Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

14 желтоқсан 2011
Мемлекет басшысының атына Қазақстан жұршылығынан ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты құттықтаулар толассыз келіп түсуде.

Хат иелері еліміздің 20 жылда жеткен жетістіктерін Ұлт Көшбасшысы, Қазақстан мемлекеттілігінің негізін құрушы, әлемдік деңгейдегі көрнекті қайраткер, Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың есімімен тығыз байланыстырады.

Осындай мазмұндағы хат Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданының жұртшылығынан келді. Хатта: «Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізді қасиетті Отанымыздың Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Тәуелсіздік теңдессіз бақыт екендігін және оны баянды ету жолында ғасырларға тең қысқа уақыт ішінде орасан қызмет атқарғаныңызды біз, Шардара халқы, ерекше бағалаймыз әрі қастерлейміз. Бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікті жариялап, жаңа тұрпатты, тәуелсіз, жас мемлекеттің іргетасын қалап, әлем мойындаған елдердің қатарына қосу Сіздің қолыңыздан келгенін әрдайым мақтан етеміз. Тәуелсіздіктің 20 жылдығын біздің еліміз көтеріңкі көңілмен, айтулы жетістіктермен, береке, молшылықпен, ең бастысы, ынтымақ, бірлікпен қарсы алып отыр. Сіздің басшылығыңызбен Қазақ елі талай сыннан сүрінбей өтті, алда да сүрінбей өтіп, одан әрі өркендей береді деп сенеміз», - делінген хатта. Ұжымдық хатқа соғыс және еңбек ардагерлері, ауданның құрметті азаматтары, зейнеткерлер, ардақты аналар, ұстаздар, жеке кәсіпкерлер, еңбеккерлер, шаруашылық жетекшілері мен ұжымдардың басшылары, т.б. қол қойған.

Еліміздің 20 жыл ішінде қарқынды дамып, бүкіл әлемге танымал мемлекет болып қалыптасқаны Елбасының сарабдал саясатының жемісі екені Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданының тұрғыны, еңбек ардагері К.Айтқұлдың хатында атап өтілген. Ал, Орал қаласының тұрғыны, зейнеткер О.Иманғалиев Мемлекет басшысын Қазақстанның 20 жылдық мейрамымен құттықтай отырып, зор денсаулық, мол бақыт және еліміздің өркендеу жолында атқарып келе жатқан қызметіне үлкен табыстар тілеген.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевты Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен құттықтап, жүрекжарды қуаныштарын бөліскен қазақстандықтардың қатарында, сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, Батыс Қазақстан облысы, Талшық селосының тұрғыны И.Ильясов, Тараз қаласының тұрғыны, мектеп оқушысы Исабек Рахат, Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласының тұрғыны, мектеп оқушысы Ж. Шалабаева, Қарағанды облысы, Шахтинск қаласының тұрғыны П.Брянцев, Астана қаласының тұрғындары Е.Ахметов, Е.Абдрахманов бар.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар