Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Энергетикалық кеңес Қазақстан Республикасында энергетика саласын орнықты және тиімді дамыту мақсатында құрылады. Кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады. Кеңестің негізгі міндеті: 1. Қазақстан Республикасының энергетика саласын дамытудың стратегиялық бағыттары бойынша ұсыныстар тұжырымдау; 2. Қазақстан Республикасының аса ірі мұнай-газ кен орындарында жұмыс істейтін шетелдік әріптестермен өзара іс-қимыл жасау бойынша ұсыныстар тұжырымдау болып табылады. Кеңестің қызметі Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 14 наурыздағы № 285 «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Энергетикалық кеңес туралы» Жарлығымен реттеледі.