Бөлімдер санаты

Сөйлеген сөздер

18 сәуір 2009
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Пасха мерекесімен құттықтауы 18 04 09ж.

 

Құрметті қазақстандықтар!

Сіздерді үлкен православие мерекесі – Пасхамен шын жүректен құттықтаймын!

Пасха мерекесі өте көне замандардан бері жаңару мен қайта өрлеудің нышаны ретінде атап өтіліп келеді. Бүгін бұл салтанатты, өздерінің діни көзқарастарына қарамастан, біздің барлық азаматтарымыз Қазақстанның христиандарымен шын ниеттерімен бірге бөлісуде.

Дүние күрделі кезеңді бастан кешіп жатыр, қиындықтар біздерді де айналып өткен жоқ. Бірақ мен барлық ауырпалықтарды еңсеретінімізді білемін, өйткені қоғамымызда түрлі сенім-нанымдағылар мен ұлттар өкілдері арасында келісім және ізгі қарым-қатынас қалыптасқан.

Тереңге тамыр тартқан толеранттылық дәстүрлерінің арқасында еліміз жаһандық діндер ұнқатысуы ұйымдастырылатын орынға айналды. Үстіміздегі жылдың шілдесінде Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті үшінші съезі өтеді.

Мен Қазақстанның Православие Шіркеуіне, әмірші Мефодийге, өзге де барлық діни конфессиялар көшбасшыларына бүгінгі күрделі кезеңде адамдарды біріктіріп, қазақстандықтардың арасында сенім мен үмітті нығайтқандары, жақындарын ізгілік пен сүйіспеншілікке үндегендері үшін ризашылығымды білдіремін.

Өз кезегінде мемлекет бұдан әрі қарай да барлық конфессиялардың дамуы үшін жағдай туғызып, діни сенім-наным мен діни бірлестіктердің бостандығын қамтамасыз ететін болады.

Барлық азаматтастарымның үйлеріне тыныштық пен игілік, отбасыларына молшылық, Отанымызға өсіп-өркендеу тілеймін.


Астана, 18 сәуір 2009 жыл.


Барлық сөйлеген сөздер
 
Басқа мәлімдемелер мен құттықтаулар
Барлық мәлімдемелер мен құттықтаулар