Жаңалықтар

2 наурыз 2010
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Румыния Президенті Траян Басескумен кездесті.
02.03.10

Ақордадағы ресми рәсімнен кейін шағын және кең құрамда келіссөздер өтті. Нұрсұлтан Назарбаев пен Траян Басеску сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қазақстан-румын ынтымақтастығын тереңдетуде кең көлемді мәселелерді талқылады.

Мемлекет басшылары екіжақты қарым-қатынастар сындарлы тұрғыда және үдемелі дамумен сипатталатынын атап өтті. Жоғары деңгейдегі сенімді диалог жіті қолдау табуда. Қазақстан мен Румыния арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін жағдайды қамтамасыз ететін келісім-құқықтық база қалыптасуда. Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия табысты жұмыс істеуде. Парламентаралық байланыстар жолға қойылған.

Румыния басшылығы саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы Қазақстанның жетістігін жағымды бағалайды және біздің елімізді Орталық Азиядағы негізгі серіктесі ретінде қарастырады. Бухарест Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығын қолдайды.

- Біз Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығы табысты болады деп сенеміз. Сондықтан Қазақстанның  ЕҚЫҰ-на төрағалығына қалай қолдау көрсетсек, Астанада ЕҚЫҰ саммитін өткізу жөніндегі қазақстандық бастаманы да дәл солай қолдаймыз, - деді Румыния Президенті.  

Халықаралық аренадағы ынтымақтастықты талқылау келіссөздердің негізгі тақырыбына айналды. Қазақстан мен Румыния Президенттері жаһандық және өңірлік саясат, Ауғанстан мен Иракта жағдайды тұрақтандыру, халықаралық терроризммен күрес, ядролық қарусыздану мен оны таратпау және өзге өзекті мәселелер жөнінде екі елдің ұстанымы ұқсас екенін атап өтті.

Н.Назарбаев Румыния Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы жетекші серіктесі болып табылатынын атап өтті. 2009 жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 878 миллион долларды құрады. Қазақстанда румыниялықтардың қатысуымен, геологиялық барлау, мұнай мен газ өңдеу, ЖЭК үшін жабдықтар жеткізу, құрылыс және сауда салаларымен айналысатын 35 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Румынияда құрылыс, электротехника, алтын өңдеу өнеркәсібі, сауда, жиһаз, киім-кешек, аяқ киім және дәрі-дәрмек салаларында жұмыс істейтін 11 румын-қазақстандық кәсіпорын тіркелген.

Н.Назарбаев румындық кәсіпкерлерді Қазақстанды индустрияландыруға қатысуға шақырды.  

Келіссөздер барысында ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары энергетика, ауыл шаруашылығы, туризм және өзге салалар болып табылатыны атап өтілді. Мұнайгаз саласындағы қазақстан-румыния ынтымақтастығы ерекше мәнге ие. «ҚазМұнайГаз» ҰК-ның «Ромпетрол групп» холдингісінің 100 пайыз акциясын сатып алуы Қазақстанның Еуропалық Одақтағы алғашқы ірі инвестициялық жобасы болып саналады. Қазақстандық инвестиция көлемі 3,5 миллиард долларды құрайды. Осы жобаны іске асырудың арқасында Қазақстан Румынияға жетекші мұнай тасымалдаушыға айналды, яғни осы елге 30 пайызға жуық мұнай тасымалдау қамтамасыз етіледі.

Президенттер ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын, атап айтқанда, Румынияға қазақстандық энергияны жеткізу тасымалының бағыттарын дамыту мәселесін талқылады.

Бұдан басқа, қазақстандық тарап Еуропалық Одаққа көмірстуегі, астық және өзге жүктердің тасымалдануы үшін румындық көлік инфрақұрылымын пайдалануға қызығушылық танытты.

Келіссөздер қорытындысы бойынша сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды кеңейтуге бағытталған үкіметаралық келісімдерге қол қойылды. Соның ішінде, экономикалық ынтымақтастық туралы, өзара инвестицияны ынталандыру және қорғау туралы, Қазақстанның Әділет министрлігі мен Румынияның Әділет министрлігі және азаматтар бостандығы министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы, туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге, сондай-ақ ҚР Статистика агенттігі мен Румынияның Ұлттық статистикалық институты арасындағы өзара түсіністік және статистика саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Келіссөздерден кейін Президенттер бірлескен баспасөз конференциясын өткізді.

Румын журналисінің «Констанца-Триест» мұнай құбырын пайдалану перспективасы туралы сұрағына жауап бере келе, Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі ірі кен орны «Қашағанды» игеру арқылы Қазақстан жылына 50 миллион тоннаға дейін қосымша мұнай өндіретініне назар аударды. Осыған байланысты «кавказдық дәліз» арқылы көмірсутегіні тасымалдаудың жаңа бағытын құру: яғни, Қазақстаннан Каспий теңізі арқылы Бакуге, Грузия мен Қара теңіз арқылы танкермен Румынияға мұнай тасымалдау перспективасы ұсынылады.

- Сонда «Констанца-Триест» жобасы бізге қажет болады. Біз«Констанца-Триестке» шығу үшін Каспий мен Қара теңіз арқылы жаңа мұнай құбырын салуға жұмыс істеуіміз керек және Дунай арқылы Еуропаның өзге елдеріне шығуға мүмкіндік тумақ. Сондықтан бізде қызығушылық бар және біз мұнай компанияларына тиісті тапсырма бердік, - деді Н.Назарбаев.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар