдына әлемдік дағдарыстан туындаған ағымдағы мәселелерді шешумен қатар, дағдарыстан кейінгі экономиканы жаңартудың жаңа жоспарын іске асыру, әкімдермен бірлесіп 2010-2020 жылдарға арналған Қазақстанды индустрияландыру картасын әзірлеу міндеттері қойылып отыр. Бұл карта аймақтардың ресурстық базасы мен инфрақұрылымды дамытумен байланыста өндіріс қуаттылығын ұтымды орналастырудың сызбасын қамтитын болады.


Металлургияны дамыту басым бағыттардың бірі болмақ. Бұл салада еліміз бойынша 26 жоба жүзеге асырылып жатыр.


Нұрсұлтан Назарбаев қиындықтарға қарамастан, мемлекет бұдан бұрын жауапкершілік алған барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындайтынын мәлімдеді.


Өз кезегінде «Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі» акционерлік қоғамының жұмысшылары Президентке саланы одан әрі нығайту мен дамытуда көрсеткен қолдауы және ерекше ықыласы үшін алғыстарын білдірді.


Мемлекет басшысы бірлестік ұжымына және Қостанай облысының барша тұрғындарына денсаулық пен табыстар тіледі.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар