Мемлекет басшысының 2008 жылғы 1 шілдедегі №625 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңесі (бұдан әрі – Кеңес) құрылды және оның дербес құрамы бекітілді.
Кеңестің негізгі міндеттері:
жастарға қатысты кешенді мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын анықтау, оны қалыптастыру және іске асыру жөнінде ұсынымдар тұжырымдау;
Қазақстан Республикасының Президентін жастар арасындағы ахуал туралы хабардар етіп отыру;
мемлекеттік жастар саясатын іске асыру тиімділігіне талдау жасау;
мемлекет саясатының жастарға қатысты өзге де маңызды мәселелерін талқылау болып табылады.
Кеңестің функциялары:
Мемлекет басшысына мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
жастар саясаты мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қарап, талқылайды, Қазақстан Республикасы Президентінің жастар мәселелері жөніндегі ресми құжаттарын дайындауға қатысады;
мемлекеттік органдардың, жұртшылықтың, үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін елдің жастар саясаты саласын қозғайтын мәселелерін талқылауға тартады;
жастармен жұмыс барысында туындаған мәселелерді шешуде орталық және жергілікті атқарушы органдарға консультативтік көмек көрсетеді;
белгіленген тәртіппен мемлекеттік билік органдарымен, үкіметтік емес ұйымдармен, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасайды;
жастар саясаты мәселелері бойынша халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықта болады.
Кеңес негізгі міндеттерін іске асыру үшін мыналарға құқылы:
1) Кеңес құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдардан және лауазымды тұлғалардан қажетті ақпаратты, құжаттарды, өзге де материалдар мен мәліметтерді сұратуға және алуға;
2) өз отырыстарында орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының жастар саясаты мәселелері жөніндегі ақпаратын тыңдауға;
3) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жастар саясаты мәселелері жөніндегі жұмысын зерделеуге, талдауға, қорытындысын жинақтауға; осы мақсатта орталық және жергілікті атқарушы органдардың, шығармашылық, ғылыми ұйымдардың және оқу орындарының мамандарын тартуға;
4) ғылыми мекемелердің, білім беру ұйымдарының және үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдық негізде жұмыс істейтін өкілдерінен:
сараптау-талдау жұмысын жүргізу үшін сарапшылар кеңесін;
Кеңес құзыретіне кіретін жекелеген мәселелерді қарау үшін жұмыс топтарын құруға;
5) жастар саясатын іске асыруға байланысты мәселелерді талқылау үшін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің, сондай-ақ өзге де мемлекеттердің ұқсас құрылымдарымен ынтымақтастықта болуға.
Кеңес қызметін ұйымдастыру:
Кеңестің құрамын Қазақстан Республикасының Вице-Президенті бекітеді.
Кеңес оның жұмысына қоғамдық негізде қатысатын төрағадан, хатшыдан және Кеңес мүшелерінен тұрады.
Қазақстан Республикасының Вице-Президенті Кеңестің төрағасы болып табылады.
Кеңес құрамы орталық мемлекеттік органдардың, республикалық және өңірлік деңгейдегі азаматтық қоғам институттары мен қоғам өкілдері қатарынан құрылады. Кеңестің құрамы оның мүшелерін ротациялау арқылы жаңартылады.
Кеңес отырыстарын оның төрағасы қажеттігіне қарай, бірақ кем дегенде жылына бір рет шақырады. Кеңес отырыстары оның мүшелерінің кемінде жартысы қатысқанда, құқықтық күші бар саналады.
Кеңес шешімдері оның отырысына қатысқандар санының кемінде үштен екісінің дауысымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
Төрағаның шешімі бойынша Кеңес отырыстарына Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың Кеңес құрамына кірмейтін өкілдері, ғалымдар мен тәуелсіз сарапшылар шақырыла алады. Кеңес отырысына шақырылған адамдар дауыс беруге қатыспайды.
Кеңес шешімдері Төраға қол қоятын хаттамамен ресімделеді, ол мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жіберіледі.
Кеңестің жұмыс органы жастар саясаты мәселелері жөніндегі уәкілетті орган болып табылады, ол Кеңестің қызметін ақпараттық-талдау және материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз етеді.