National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Құқықтық актiлер


Жарлықтар

Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің кейбір мәселелері туралы

2020 жылғы 06 қазан

«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-1-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 8 қыркүйектегі № 407 Жарлығына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

  1. Қоса беріліп отырған:

1) Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) туралы ереже;

2) Агенттіктің құрылымы;

3) Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

  1. Агенттікке Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің тауар биржалары саласындағы қызметті мемлекеттік бақылауды және лицензиялауды жүзеге асыру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері берілсін.
  2. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
  3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

       5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

 

Қазақстан Республикасының

       Президенті                                                                               Қ.Тоқаев
 
 
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2020  жылғы 5 қазан
 
№428

 

 

 

Қазақстан Республикасы Президентінің

        2020 жылғы 5 қазандағы 

№ 428 Жарлығымен

БЕКІТІЛГЕН

 

 

Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі туралы

ЕРЕЖЕ

1-тарау. Жалпы ережелер

  1. Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, бәсекелестiктi қорғау және монополистік қызметтi шектеу саласында басшылықты, мемлекеттік монополия саласына жатқызылған қызметті бақылау мен реттеуді, сондай-ақ тауар биржалары саласындағы қызметті мемлекеттік бақылауды және лицензиялауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.
  2. Агенттіктің облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада аумақтық бөлімшелері болады.
  3. Агенттік өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
  4. Агенттік мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
  5. Агенттік азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
  6. Агенттіктің, егер оған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
  7. Агенттік өз құзыретіндегі мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Агенттік төрағасының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
  8. Агенттіктің құрылымы мен жалпы штат санын Агенттік төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.  
  9.  Агенттіктің заңды мекенжайы: Қазақстан Республикасы, 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, «Есіл» ауданы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8, «Министрліктер үйі» әкімшілік ғимараты, 1- кіреберіс.
  10. Агенттіктің толық атауы – «Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі» мемлекеттік мекемесі.
  11. Осы Ереже Агенттіктің құрылтай құжаты болып табылады.
  12. Агенттіктің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
  13. Агенттіктің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында Агенттіктің кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастарға түсуіне тыйым салынады.

Егер заңнамалық актілерде Агенттікке кіріс әкелетін қызмет жүзеге асыруға құқық берілсе, онда сондай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджет кірісіне жолданады.

 

2-тарау. Агенттіктің миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

  1. Агенттіктің миссиясы: бәсекелестікті қорғау және дамыту, монополистік қызметті шектеу және жосықсыз бәсекелестікке жол бермеу арқылы нарық субъектілері үшін тең жағдайлар жасау.
  2. Міндеттері:

1) нарық субъектілерінің экономикалық тиімділігін және бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

2) адал бәсекелестікті дамытуға жәрдемдесу;

3) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және тергеп-тексеру, жолын кесу;

4) экономикалық шоғырлануды реттеу;

5) бәсекелестікті шектейтін нарық субъектілерін монополиясыздандыру.

  1. Функциялары:

1) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласында мемлекеттік саясатты іске асыру;

2) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласындағы мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарды салааралық үйлестіруді жүзеге асыру;

3) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтасу;

4) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

5) мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдардың бәсекелестікті шектеуге және (немесе) жоюға бағытталған актілерінің, әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) жолын кесу;

6) экономикалық шоғырлануға келісім алу туралы өтінішхаттарды қарау;

7) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасында көзделген бұзушылықтарды қоспағанда, тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдаланудың алдын алу және оны жою;

8) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу шеңберінде табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің міндетті қызметтерді көрсету қағидаларын әзірлеу және бекіту;

9) нарық  субъектілерінің  бәсекелестікке  қарсы  келісімдерін  және келісілген әрекеттерін, жосықсыз бәсекелестікті болғызбау және олардың жолын кесу;

10) бәсекелестікті қорғау, монополистік қызметті шектеу және тауар нарықтарының жұмыс істеуі саласындағы нормативтік құқықтық актілерді келісу;

11) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының нормаларын қолдану туралы ақпаратты тарату және адал бәсекелестікті насихаттау;

12) тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдау;

13) тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің қызметін талдау және мониторингтеу;

14) тауарлардың өзара алмастырылу, оларды сатып алуға қолжетімділік өлшемшарттарын, сондай-ақ тауар нарығының шекараларын айқындай отырып, тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізу әдістемесін, қаржы ұйымдарына қатысты – қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша бекіту;

15) қоғамдық маңызы бар нарықтарды талдау әдістемесін әзірлеу және бекіту;

16) мемлекеттік кәсіпорындар және акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес заңды тұлғалар құрылатын және (немесе) олар қосымша қызмет түрлерін жүзеге асыратын тауар нарықтарына зерттеп-қарау жүргізу әдістемесін, мемлекеттік кәсіпорындарға және акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі заңды тұлғаларға және олармен үлестес заңды тұлғаларға қатысты – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша әзірлеу және бекіту;

17) тауар  нарықтарындағы  экономикалық  шоғырлануды  бағалау әдістемесін әзірлеу және бекіту;

18) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша қаржы нарықтарындағы экономикалық шоғырлануды бағалау әдістемесін әзірлеу және бекіту;

19) үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі белгілеген монополиялық жоғары (төмен), монопсониялық төмен бағаны анықтау;

20) монополиялық жоғары (төмен) бағаны және монопсониялық төмен бағаны анықтау жөніндегі әдістемелерді әзірлеу және бекіту;

21) нарық  субъектілерінің,  мемлекеттік,  жергілікті  атқарушы органдардың, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдардың Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылық фактілері бойынша Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде белгіленген тәртіппен тергеп-тексеру жүргізу;

22) банктік  құпияны,  сақтандыру  құпиясын  және  бағалы  қағаздар нарығындағы коммерциялық құпияны қоспағанда, мемлекеттік органдардан, оның ішінде мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органнан, мемлекеттік кірістер органдарынан, нарық субъектілерінен, сондай-ақ лауазымды адамдардан және өзге де жеке және заңды тұлғалардан Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өкілеттіктерді жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты, оның ішінде коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен сұрату және алу;

23) нарық субъектілерінің орындауы міндетті мынадай нұсқамалар шығару:

Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің нормаларын бұзуды тоқтату және (немесе) оның салдарларын жою;

бастапқы жағдайды қалпына келтіру;

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне қайшы келетін шарттарды бұзу немесе өзгерту;

экономикалық шоғырлануды реттеу кезінде мәмілелерді бұзу немесе оларды жарамсыз деп тану арқылы олардың күшін жою қажеттілігі;

егер белгілі бір сатушылармен (өнім берушілермен) не сатып алушылармен шарт жасасудан негізсіз бас тарту немесе жалтару бұзушылық болып табылған жағдайда, өзге нарық субъектісімен шарт жасасу туралы;

24) мемлекеттік,  жергілікті  атқарушы  органдарға,  мемлекет  нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдарға Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне қайшы келетін, өздері қабылдаған актілердің күшін жою немесе оларды өзгерту, бұзушылықтарды жою, сондай-ақ өздері жасасқан келісімдер мен мәмілелерді бұзу, күшін жою немесе өзгерту және бәсекелестікті қамтамасыз етуге бағытталған әрекеттер жасау туралы орындалуы міндетті нұсқамалар енгізу;

25) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарау және әкімшілік жазалар қолдану, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтар туралы істерді қарау бойынша сотқа қатысу;

26) Қазақстан  Республикасының  бәсекелестікті  қорғау  саласындағы заңнамасының бұзылуына байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу үшін құқық қорғау органдарына материалдар жіберу;

27) Қазақстан  Республикасының  Кәсіпкерлік  кодексінде  белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Президентіне және Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне жекелеген тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйі және монополистік қызметті шектеу бойынша қабылданатын шаралар туралы жылдық есепті жіберу, сондай-ақ оны өзінің интернет-ресурсында орналастыру;

28) Қазақстан  Республикасының  Кәсіпкерлік  кодексінде  белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметіне мемлекеттік кәсіпорындарды, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды және олармен үлестес заңды тұлғаларды бәсекелес ортаға беру жөнінде ұсыныстар және мемлекеттік кәсіпорындар, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес заңды тұлғалар жүзеге асыратын қызмет түрлерінің тізбесін жаңарту жөнінде ұсыныстар жіберу;

29) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласында жүргiзілетiн мемлекеттік саясаттың ақпараттық ашықтығын қамтамасыз ету, оның ішінде тоқсан сайын, есепті айдан кейінгі айдың он бесінен кешіктірмей, бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде өзінің интернет-ресурсында өз қызметі туралы мәлiметтердi орналастыру;

30) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құқық қорғау органдарына жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу туралы  жүгіну;

31) нарық субъектісінің, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органның, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымның лауазымды адамына Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзуға алып келуі мүмкін әрекетті (әрекетсіздікті) жасауға жол бермеу туралы жазбаша нысанда алдын ала ескерту жіберу;

32) мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын ақпаратты қоспағанда, өзінің интернет-ресурсында тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдауды орналастыру;

33) нарық субъектісінің, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органның, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымның әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылық белгілерінің болуы туралы хабарламаны нарық субъектілеріне, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдарға, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдарға жіберу;

34) монополияға қарсы орган қабылдаған бәсекелестікті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерге ресми түсінік беру;

35) нарық субъектілері келісімдерінің жобаларын Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі тұрғысынан қарау қағидаларын әзірлеу және бекіту;

36) монополияға қарсы комплаенстің үлгілік сыртқы актілерін нарық субъектілері үшін әзірлеу және бекіту;

37) нарық субъектісі (нарық субъектілері) жіберетін монополияға қарсы комплаенстің сыртқы актісінің Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының нормаларына сәйкестігін анықтау;

38) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеру нәтижелері туралы ақпаратты, монополияға қарсы органның шешімдерін өзінің интернет-ресурсында орналастыру;

39) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне қайшы келетін шарттарды бұзу, өзгерту және (немесе) мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы сотқа талап қоюды беру;

40) мемлекеттік монополия саласына жатқызылған қызметті бақылауды және реттеуді жүзеге асыру;

41) мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлар бағасына сараптама жүргізу;

42) мемлекеттік монополия субъектілерінің мемлекеттік тізілімін қалыптастыру және жүргізу;

43) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде белгіленген шектеулерді мемлекеттік монополия субъектілерінің сақтауын бақылауды жүзеге асыру;

44) мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын келісу;

45) мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу қағидаларын бекіту;

46) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылық белгілерін анықтау және монополияға қарсы ден қою шараларын қабылдау мақсатында тауар нарықтарында бағаларға мониторинг жүргізу тәртібін әзірлеу және бекіту;

47) нарық субъектісінің, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымның әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылық белгілерінің бар екені туралы хабарлама беру тәртібін бекіту;

48) келісу комиссиясының Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне және өзінің құрамына қатысты Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеру нәтижелері жөніндегі қорытындының жобасын қарау бойынша әрекет ету тәртібін  Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша әзірлеу және бекіту;

49) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылық белгілерін анықтау және монополияға қарсы ден қою шараларын қабылдау мақсатында тауар нарықтарындағы бағаларды мониторингтеу;

50) тауарларды сатып алу мен сауда-саттықты өткізуді мониторингтеу;

51) жекелеген тауар нарықтарында және (немесе) жекелеген нарық субъектілерінің тауарларына (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне) мемлекеттік бағалық реттеуді енгізу;

52) құқық қорғау органдарының сұрау салулары бойынша өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының мәселелері бойынша сараптамалар жүргізу және қорытындылар беру;

53) құқық қорғау органдарының сұрау салуы бойынша тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйі туралы талдамалық ақпаратты беру;

54) мыналардың:

экономикалық шоғырландыруды жүзеге асыру туралы өтінішхаттың;

мемлекеттік кәсіпорынды, акцияларының (үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаны және олармен үлестес тұлғаларды құру туралы өтінішхаттың;

әрекеттерде (әрекетсіздікте) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылық белгілерінің болуы туралы хабарламаның нысандарын белгілеу және айқындау;

55) нұсқамаларды (өзiнiң немесе аумақтық бөлімшесінің) қайта қарау, сондай-ақ монополияға қарсы органның аумақтық бөлімшелері қабылдаған нұсқамаларды тексеру;

56) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасында белгiленген жағдайларда нарық субъектiсiн мәжбүрлеп бөлу немесе оның құрамынан құрылымдық бөлiмшелерi базасында бiр немесе бiрнеше заңды тұлғаны бөлiп шығару туралы талап қоюмен сотқа жүгiну;

57) тіркеуші органдарға мемлекеттік кәсіпорындардың, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың және олармен үлестес, монополияға қарсы органның келісімімен құрылған тұлғалардың тізбесін ұсыну;

58) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда нарық субъектілеріне мәмiлелердi (iс-қимылдарды) жүзеге асыруға, нарық субъектiлерiн, сондай-ақ жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеуге, қайта тiркеуге алдын ала жазбаша келiсiм беру;

59) мемлекеттік кәсіпорындарды, акцияларының (үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды және олармен үлестес тұлғаларды құруға келісім беру;

60) мемлекеттік кәсіпорындардың, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың және олармен үлестес, өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын тұлғалардың жүзеге асыратын қызмет түрлерін кеңейтуге және (немесе) өзгертуге келісім беру;

61) тауар биржаларының қызметі саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысу;

62) тауар биржаларының қызметін реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілерді келісу;

63) Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

64) тауар биржаларының қызметіне талдау және мониторинг жүргізу;

65) коммерциялық немесе Қазақстан Республикасының заңымен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, тауар биржаларының қызметі және биржалық сауда мәселелері жөнінде ақпарат жариялау;

66) биржалық сауданы дамыту және жетілдіру бойынша ұсыныстарды тұжырымдау;

67) Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен тауар биржалары саласындағы қызметті лицензиялау;

68) тауар биржаларының Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтауын бақылауды жүзеге асыру;

69) тауар биржалары саласындағы лицензиялардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу;

70) Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды жоспардан тыс тексеру, бақылау  субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау, сондай-ақ бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асыру;

71) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен тауар биржалары саласында әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қозғау және қарау, сондай-ақ әкімшілік  жазаларды қолдану.

17. Құқықтары мен міндеттері:

1) Қазақстан Республикасының Президентіне тиісті тауар нарықтарында бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша ұсыныстар енгізу;

2) өз құзыреті шегінде орындау үшін міндетті нормативтік құқықтық актілерді қабылдау;

3) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды аадмдарынан заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті ақпаратты және материалдарды сұрату және алу;

4) мемлекеттік кәсіпорындарды, акцияларының (үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды және олармен үлестес, өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын тұлғаларды құру туралы өтінішхаттарды қарау және шешім қабылдауға қажетті қосымша ақпараты сұрату;

5) тиісті тауар нарықтарын талдау негізінде аталған нарықтар үшін мәмілелерді жүзеге асыруға келісім қажет болатын активтер құны мен тауарлар өткізу көлемінің неғұрлым жоғары мөлшерлерін белгілеу;

6) жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қабылдау және қарау;

7) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеру жөніндегі процестік әрекеттер мен іс-шараларға қатысу;

8) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге құпияны құрайтын мәліметтерді жариялауға қойылатын талаптарды сақтай отырып, мемлекеттік органдардан, өзге ұйымдардың лауазымды адамдары мен жеке тұлғалардан Агенттікке жүктелген функцияларды жүзеге асыруға қажетті ақпаратты сұрату және алу;

9) сотқа жүгіну;

10) өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдарға олар қабылдаған, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзатын актілердің күшін жою немесе өзгерту туралы ұсыныстар енгізу;

11) прокуратура органдарына Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасына қайшы келетін материалдар мен нормативтік құқықтық актілерді жолдау;

12) өзінің өкілеттіктері мен функцияларының бір бөлігін Агенттіктің аумақтық бөлімшелеріне беру;

13) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

 

3-тарау. Агенттіктің қызметін ұйымдастыру

 

18. Агенттікке басшылықты төраға жүзеге асырады, ол Агенттікке жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз функцияларын жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

19. Агенттік төрағасын Қазақстан Республикасының Президенті  лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.

20. Агенттік төрағасының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын үш орынбасары, оның ішінде бір бірінші орынбасары болады.

21. Агенттік төрағасының өкілеттіктері:

1) Агенттіктің жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық етуді жүзеге асырады;

2) өз орынбасарларының  өкілеттіктерін айқындайды;

3) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша Агенттіктің аппарат басшысын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

4) Агенттіктің құқықтық актілеріне қол қояды, қарамағындағы қызметкерлерге нұсқаулар мен тапсырмалар береді,  Агенттіктің құзыретіне жатқызылған мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру бойынша өзге де ұйымдастырушылық-өкімдік шараларды қабылдайды;

5) Агенттіктің аумақтық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;

6) Агенттіктің аумақтық бөлімшелерінің құрылымын Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жалпы штат саны шегінде бекітеді;

7) Қазақстан Республикасының Президентіне Агенттіктің, оның аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен наградтау туралы ұсынулар енгізеді;

8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен қарым-қатынаста Агенттік атынан өкілдік етеді;

9) өзінің құзыретіне жатқызылған басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.

Агенттіктің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін атқаруды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.

22. Агенттіктің аппаратын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын аппарат басшысы басқарады.

23. Агенттіктің аппарат басшысы:

1) төрағамен келісім бойынша Агенттіктің төраға жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшелерінің басшыларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

2) төрағамен келісім бойынша Агенттіктің аумақтық бөлімшелерінің басшыларын және олардың орынбасарларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

3) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген лауазымды адамдарды қоспағанда, Агенттіктің орталық аппаратының қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

4) Агенттіктің тәртіптік және конкурстық комиссияларының қызметіне жалпы басшылық етуді жүзеге асырады;

5) Агенттік қызметкерлерінің қызметтік тәртіпті сақтауын бақылауды жүзеге асырады;

6) іссапарға жіберу, демалыстар беру, материалдық көмек көрсету, даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру, көтермелеу, еңбек қатынастары мәселелері өзінің құзыретіне жатқызылған Агенттік қызметкерлеріне үстемеақы төлеу мәселелерін шешеді;

7) еңбек қатынастары мәселелері өзінің құзыретіне жатқызылған Агенттік қызметкерлерінің тәртіптік жауапкершілігі мәселелерін шешеді;

8) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының талаптарын орындауды қамтамасыз етеді;

9) Агенттіктің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;

10) Агенттіктің және оның аумақтық бөлімшелерінің қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдастырушылық-құқықтық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

11) Агенттіктің мемлекеттік сатып алу саласына жалпы басшылық етуді жүзеге асырады, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының функциясын орындайды;

12) мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасының мониторингі мен  бақылануын ды қамтамасыз етеді;

13) Қазақстан Республикасының заңдарында және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

24. Агенттік төрағасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдауға міндетті және осы міндетті орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңында белгіленген жауаптылықта болады.

25. Агенттік төрағасының Агенттік жанынан консультативтік-кеңесші органдар құруға құқығы бар.

26. Агенттіктің алқалы басқару органы Агенттік төрағасы құратын Басқарма болып табылады.

Агенттіктің Басқармасы туралы ережені және оның құрамын Агенттіктің төрағасы бекітеді. 

27. Агенттік Басқармасының өкілеттіктері:

1) бәсекелестік саясатты қалыптастыру және дамыту саласындағы басымдықтарды айқындау;

2) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеру нәтижелері жөніндегі қорытындыларды, экономикалық шоғырлануға келісім беру туралы   өтінішхатты қарау нәтижелері жөннідегі қорытындыларды қарау қорытындысы бойынша шешімдер қабылдау;

3) жекелеген тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйі және монополистік қызметті шектеу бойынша қабылданатын шаралар туралы жыл сайынғы жылдық есепті мақұлдау;

4) Басқарманың жұмыс регламентін бекіту;

5) Басқарма туралы ережеге сәйкес Агенттіктің құзыретіне кіретін өзге де мәселелер жөніндегі шешімдерді қарау және қабылдау.

 

4-тарау. Агенттіктің мүлкі

 

28. Агенттік  Қазақстан  Республикасының  заңнамасында  көзделген жағдайларда жедел басқару құқығымен оқшауланған мүлікке ие бола алады.

Агенттіктің мүлкі мемлекет берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда), Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

 29. Агенттікке бекітіп берілген мүлік республикалық меншікке жатады.

30. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, Агенттік, өзіне бекітіп берілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетінше иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқылы емес.

 

5-тарау. Агенттікті қайта ұйымдастыру және тарату

 

31. Агенттікті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

 

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің аумақтық бөлімшелерінің тізбесі

 

         1) «Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

         2) «Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

         3) «Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

         4) «Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

         5) «Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

         6) «Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

         7) «Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

         8) «Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

         9) «Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

         10) «Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

         11) «Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

         12) «Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

         13) «Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

         14) «Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

         15) «Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

         16) «Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі;

         17) «Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі.

 

 

–––––––––––––––––––––––––

 

 

Қазақстан Республикасы Президентінің

        2020 жылғы 5 қазандағы             

№ 428  Жарлығымен

БЕКІТІЛГЕН

 

 

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің

ҚҰРЫЛЫМЫ

 

Басшылық

Төрағаның хатшылығы (Департамент)

Стратегиялық талдау департаменті

Отын-энергетика кешені департаменті

Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен департаменті

Көлік және байланыс департаменті

Қаржы нарықтары және өзге салалар департаменті

Биржалық бақылау департаменті

Экономикалық шоғырлану және мемлекеттік кәсіпорындарды бақылау департаменті

Тергеп-тексерулер департаменті 

Экономикалық интеграция басқармасы

Ішкі әкімшілендіру департаменті

Адами ресурстармен жұмыс басқармасы

Құқықтық қамтамасыз ету басқармасы

Мемлекеттік құпиялар, жұмылдыру дайындығы және ақпараттандыру басқармасы

Ішкі аудит қызметі

 

–––––––––––––––––––––––––

 

 

Қазақстан Республикасы Президентінің

        2020 жылғы 5 қазандағы 

№ 428  Жарлығымен

БЕКІТІЛГЕН

 

 

Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР

 

1. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары жүйесін одан әрі оңтайландыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 29 Жарлығында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 1, 2-құжат): 

жоғарыда аталған Жарлыққа 1-қосымша:

мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:

«

Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, соның ішінде оның аумақтық бөлімшелері

 

267

                                                                                                                 ».

2. «Мемлекеттiк билiк органдары жүйесіндегі кадр саясатының кейбiр мәселелерi туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 29 наурыздағы № 828 Жарлығында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004ж., № 17, 212-құжат):

жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік саяси қызметшілер лауазымдарының және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын және (немесе) олардың келісуімен тағайындалатын, Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша сайланатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша тағайындалатын өзге де лауазымды адамдардың тізбесі:

мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:

«

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі аппаратының басшысы

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы

 

Әкімшілік

Басшысы

 

   
 

»;

жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік саяси қызметшілерін мен өзге де лауазымды адамдарын қызметке келісу, қызметке тағайындау мен қызметтен босату тәртібі туралы ережеде:

18-тармақтың төртінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

«Ұлттық Банк Төрағасының орынбасарлары; Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасарлары; Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасарлары; «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның құрамына кіретін ұлттық даму институттары мен ұлттық компаниялар басқармаларының төрағалары; Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті аппаратының басшысы; Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі аппаратының басшысы; Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы сауда өкілі, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы сауда өкілінің орынбасарлары.».

3. «Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 24, 173-құжат):

Қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізілетін орталық мемлекеттік органдардың тізбесі:

мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:

«Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі».

4. «Мемлекеттік рәміздер және Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін кейбір мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, құқық қорғау органдарының, соттардың, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградаларының геральдикасы мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 155 Жарлығында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 55, 783-құжат):

жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін кейбір мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, құқық қорғау органдарының, соттардың, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградаларының тізбесі мен сипаттамаларында:

«Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін кейбір мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, құқық қорғау органдарының, соттардың, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградаларының тізбесі» деген 1-бөлімде:

«Төсбелгілер:» деген бөлім

мынадай мазмұндағы 1-4-тармақпен толықтырылсын:

«1-4. Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі: «Монополияға қарсы қызметтің үздігі».»;

«Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін кейбір мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, құқық қорғау органдарының, соттардың, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградаларының сипаттамалары                                          (бұдан әрі – Сипаттамалар)» деген 2-бөлімде:

мынадай мазмұндағы кіші бөліммен толықтырылсын:

«Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төсбелгісі»

«Монополияға қарсы қызметтің үздігі» (127-қосымша)

«Монополияға қарсы қызметтің үздігі» төсбелгісі диаметрі 35 мм сегіз бұрышты пішінде  болады және сары түсті металдан (латунь) жасалады.

Төсбелгінің беткі жағында шаңырақ пен қалықтаған қыран орналасқан және айналасында – «Монополияға қарсы қызметтің үздігі» деген жазу бар. Эмблема және мәтін – шығыңқы жылтырақ.

Төсбелгінің сыртқы жағында ортасында Қазақстан Республикасы шекарасының бейнесімен «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» деген жазу, жоғарғы және төменгі жағында ұлттық ою-өрнек орналасқан. Төсбелгінің сыртқы беті – күңгірт. Мәтін және ою-өрнек – шығыңқы жылтыр.

Төсбелгі құлақша мен  шығыршық арқылы көгілдір түсті қатқыл лентамен тысталған тік бұрышты тағанға жалғанады.

Төсбелгі киімге визорлы бекіткіші бар түйреуіш арқылы бекітіледі.»;

осы өзгерістер мен толықтыруларға қосымшаға сәйкес Сипаттамаларға  127-қосымшамен толықтырылсын;

жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін кейбір мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, құқық қорғау органдарының, соттардың, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградаларымен марапаттау (ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградаларынан айыру) қағидаларында:

«3. Ведомстволық наградалармен марапаттау негіздері» деген бөлімде:

мынадай мазмұндағы кіші бөліммен толықтырылсын:

«Монополияға қарсы қызметтің үздігі» төсбелгісі».

90. «Монополияға қарсы қызметтің үздігі» төсбелгісімен монополияға қарсы органды басқарған Қазақстан Республикасының азаматтары, монополияға қарсы органда кемінде 5 жыл жұмыс істеген, республикадағы монополияға қарсы қызметті дамытуға зор үлес қосқан монополияға қарсы органның қызметкерлері лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны, мінсіз мемлекеттік қызметі, ерекше маңызды және күрделі тапсырмаларды орындағаны, жемісті еңбек қызметі және жұмыстағы басқа да жетістіктері үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының монополияға қарсы қызметінің жүйесін дамытуға үлес қосқан шетелдік адамдар марапатталады.».

5. «Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы               29 желтоқсандағы № 150 Жарлығында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2015 ж., № 70-71, 520-құжат):

жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімінде:

«2. Мемлекеттік әкімшілік лауазымдар» деген тарауда:

«А» корпусы» деген бөлімнің 1-санатында:

«Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, Президентінің Іс басқармасы, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі аппараттарының басшылары, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) басшысы» деген жол мынадай редакцияда жазылсын:

«Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, Президентінің Іс басқармасы, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі, Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі аппараттарының басшылары, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) басшысы»;

«Б» корпусы» деген бөлімде:

B санаттарының тобында:

тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

«Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының аппараттары, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты), Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің аппараты, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің аппараты, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының аппараты, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет), Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі, Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі»;

В-3 санатында:

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) басқармасының (қызметтің) басшысы» деген жол мынадай редакцияда жазылсын:

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет), Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігi басқармасының (қызметтің) басшысы»;

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) басқармасының (қызметтің) басшысы» деген жолдан кейін мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:

«Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз хатшысы»;

В-4 санатында:

«Қазақстан Республикасының Президенті Іс басқарушысының, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) төрағаларының көмекшісі, кеңесшісі» деген жол мынадай редакцияда жазылсын:

«Қазақстан Республикасының Президенті Іс басқарушысының, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет), Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағаларының көмекшісі, кеңесшісі».

6. «Азаматтардың «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметіне кіруінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің   2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 151 Жарлығында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2015 ж., № 70-71, 521-құжат):

жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын арнайы біліктілік талаптарында:

3-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

 

«1) орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары; Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, Президентінің Іс басқармасы, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі, Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі аппараттарының басшылары, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) басшысы; жауапты хатшы лауазымы енгізілмеген орталық атқарушы органдар аппараттарының басшылары, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы;».

 

 

–––––––––––––––––––––––––

 

 

Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға

қосымша

Сипаттамаларға 127-қосымша

 

 

«Монополияға қарсы қызметтің үздігі» төсбелгісі

 

Нагрудный знак

 

 

 

–––––––––––––––––––––––––


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің