Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

25 ақпан 2009
Мемлекет басшысы Премьер-Министрдің, Үкіметтің, Ұлттық банктің және «Самұрық-Қазына» қорының қаржы блогы басшыларының қатысуымен жұмыс кеңесін өткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің 2009-2011 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы бағдарламасының, атап айтқанда, оның әрбір бес бағыты – қаржы секторын, құрылыс саласын, шағын және орта бизнесті, агроөнеркәсіп кешенін, сондай-ақ инновациялық-индустриялық дамуды қолдауды жүзеге асыру барысы туралы есептерді тыңдады.


Президентке Ұлттық қордан қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бөлінген 4 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі қаражаттың екінші деңгейлі банктерге аударылғаны туралы баяндалды. Мемлекет басшысы ол ақшаның мүмкіндігінше делдалдардың аз қатысуынсыз қарыз алушыларға жетуі тиіс екенін тағы бір атап көрсетті.


Президент отандық өнім өндірушілерді қолдау қажеттігіне, атап айтқанда, оларға мемлекеттік сатып алуда басымдық беру, сондай-ақ шетелдік компаниялармен бірлескен жобалардағы қазақстандық сапаны арттыру арқылы жәрдемдесуге айрықша назар аударды. Премьер-министрдің орынбасары Ө.Шөкеевке және «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Қ.Келімбетовке аталған мәселені жеке бақылауға алу тапсырылды.


Мемлекет басшысы сондай-ақ отандық және Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік кәсіпорындардағы жұмыссыздықтың өсуін және жұмыс орындарының қысқаруын болдырмауға бағытталған бірқатар тапсырмалар берді.


Кеңесте ауыл шаруашылығын қолдау мәселесіне үлкен көңіл бөлінді. Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылық шикізаттарын өңдеушілердің қаржы айналымына мұқтаждығын жедел қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.


Үкіметтің үлестік құрылыс проблемасын шешу жөніндегі қызметінің нәтижелері туралы есебін тыңдаған Президент бұл бағыттағы жұмысты күшейте түсуді тапсырды.


Мемлекет басшысы шағын және орта кәсіпкерлікке тексеріс жасауға мораторий жарияланғанына қарамастан, ағымдағы жағдайда бюджеттің кіріс бөлігін орындау мәселесі айрықша маңызды екендігіне баса назар аударды.


Президент дағдарысты еңсеру кезінде республикалық және жергілікті бюджеттердің мейлінше үнемді болуы тиіс екендігін айта келе, орталық және жергілікті атқарушы органдардың шығындарын қысқарту, сондай-ақ түрлі даталарға арналған ауқымды шаралардың санын азайту қажеттігін атап көрсетті.


Н.Назарбаев теңгенің одан арғы девальвациясы немесе деноминациялануы туралы және қандай да бір банктердің лицензиясын жою жөніндегі алып-қашпа әңгімелерді жоққа шығарды. Ол мұндай түбегейлі қадамдар жасауға ешқандай алғышарттардың жоқтығын атап өтті.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар